Имам: Алматыда ұсталған азаматтың қалтасынан табылған жазба салафилерге тиесілі
2016 ж. 19 шілде
2940
3
Алматыда ұсталған азаматтың қалтасынан табылған жазба салафилерге тиесілі екенін маңғыстаулық имам айтып отыр деп хабарлайды Skifnews.kz порталы.
АЛМАТЫДА ҰСТАЛҒАН АЗАМАТТЫҢ ҚАЛТАСЫНАН ТАБЫЛҒАН ЖАЗБА. ФОТО ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕН АЛЫНДЫ
«Алматыдағы террорлық әрекетті жасағандар сәләфиттер екені тағы дәлелденді. Сәләфиттер өздерін судан таза, сүттен ақпыз, террорлық әрекетті жасайтындар тәкфирлер деп, тәкфирлерді жамандауға кіріседі. Ал, ұсталған жігіттің қалтасынан шыққан қағазда Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб негізін қалаған уаһһаби, сәләфи ағымының ақидасы бойынша кәлиманың 7 шарты жазылған. Сәләфилер сол шарттарға сәйкеспеген адамды мұсылман санамай кәпірге, адасқанға шығарады. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадисінде мұндай 7 шарт жоқ және ешбір жанға исламды қабылдар кезінде мұндай талап қоймағанын білеміз. Әһлу сүннет сенімі бойынша Лә иләһә иллалаһ Мухаммадур расулуллаһ деген адам мұсылман саналады. Сол қағаз лаңкес жігіттің сәләфи екеніне нақты дәлел деп санаймын. Бұған сәләфилер не уәж айтар екен?», - дейді имам өз сөзінде.
Айта кетсек, мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында ҰҚК төрағасы Владимир Жұмақанов Алматыдағы лаңкестікті жасаған Қызылорда облысының тумасы Куликбаев Руслан Алпысұлы екенін айтты. Күдікті бұған дейін екі рет сотталған және түрмеде салафизм ұстанушыларымен тығыз байланыста болған дейді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы.
Ал, Алматы қалалық ІІД баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек болса аталған терактінің артында салафилер тұр деп айту әлі ертерек деген болатын.