ТЕРАКТІГЕ КЕРІ АКТ – ТЕРІС АҒЫМДАРДЫ ТЕГІС ЖОЮ КЕРЕК!

Ешкімнің атағына да, сақалына да қарамай, қатаң тосқауыл қоятын заң қабылдауға тиіспіз!

Алматы Атыс 4 Жарылғыш минаны жасырып қойғаннан, ол жарылмай қалмайды... Мен бұл сөзді осыдан оншақты  жыл бұрын заңды төріне  отыра алмай  келе жатқан Тіл дауына байланысты  жазған едім.... Енді Дін туралы да осы сөзімді қайталауға тура келіп тұр өкінішке орай... Иә, бүгін, 18 шілде күні Алматыда елді дүрліктерген қанды оқиға болды!..   Айта беретін атышулы террорлық атыс Алматының қақ ортасына да келді!.. Бұрын интернет пен телеарналардан көретін террорлық әрекеттерді бүгінде қазақстандықтар да өз көздерімен көруге мәжбүр болып келеді! Алматыда бірнеше жерде қанішер мен полицейлер  арасында канқұйлы атыс болды. Үш полиция қызметкері мен екі тұрғын қаза тапты. Ауыр жараланғандар - 7, олар  аурухананың жансақтау бөлмесінде жатыр. Түнде бір жеңіл жүрісті әйелді өлтірген, күндіз полиция  басқармасына шабуыл жасап, полиция қызметкерлерін бытырлатып атып тастап,  тіпті олардың бірін тегін такси етіп мініп алған, көшеде емін-еркін автоматпен тайраңдап жүрген қылмыскер бүкіл Алматыны бір өзі  бір сағаттай бір уысында ұстады...  Бес адамды өлтіріп, тіпті, атынан ат үркетін Ұлттық Қауіпсіздік комитеті департаментіне барып, ойран салған...   Егер қылмыскер біреу емес, екі-үшеу немесе оншақты болса, не болмақ? Ойлаудың өзі қорқынышты ғой... Қолына автомат ұстаған қандықол қылмыскер Алматының көшесінде емін еркін сайран салғанын әлеуметтік желілерде қаптап жүрген видеолардан көріп, куә болдық. Алматыдағы 5-6 жерде  болған ойранды көріп, бір рота ДАИШ содырлары келіп қалды ма  десек, бір-ақ адам екен...  Сонда біздің  санынан жер қайысатын полициямыз  жұртты шулатып, қырып жүрген бір қарақшыны  сонша жерде сайрандатып қойып, сонша уақыт қолға түсіре алмай не бітірген?..  Жерін қорғауға митингіге шығатын азаматтардың не ойлағанын күні бұрын біліп қойып,  үйінен шықпай жатып, бас салатындар неге қылмыскерді көшеде есіртіп қойған? Ақыры не болды?  Бес адамның өмірі жазықсыз қиылды!  Артында аңырап, ата-анасы, жары, бала-шағасы қалды...  Қандықол қылмыскермен атыста соңғы деміне дейін айқасып, шейіт  кеткен  полиция қызметкерлерінің иманы салауат болсын деп, отбасыларына көңіл айтамыз. қасымов қ Біздің бір түсінбейтініміз, бас полицей - Ішкі істер министрі Қ.Қасымов суық хабарды ести сала Алматыға суыт ұшып келмей, Президент өткізген кешке таманғы  Қауіпсіздік Кеңесі жиынына дейін Астананы айналшықтап жүрген бе сонда? Президент Қауіпсіздік Кеңесінде: "Сен өзің де бар!"-демесе, қашан келмекші болғанын  тіпті түсінбей қалдық.. ҚР Президенті Н.Назарбаев Алматыдағы оқиғаны "террорлық акт" деп атады.  Әрине, бұл қандықол қылмыскер елімізде есіріп алған теріс діни ағымның өкілі  екені бірден белгілі болды.  Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті төрағасы Владимир  Жұмаханов Елбасыға есеп берген Қауірсіздік Кеңесінде    27 жастағы қылмыскер Руслан Күлікбаев бұған дейін екі рет сотталған, сәлафиттік ағымның өкілі екенін мәлімдеді. Бұл биік мінберден жасалған мәлімдеме - бүгінгі террорлық актіні діни ағымдарға жолатпай,  "жәй бұзақының қылығы" деп, жауып қоюға жанталасып жатқандарға нақты жауап болуы тиіс. Біріншіден, теріс ағымдарға қатысы жоқ қылмыскерлер жеке адамдарға ғана шабуыл жасайды.  Ал екіншіден, жат ағымның жанкештісі алдымен құқық қорғау органы қызметкерлерін қырудан бастап, мемлекеттік мекемелерге, жалпы қоғамға, елге  қарсы террорлық шабуыл жасайды. Бұл жерде бүгін екіншісі болып тұрғанына ел куә болып,  екінің бірі айтып, жазуда. Ал сонда біз талай жылдан бері не қарап отырмыз? 2011 жылы «Діни қызмет және діни ұйымдар» туралы заң қабылданар  кездің қарсаңында  "Қазақ үні" газеті елімізге кім көрінген келіп,  діні мен теріс ағымдарын таратып жүргендіктен, 1992 жылы қабылданған, солқылдаған, былқылдаған "Діни наным-сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы  заңды"  қатайтып, жат ағымдарға  тосқауыл қоюды талап етіп, Үндеу жарияладық. Оған сол кездегі Бас мүфти Әбсәттар қажы Дербісәліге кіріп, қол қойдырып, Діни басқарма "қаржымыз жоқ" деп аузын қу шөппен сүрткесін, өзіміз жетісіп тұрмасақ та,  газетіміздің мыңдаған данасын  артық шығарып,  бүкіл еліміз бойынша барлық мешіттерге өз күшімізбен таратқан едік. Сол кейінгі қабылданған заңда да, басты мәселедегі талаптардың қатая койғаны шамалы болды... Дін ұлттың, мемлекеттің рухани тірегі болғандықтан, оның берік болғаны маңызды. Ал біздің ел тәуелсіздік алысымен қаптаған түрлі діни ағымдарға қарап, "Қазақстанда тәуелсіздік  ұлттық ұстанымымызға жат ағымдарға берілген  екен" деп ойлауға болады. Қазір бүкіл әлемді шулатып отырған Ислам атын жамылған ағымдар, сәлафит-уахабиттерден  басқа да Иегова куәгерлері,  мәсіхшілер, кришнаиттер қаптап жүр.. Бір ғана Иегова куәгерлері ұйымының Қазақстандағы 2012 жылы қайта тіркеуден өткен діни бірлестігінің өзі -59!  2012 жылы  Кришнаиттердің 10 діни бірлесігі тіркелген.  Бүгінде қазақтар баспана салатын 10 сотық жер таппай жүргенде, криншаиттердің Алматы облысы Қарасай ауданының өзінде 13 жер учаскесі бар. Оны місе тұтпаған олар осы ауданда 42,8 гектар жер мен тағы 9 жер учаскесін аламыз деп, оған ЕҚЫҰ-ға дейін араласып, дүниені шулатқаны кеше ғана еді. Ал Иегова куәгерлерінің Қалқамандағы қамалы ат шаптырым жерді алып жатыр... Бұлар саңырауқұлақтай қаптаған саентологтар, бахайлар, муниттер дей ме, жат ағымдардың басты-бастылары ғана... Қазақтың көрнекті жазушысының баласы, белгілі кәсіпкер және саясаткер болып танылған жанның бұл күнде осы жат ағымдар жетегінде кетіп, бәрінен айрылғанын белгілі... "Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді" дегендей, уахабиттерің, сәлафиттерің қаптап, билік тармақтарына да жайғасып алып, идеологиялық саясаттарын именбей-ақ жүргізіп келе жатқанының салдары өте ауыр Алматыдағы атыс 10болып тұр. Атап айтқанда,   соңғысы кеше ғана болып, ізі суымаған Ақтөбедегі екі рет террорлық әрекет, Тараздағы атышулы террорлық акт, ана жылғы Алматыдағы Ақкенттегі атыс кездерінде  және басқа аймақтардағы қанды оқиғаларда да қаншама жазықсыз полиция қызметкерлері мен бейбіт тұрғындардың қаза болуы... Ұлттық дәстүрі  берік іргеміздің іри бастауы... "Ауруын жасырған - өледі" дегендей,  жасанды жасырып келген  ауруымыздың асқына бастауы.. Қазір мешітке Жұма намазға барғанда бірден байқайсың, келте балақ, ұзын сақалдылардың өзі тар мешітте талтайып тұра қалып намаз оқулары әлі азаяр емес... Ұлттық құндылықтарымызды табандарына таптап, ата-бабаның атын айтқызбай, қазақ үшін қасиетті әруақтарға құран бағыштатпай, баланы әке-шешесіне қарсы қойып, келінге сәлем салдырмай, үй ішінен үй тігіп келе жатқан бұл теріс ағымға тоқтау бола ма, жоқ па, біздің Қазақстанда? Олар үшін қазақтың қазынасы - ұлттық салт-дәстүрінің  бәрі  "дұшпандық, ақымақтық" әрекеттің нақ өзі!  Абыз  Асан қайғы, дара Абылай, дана Абайдан бастап, дін білмес, дымбілместер де, алты ай араб елдерінде оқып келген олар шетінен дәрісқой ғұлама-мыс!.. Мұртсыз сақалдардың ұлтсыз "нахалдарға" айналуына бар жағдайды жасап беріп отыра бермей, мемлекет өзінің құдіретті құзырын көрсетуі тиіс! Қазақтың ұстанған дәстүрлі діні мен діліне "ревизия" жүргізіп, реформа жасау үшін репрессияға құмар бұл уахабит-сәлафиттер қазір үлкен күшке айналды... Олардың өкілдері билік тармақтарында  талайдан бері тайраңдап жүр... Біздің билік  біреуінің сөзі жақсы, біреуінің көзі жақсы деп, еркінсітіп-есіртіп жүруінің кесірі қазір миллиондарға тиюде! Тәуелсіз мемлекеттің іргесін шайқауға жетіп қалған бұл теріс ағымның қанды жорықтарын қамсыз тамашалап отырмай, тез арада ешкімннің атағына да, сақалына да қарамай, қатаң тосқауыл қоюымыз керек! Өзбекстан мен өзге елдер  жасаған қатаң тазалау-жазалау неге біздің Қазақстанның қолынан келмейді? Егер өз қолымыздан түк келмейтін болса, онда  Өзбекстаннан аттай қалап, маман алдырайық... Терактіге - кері акт, ол теріс діни ағымдарға қарсы қатаң заң қабылдап, мемлекеттік деңгейде күресу болмақ. Басқа жол жоқ екені басқа салмақ салмай-ақ белгілі болып тұр! Жасырып келе жатқан жарылғыш миналардың бірінен соң бірі жұмыс істей бастауы - осыны білдіреді!.. Қазыбек ИСА, "Қазақ үні" газеті qazaquni.kz