Тағы бір сорақы аударма: мамандандырылған халық бола ма?
2016 ж. 17 шілде
2800
7
Алматы қаласының тұрғыны Мұхамбедия Ахмет-Төре қаладағы халыққа қызмет көрсететін орталықтың маңдайшасындағы мемлекеттік тілде жазылған өрескел қателікті суретке түсіріп алыпты. Бұл туралы 365info.kz хабарлайды.
«Мынау Алматы. Ал мынау ЦОН. Орысшасында – «центр специализированный», ал біздің қазақшамызда – «халық специализированный» деп жазылған. Сонда қалай, бізмамандандырылған халықпыз ба? – дейді ол.
Шынымен де, аудармасына қарасақ, адам түсінбейді. Мамандандырылған халық бола ма? Халыққа қызмет көрсететін білдей орталықта маңдайшасындағы жазуды дұрыс жаза алатын бірде-бір адамның табылмағаны ма?
Сорақы аударма әлеуметтік желі қолданушыларының да назарын аударған. Осыған қатысты пікір білдірген азаматтар бұған орталықтың басшылығын кінәлап отыр.
«Сұрықсыз аударма! Селқос басшы, сауатсыз мамандар осы «мамандандырылған» жұмысқа күнде келеді ғой. Мән бермейді!» —дейді әлеуметтік желідегі белсенді топ.
Ал енді біреулер орталықтың басшысына ЦОН-ның қазақша қалай аударылатынын көрсетіп беріпті.
Олардың айтуынша, дұрысы —
«Халыққа қызмет көрсетудің мамандандырылған орталығы» немесе «Халыққа қызмет көрсету жөніндегі мамандандырылған орталық».
Сосын «мамандандырылған » дегеннен көрі , «арнайы» деген дұрыс емес пе? Сауат қайда?» — дейді олар.
Пікір білдіргендердің арасында «сонда маманданбаған халық қайда барады?» — деп мысқылдағандар да бар.
Ал «мамандандырылған халыққа қызмет көрсететін орталықтың» басшылығы бұған не дер екен?