«УМЕРЕННЫЙ» ДЕП ЖҮРГЕНІМІЗ БІР КҮНДЕ «УВЕРЕННЫЙ» САЛАФИТ БОП ШЫҒА КЕЛУІ ҒАЖАП ЕМЕС

Бүгінде қазақ қоғамындағы күйіп тұрған тақырыптың бірі – жер мәселесі болса, екінші бір маңызды мәселе – елдегі діни ахуал. Ақтөбедегі теракт соңғы бірнеше жылда ұмытыла бастаған діни экстремизм, терроризм мәселесін саясат алаңына қайта шығарды. Діни түсінік, танымы өзгеше, өз айтқандарымен келіспейтін басқа жұртқа қатысты көзқарастары қатерлі ондай ағымдарға билік органдары аяусыз қарсы тұру керектігін айтуда. Республика аумағында, өңірлерде діни, рухани салаға қатысты ұстаным жақын күндері жаңаша сипат алуы мүмкін. Елбасының «Ақтөбедегі теракт – салафиттік ағым өкілдерінің ісі» деген бағасынан соң осы күнге дейін ешбір шектеу қолданылмай келген салафизмге де құқықтық баға берілетін сияқты.

Салафизм десе бүгінгі қазақтың ойына бірден Сирия, ондағы соғыс, сол соғысқа аттанып жатқан қазақ жігіттері, олардың отбасы мүшелері түседі. Бір деректерде 400, енді бірде 200-ден астам Қазақстан азаматы Шам жерінде соғысып жүргені айтылады. Қазақстанды «Кәпірстан» деп бағалап, елден безген, «шын мұсылман мемлекетін орнату соғысына» аттанған сол «жиһадшылардың» дені Қарағанды облысы Жезқазған, Ұлытау аймағының тумалары. Сирияда соғысып жүрген қазақстандықтар туралы алғаш рет дабыл қаққан да аталған аймақ тұрғындары болатын. Өңірдегі қазіргі діни ахуал қалай? Аймақта «Жиһадқа шығам» деп отырғандар әлі де бар ма? Болса ол азаматтермен қандай жұмыстар жүргізілуде? Қалада исламнан басқа діндерден тарайтын ағым, секталар бақылауға алынған ба? Qamshy.kz порталының осы және басқа да сұрақтарына Жезқазған қаласы ішкі саясат бөлімі жанындағы Конфессия аралық  қатынастар мәселелерін зерттеу және талдау орталығының директоры Тасмағанбетова Айшагүл Жапарбайқызы жауап берді.

РЕСМИ МЕКЕМЕНІҢ АДАСҚАН АҒЫМДАРҒА ҚАРСЫ ҚАУҚАРЫ ҚАНДАЙ?

-Айшагүл ханым, алдымен өзіңіз басқарып отырған орталық, оның жұмысы туралы айта кетсеңіз.

-Дін, дін атын жамылған теріс пиғылды ұйымдар мәселесі бүгінде әлемді алаңдатып отырған жайы бар. Осы аладағы туындаған мәселелерді оңтайлы реттеу мақсатында біздің орталық қала әкімінің қаулысымен 2015 жылдың 5 қаңтарында құрылған. Біздің орталық конфессия аралық қатынас мәселелерін зерттейтін облыстағы алғаш ашылған мекемелердің бірі екенін айта кету қажет. Орталықта 6 маман жұмыс істейді. Олардың ішінде 2 инспекторымыз дінтанушы мамандығына ие, бір заңгеріміз бар. Дінтанушы мамандар «Нұр» Египет Ислам университетінің, Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің түлектері. Жалпы, маман мәселесінде қандай да бір қиындық жоқ деп айта аламыз. Бұрын бұл орталық құрылғанға дейін қаладағы дін мәселелерімен ішкі саясат бөлімінің бір ғана маманы жұмыс істеп келді. Ол кезеңмен салыстырғанда қазір жұмыс біршама жүйеленді, конфессия аралық қатынастармен арнайы мамандар жұмыс істейтін болды.

Орталық күнделікті жұмысында еліміздің Конституциясы, басқа да заңдарымен қатар «Діни қызмет және діни ұйымдар туралы» Заңды, 2013-2017 жылдарға арналған «Экстремизм мен терроризмнің алдын алу жөніндегі мемлекеттік бағдарлама» талаптарын басшылыққа алады. Орталық жұмысының негізгі бағыты – профилактикалық жұмыс. Осы мақсатта қалада ақпараттық-түсіндіру тобы құрылған. Оған 31 адам мүше. Ішінде дін қызметкерлері, ардагерлер, ұстаздар, құқыққорғау саласының, бизнестің, басқа да сала өкілдері бар. Бекітілген жоспар бойынша осы топ қала мекемелерінде, оқу орындарында алдын алу жұмыстарын жүргізеді. Топ мақсаты дін мен дәстүрді байланыстыра түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Біреулер айтқандай, елімізге таза дін тек 91-жылы келді десек қатты қателесеміз. Оған дейін де ата-бабамыз мұсылман болған. Дін қағидаттарын ұстанған. Ол қағидалар біздің күнделікті тұрмыс, тіршілігімізге енген. Түрлі ырым, тыйымдардың барлығы діни танымның, терең моральдық тәрбиенің көрінісі. Міне, сол дәстүр мен дін сабақтастығына ерекше мән береміз. Ол жұмыстар нәтижесіз дей алмаймыз. Діни басқарма, Дін істері комитеті әзірлеген бейнефильмдер, басқа да ақпараттық құралдарды пайдалана отырып жүргізілген профилактикалық жұмыс қоғамда жат ағымдарға деген белгілі бір сүзгі қалыптастыруда. Қала азаматтары теріс ағымдар туралы қажетті ақпараттарға ие. Бұл жұмыстарға мешіт пен мемлекеттік органардан бөлек, қоғамдық ұйымдар, зиялы қауым өкілдері де тартылуда.  Жақында Алматыдан Бауыржан Момышұлы атамыздың келіні Зейнеп Ахметованы арнайы шақыртып, ұлттық дәстүр, мәдени құндылықтарымыз туралы келелі кездесу де өткіздік.

Радикалды ағымдарға қарсы жұмыста БАҚ пен Интернет мүмкіндіктерін де пайдаланудамыз. Жергілікті «Дидар» телеарнасы, «Сарыарқа», «Жезказганский вестник» газеттерінде діни экстремизмнің алдын алуға, теріс ағымдарға тосқауыл қоюға арналған тақырыптық айдарлар, бағдарламалар бар. Радикалдық ұймдар мен олардан төнетін қауіп туралы деректі фильмдер, бейнематериалдар қаланың орталық көшелерінде орнатылған LED экрандар арқылы да көрсетіледі. Ресми бекітілген үгіт, насихат құралдарынан басқа діни әдебиеттердің таралуының алдын алу үшін де жұмыстар атқарылуда...

-Мұндай кездесу, түсіндіру форматындағы шаралар көп өтіп жатады ғой. Нақты, белгілі бір топтарға, тұлғаларға бағытталған жұмыстар жүрмей ме?

-Ондай жұмыстар да жүргізіледі. Орталық мамандары теріс ағымдарға ерген азаматтармен, олардың отбасы мүшелерімен де жеке-жеке жұмыс істейді. «Намаз оқымағандар – кәпір, Ханафи мазхабын мойындамаймыз» дейтін, мешіт ұстанымымен санаспайтын азаматтардың барлығы назарда. Арнайы органдармен келісе отырып, біз әлгіндей азаматтармен сұхбаттар жүргізіп, отбасы жағдайымен танысамыз. Діни көзқарастарынан бастап, саяси ұстанымдары, тұрмыстық жағдайы, басқа да жағдаяттар түгел сарапталып, анықтама жасалады. Ол тиісті жерлерге жіберіледі. Имамдар, заңгерлер сырттың уағыздарын, шетелдік шейхтардың уағызын тыңдап адасқан азаматтардың бетін бері қаратуға ат салысуда.

Ахмет Ишан Оразайұлы атындағы Жезқазған мешіті

ЖЕЗҚАЗҒАНДА ҚАНША САЛАФИТ БАР?

-Сөзіңіз аузыңызда Ақтөбе оқиғасынан соң Дін істері комитетінің басшысы Ғалым Шойкин Қазақстандағы салафизм идеясын ұстанушылар саны 15 мыңға дейін  жететінін айтты. Осындай есеп өңірлік деңгейде жүргізіле ме? Қазір Жезқазғанда қанша салафит барын айта аласыз ба?

-Есепке алу жұмыстары жүргізіледі. Теріс ағымдар жетегінде кеткен қанша адам, қанша отбасы бар, олардың қаншасы әйел, қаншасы ер адам барлығы бақылауда. Неше әйел, неше баласы бар, барлығы есепке алынады. Бірақ, сізге бізде мынша салафизм идеясын ұстанушылар бар деп айта алмаймын. Оны ұлттық қауіпсіздік органдарының өңірлік бөліністерінің келісімімен біле аласыз. Біздің орталық инспекторлары арнайы органдардың назарына іліккен түрлі азаматтармен жекелеген кездесулер, сұхбаттар жүргізеді. Мәселен, өткен жылы өрескел қылықтары байқалған сондай 35 адаммен жеке жұмыс жасалып, төртеуі райынан қайтып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстанымына бойұсынған. Биыл да осындай жат ағым жетегінде кеткен 19 адаммен жеке жұмыс жасап жатырмыз, балалары салафизм идеясына ерген 22 ата-анамен сұхбаттар жасалды. Ішінде туыстары, балалары Сирияға кеткендер де бар. Оларға мына қоғамның құбыжық еместігін, Қазақстанның кәпірлер елі еместігін түсіндіріп, діни басқарманың уағыз, үгіт, материалдарын көрсетіп дегендей, барынша түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз.

Тағы қайталап айтамын, бұл жұмыстың барлығы бір адамның, жекелеген басшының бастамасымен ғана емес, мешіт имамдарымен, құқыққорғау органдары қызметкерлерімен, Дін істері комитеті мамандарымен бірлесе жүргізілуде.

-Теріс ағымға ергендермен тікелей жұмыс істеп жүрген соң олардың белгілі-бір деңгейде әлеуметтік портреті жасалған болар?

Әрине, әр түрлі жастағы, әлеуметтік жағдайы әр түрлі адамдармен сөйлесеміз. Солардың жартысына жуығы өмірде бір сәтсіздікке ұшыраған, бұрынырақта қандай да бір қиындықтарға тап болып, қиындық көрген, мақсаттарына жете алмаған азаматтар. Сондай-ақ, зиялы, жоғары білімді отбасыларда өскен балалар да әлгіндей жолға түсіп кеткен жайлары бар. Мысалы, әкесі ішкі істер ардагері, анасы мұғалім, өзі радикалдық ағымдарға ерген жігіттерді де көрдік. Ондай отбасында мұндай жағдай болады деп ойламайсыз. Ә дегенде балалары арақ ішпей, теріс қылықтардан арылып, дінге бет бұрғанда бәрі қуанады ғой. Бірақ, өкінішке орай, түрлі себептермен олардың кейбіреуі теріс кетіп жатады.

Әңгіме басында айтылғандай біз олардың діни, саяси ұстанымдарына ғана емес, тұрмыстық жағдайына, әлеуметтік ахуалына да назар аударамыз. Бізде есепте тұрған, тұрақты назарда ұстайтын ондай азаматтардың дені анкета толтырғанда өздерін жұмыссыз ретінде көрсетеді. Ал, соларға жұмыспен қамту орталығы арқылы жолдама берейік, жұмысқа орналастырайық десек, одан қашқақтайды. Өз беттерінше жеке кәсіпкерлікпен айналысып жүргендері, топталып бөлек іс ашқанды құп көреді. Сауда-саттық, телефон жөндеу, донер кебаб дайындау, такси қызметі сияқты жұмыстар істейді. Біле білген адамға мұның өзі қоғамнан оқшауланудың бір белгісі болып табылады.

Осындай ағымдарда жүргендердің өздерінің дене дайындығына, спортқа да көп көңіл бөлетінін де ескеру керек.

-Қандай радикалды топ болмасын белгілі-бір ортақ ұстанымдардан, мұсылмандар діни басқармасының жүйесінен тыс көзқарастары үшін назарға ілінеді. Сондайлардың көбі мешіттерде, көпшілік ортада елмен дауласып, кикілжіңдер туғызып жататынын да естіп жүрміз. Жезқазғанда ондай жағдайлар қалай шешілуде?

Ондай жағдайлар бұрын болған. 2013-2015 жылдар аралығында Жезқазғанда Қабылбек Жұмабеков деген жас имам қызмет атқарды. Қазақта «Не сойса да, қасапшы сойсын» деген мақал бар ғой. Міне, Қабылбек Әліпбайұлы да салафиттерді атын атап, түсін түстеп ашық айыптады. Мешітте, қала тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сол кезде имамға қарсы келіп, мешітте дау шығарғандар болды. Сол имамның тұсында жамағат ішінде теріс ағымдарға тосқауыл қоятын белгілі-бір орта қалыптасты. Қаншама шәкірттер тәрбиеленді. Қазір қала жамағатының радикалдық ағымдарға қарсы иммунитеті қалыптасқан болса, ол сол Қабылбек Әліпбайұлының еңбегі дер едім. Ашық, ештеңені жасырмай, сүйкей қамшыламай, аяусыз әшкерелеудің арқасында қаладағы діни ахуал оңалды. Халық кімнің кім екенін, нағыз мүмін қайсысы, білімі таяз, дөрекі ұстанымдағы әсіредіншіл кім екенін ажырата алатын деңгейге жетті. Соның нәтижесі болар бүгінде мешітте әлгіндей бүлікшіл жастар көрінбейтін болды. Осы күні Жезқазған жамағатының ол кісіге алғысы шексіз. Өзі де өткен жолы Республикалық ақпараттық-насихаттық тобының мүшесі ретінде келіп кетті, ел сол кезде де ризашылығын білдіріп жатты.

Осы ретте діни ахуал біршама шиеленіскен аймақ ретінде Жезқазған, Сәтбаев қалаларына Діни басқарма ерекше көңіл бөлуі, білікті, білімді имамдар жіберуі керек деп санаймыз. Бізге тек діни білімі емес, зайырлы білімдерден, психология, педагогикадан, тарих пен мәдениеттен хабардар имамдар керек. Мүфтият өкілдерімен кездесулерде ол мәселе ылғи айтылады. Діни басқарма да қоғамдық ұйым болған соң біз олардың ішкі жұмысына, кадрлық саясатына араласа алмаймыз. Тек, ұсыныс айтумен шектелеміз.

«БАЙСАЛДЫСЫ» ҚАЙСЫ, БҮЛІКШІЛІ КІМ?

-Былтыр 35 адаммен жұмыс істедік, осы жылдың алты айында тағы 19 адаммен жеке жұмыс жүргізіп отырмыз дейсіз. Осы жұмыстар барысында қолданып жүрген тәсілдерді қаншалықты тиімді деп айта аласыз?

Олай деуге келмейді. Олардың ішінде радикалдық ұстанымдарынын бас тартқандар, мемлекеттік жүйеге деген көзқарасы өзгергендер бар. Мемлекет те осыған дейін қатаң шараларға, батыл қадамдарға бармады. Үгіт, насихатпен, түсіндіру жұмыстарымен шектелді. Біреулер Өзбекстан тәжірибесін алға тартады. Неге солай істемедік деп айтып келді. Ол да дұрыс шығар. Бірақ, әр елді өз жолы, өзіндік ерекшелігі бар. Екі бөлек мемлекет қана емес, бір елдің әр облысындағы жағдай әр түрлі емес пе? Ондағы мәселелерді шешу үшін әр түрлі шаралар қолданады. Біріне қолданған әдіс, екіншісінде тиімсіз болуы мүмкін. Сондықтан, мемлекет осы күнге дейін күшке салуды құп көрмеді. Тарихта халқымыз аз қуғын-сүргін көрмеді ғой. Небір зұлматты бастан кештік. Соның да сабағы болар. Бірақ, кешегі Ақтөбедегі жағдай діни ахуалды қайта бағалауға, кем-кетіктердің орнын шұғыл толтыруға себеп болды. Көптеген мамандар «Біз профилактикалық жұмыс деп жүргенде кеш қалмаймыз ба?» деген ойда жүр. Оның үстіне дәл сондай теракт, құдай бетін әрі қылсын, кез-келген сәтте еліміздің кез-келген өңірінде, тіпті, бірнеше жерде бір уақытта болуы мүмкін дген қауіп те жоқ емес.

-Сонда не істеу керек?

Президенттің «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында да заң үстемдігін қамамасыз ету жайы айтылған ғой. Бұл мәселені де сол заң аясында шешу керек. Қазір Парламент депутаттары демалыста. Күзде жаңа сессия басталысымен депутаттар заңдарға тиісті өзгерістер жасайды, салафизмге, оның төндіретін қауіп-қатерлеріне құқықтық баға береді, заң талаптарын күшейтеді деп сенемін.  Өйткені, қазірдің өзінде осы ағым өкілдерін «байсалды», «қалыпты», «радикал» деп өз іштерінен бөлу тәжірибесі байқалуда. Оның да қате түсінік екенін уақыт көрсетті. Салафиттердің қай-қайсысысының болса да бастау бұлағы, идеялық көсемдері бір, тыңдайтын, оқитын шейх-ғұламалары бір және олардың барлығы бізге белгілі. Бүгін байсалды деген салафит ертең қолына автомат алып, халықты қырып салмайтынына кім кепілдік бере алады? «Умеренный» деп жүргеніміз бір күнде «уверенный» салафит боп шыға келуі ғажап емес. Сондықтан тәртіп керек. Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай, «Тәртіпке бағынған құл болмайды».  Діни ағымдардың қызметін реттеу, теріс ағымдарға тосқауыл қоюдың нақты заңдық талаптары болуы керек. Арнайы заң болса, мұндай ағымдарға қарсы тұру да әлдеқайда жеңілдейді.

Реті келгендей айта кету керек, ҚМДБ мен Дін істері комитетінің арасында да кейбір мәселелер бойынша келіспеушіліктер бар сияқты көрінім тұрады. Сондай келіспеушіліктер жойылмай жүйелі, нәтижелі жұмыс болмайды. Содан кейін, ҚМДБ жанынан тұрақты түрде әйелдермен жұмыс істейтін арнайы бөлім ашылса дейміз. Бұл туралы өткенде Бас мүфти де бір сөзінде айтып қалды. Мұсылман әйелдермен жұмыс істейтін мамандар болса, сол аудиторияға бағытталған нақты жұмыс болса, біраз іс оңалар еді. Бұл жерде де «Ер бұзылса отбасы, әйел бұзылса ұлт бұзылады» деген халық даналығы еске түседі.

-Бізде терроризм, экстремизм десе, елдің көзіне алдымен мұсылман елестейтін болды. Бірақ, тамырын алаяқтықтан, арам пиғылдан алатын мұндай теріс ағымдар дін таңдамайды деп те жатамыз. Исламнан басқа діндерден тарайтын ағым, тариқаттар не күйде? Олар да бүйректен сирақ шығарып жатқан жоқ па?

Біздің мекемені мұсылман жамағатына қарауыл етіп қойған орган деп қабылдайтындар бар. Конфессия аралық мәселелерді талдау орталығы ешбір дінді алаламайды. Барлығына бірдей қарайды. Бүгінде қалада 11 діни бірлестік тіркелген. Олардың екеуі – мұсылман мешіті, 2 православтық, 1 католиктік және 6 протестанттық бірлестік бар. Барлығының жұмысын қадағалап, жиындарына инсекторларымызды жіберіп отырамыз. Тұрғындардан, арнайы органдардан ол бірлестіктердің жұмысына қатысты ешқандай арыз, шағым түскен жоқ.

-Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан: Дархан Мұқантегі

«Қамшы» сілтейді