Үштілділік деп баланың миын ашытуға болмайды

ҮШТІЛДІЛІККЕ ҚАТЫСТЫ ҮШ ОҚИҒА

Үш тіл

Гүлмира

Бесінші сыныпта болу керек, ағылшын тілі пəнін оқи бастадық. Шет тілдер институтын бітіріп келген жас маман Раушан апайымыз обалы не керек, ауылдың қарадомалақтарына Шекспирдің тілін үйретуге ерекше құлшыныспен кірісті. Сыныпта жиырма төрт оқушымыз. Оның төрт-бесеуі үздік оқиды. Оның ішінде біз де бармыз. Алғашқы тоқсанда - ақ ағылшынның оң жамбасқа келмейтінін əлгі "үздіктер" байқап қалдық. Алғашқы төрттік те осы пəннен журналға түсті. Онда да ақкөңіл апайымыздың көтермелеп қойғаны. Енді мен намысқа тырысып тек қана ағылшынға бар күшімді салдым. Тентек Қожа секілді айна алдына тұрып алып ағылшынша сөздерді қайталап тұрғаным. Əпіл -алма, бреад-нан, оте-су! Осылай қайталай беремін, қайталай беремін... ...Таңның алды болуы керек, əкем жұлқып оятты. -Түс көрдің - ау деймін, балам!-дейді,-Өгіз!Өгіз!-деп айқайлап жатырсың. Жайланып жат!Сонда жайсыз түс көрмейсің! Əкем көрпемді қымтап шығып кетті. "Өгіз" емес, "бөдз"! Қазақшасы "құстар"!- деп айтқым келген əкеме. Айта алмадым. Есесіне көрпе астында қайталап жатырмын. "Бөдз"-құстар! "Бөдз"-құстар... ...Сыныптағы үздіктер осындай жанкештілікпен жаттасақ та ағылшынды үйрене алмадық. Есесіне орташалау оқитын Гүльмира бəрімізді таң қалдырып, мектеп қабырғасынан ағылшынша таза сөйлеп шықты...Жиырма төрт оқушыдан бір өзі ғана! НҰРҒАЛИ Университетте ағылшын тағы алдымнан шықты. Сабақ беретін апай өте қатал! Атақты Шамғон Қажығалиевтің қызы екен десті білгіштер. Группада жиырма беспіз. Серік Абас-шах секілді "қисықтар" араб тілін таңдағанда көбіміз ағылшынға кеткенбіз. Мұнда да бірді - екілі группалас болмаса қалғанымызға ағылшын қонбай - ақ қойды. Сол баяғы түнімен жаттау. Əсіресе Нұрғалиға қиын болды. Оның қазақшасының өзін тұтығып сөйлегенде біз түсінбейміз, ағылшыншасын апай тіпті қабылдамайды. Апайдың аты ұмытпасам-Əлия. Алғашқы сессияда ілініп -салынып үшке əзер жеттік. Нұрғали сорлады. Апай "незачет" деді. Оқудан шығып қалу қаупі төнді. Нұрекең амал жоқтықтан апайдың үйін торуылдауға көшті. Бір күні сəті келіп қараңғы подьезден күтіп алған ғой. Бар ойы жағдайын айтып, зачет алып қалу. Қараңғыдан шыға келген Нұрғалиды көріп апай талып қала жаздапты. Группаласымыз сасқанынан апайдың аты -жөні аузына түспей "Ке-ке-кешіріңіз, Ша-Ша-Шамғон Қажығалиевна!" деген ғой. Қатал апайдың өзі аянышты Нұрғалиға жібіп, зачет қойып беріп еді. Оқуды аяқтағанда группадағы студенттердің бірді - екеуі ғана ағылшынды меңгеріп шықты. Қалғанымыздікі сол-нан сұрау ғана!.. МАЙКЛ Малай еліне "Хабар" оқуға жіберді. Бақандай бір айға! Он жыл оқығанда мыйға қонбаған ағылшын тілі тағы алдымнан шықты. Сабақ осы тілде. Жан-жақтан жиналғандар да тек ағылшынша сөйлейді. Жан қысылды. Сабақта қиналамын. Дүкенде тілім байланады. Кафеде тіпті мылқаумын. Бірақ, жан-жағымдағылармен ымдап болса да сөйлесіп қоямын. Бір аптадан соң нан сұрайтын деңгейге жеттік. Екі аптадан соң жалғыз дүкен аралайтын, адассам ағылшынша жөн сұрайтын болдым. ...Оқу бітіп, əр елден келгендер салтанатты дастарханда отырмыз. Оқытушымыз Майкл кезекпен сөз беріп жатыр. Бір кезде маған микрафонын ұсынды. Не дейін? Бір айдың ішінде үйренген ағылшыншаны былдырлап айтып жатырмын. -Мен Қазақстаннан келдім,-дедім,-Жеріміз үлкен!16 миллион халық тұрады. Ай гоу Қазақстан! Гутбай! Отырғандар ду қол шапалақтады. Менің былдырымды түсінген сияқты....Сондағы Майкл ұстаздың айтқаны: -Мистер Арман! Енді бір ай жүрсең ағылшын тілін толық меңгеріп алар едің...Екеуміз сыраханаға барып сырласар ма едік... ҚОРЫТЫНДЫ Осы үш оқиғадан түйгенім ерекше қабылеті болмаса үштілділік деп баланың миын ашытуға болмайды. Тілді үйрену үшін алдымен орта керек. Бала қандай зерек болса да полиглоттық қабылеті болмаса сол үш тілден де мақұрым болып шығуы мүмкін. Əсіресе, қазақ тіліне қауыптің төнгені төнген!
Арман Сқабылұлы
qazaquni.kz