Билікті басып алуға әрекет етті деп айыпталып отырған бұрынғы бизнесмен Тоқтар Төлешев Қазақстанның вице-президенті болуға ұмтылып, артынша мемлекетті басқарғысы келген деп хабарлайды Қазақпарат.
Атырау мен Ақтөбеде басталып, бүкіл Қазақстан ауқымын қамтыған жерді жалға беруге қарсы өткен митингілер ұмытыла бастаған тұста билік есімізге Тоқтар Төлешовтің ісін қайтадан салды.
Шенділердің сөз ыңғайына қарасаңыз, Төлешов төңкеріс жасап, елдің билігін басып алмақ болған.
Бұл туралы бүгін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметінің өкілі Руслан Карасев мәлім етті.
Руслан Карасевтің айтуынша, билікті басып алу үшін Тоқтар Төлешев алдымен елдегі жағдайды тұрақсыздандыруға әрекет жасаған. Бұл үшін Тоқтар Төлешев 2005 және 2010 жылы Қырғыз Республикасында болған жағдайды өте мұқият зерттеген. Тіпті, Қырғызстанға өзі барып, керекті материалдар мен дерек-дәйектер іздеген.
«Билікке халық арасында жаппай тәртіпсіздік орнатып, халықты наразылыққа азғыру арқылы келуге болатынын түсінген ол бұл арам пиғылын Қазақстанның батысында тез жүзеге асыруға болады деген болжам жасаған. Төлешев Қазақстанның батыс өңірінде наразы топтар бар деп пайымдап, әлеуметтік-экономикалық және өзге де мәселелерді алға тарта отырып, наразы топтарды өз мүддесі үшін пайдаланбақ болған. Жаппай тәртіпсіздік пен әдейі ұйымдастырылған наразылық акцияларының барысында ол билікке ультиматум қойып, өзі үшін вице-президент лауазымын енгізуді көздеген. Артынша, мемлекетті өзі басқаруды ойлаған», - деп хабарлады Руслан Карасев.
Осы ресми ақпараттағы "алдымен вице-президент болуды мақсат етіп" дегенді қалай түсінуге болады? Сонда елде төңкеріс болса, түрмедегі Төлешов бостандыққа вице-президент болып шығар ма еді? Оны кім, қалай тағайындамақ?
"Артынша мемлекетті басқаруды ойлаған". Тоқтар Төлешовтің сөзін сөйлемек емеспіз. Сонда да 300-ге жуық адамды тергеп, "шындықтың" шымылдығын ашпақ болған құзіретті органдар мифтенген аңыз айтудан аулақ болса деген ниетіміз бар. Егер де Төлешовтің күші 25 жыл ішінде аяғынан тік тұрған, әскери күші мығым, экономикасы қарыштап дамыған қазақ мемлекетінің шаңырағын шайқалтуға жетсе, миллиардтарды қалтасына басып алып, жалғанды жалпағынан басып жүрген өзге азаматтарымыз әлемге ойран салуға қабілетті болар...
Жер мәселесіне қатысты дау-дамай әлі біржақты болған жоқ. Қазақ халқының бейбіт митингке шығып, билікке үнін жеткізген ақ адал ниетін Төлешовтің қанжығасына байлай салу - тым ақылды шешім болмаса керек. Оның үстіне қасиетті жерінің тұтастығын ойлап, қазақ халқының билікке бейбіт талап қойғанын қайдағы бір Төлешовке телу - бұл халықты қорлау, мазақтау, масқаралау болып табылады. Егер де біздің жауапты органдар дәл осы сценариймен халықты қаралай беруді жалғасытрса, Төлешов пен биліктің түсіне де кірмеген "төңкерістің" болып кетуі әбден мүмкін.
Осы орайда тергеу кезінде Т.Төлешевтің өз қарамағындағы күзет фирмасы негізінде қарулы жасақ құрғаны анықталғанын айта кетейік. Baq.kz-тің жазуынша, аталған топ оның барлық тапсымаларын орындап отырған.
Төлешевтің қарамағында 90 сарбаз болды деген мәлімет бар. Аталған топты ол бас кезінде «Смерш» фирмасы ретінде тіркесе, артынан «Вымпелгрупп» деп күзет фирмасын ашқан.
Осы іске қатысы бар Бас прокурордың бұрынғы орынбасары Ильяс Бақтыбаев пен Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің экс-басшысы Хибратулла Досқалиев шымкенттік кәсіпкердің билікті басып алу мен жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастыруға қатысты жоспарларын қолдағаны үшін мемлекеттік төңкерістен кейін Жоғарғы сот төрағасы мен ішкі істер министрі қызметтеріне қойылады деген жоспар болған.
Айтпақшы, Ұлттық қауіпсіздік комитеті таратқан мәлімдемеде "Төлешов трансұлттық қылмыстық қоғамды қаржыландырған және қаруланған топты құрып, басқарған. Ол басқарған қылмыстық топ адам өлтіріп, қастандық жасап, адам ұрлаған, адамның бас еркін бостандықтан айырып, қарақшылық қылмыстар жасаған" деген сөздер бар. Біздіңше, міне, Төлешовтің осы сұмдық істері барынша әшкере тауып, күдікті заң алдында жауап беруі керек. Бірақ, қарақшылықпен айналысқан адамнан "қаһарман" жасаудың қажеті жоқ.
Шәріпхан Қайсар
Abai.kz