ТƏУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ ОРДЕНІ - ОТАРШЫЛДЫҚТЫҢ СИМВОЛЫ БОЛҒАНЫ НЕСІ?
2016 ж. 12 шілде
3444
3
Басқаны қайдам, қызыл жұлдыз көрсем көз алдыма жазықсыз төгілген қан, "елімайлап" көшкен ел, аштан бұралып əр жерде бір сүйегі қалған қазақ елестейтіні рас. Бір сөзбен айтқанда қызыл жұлдыз -отаршылдықтың символы. Тəуелсіздік алғанымызға ширек болғанымен сол қарғыс атқыр символдың əр жерден қылаң беріп қалатыны өкінішті. Мына суретке назар аударыңыздаршы! Бұл -"Еңбек даңқы " ордені. Қарапайым еңбек адамдары марапатталады. Үш дəрежесі бар. Осы орденді қанқұйлы коммунистердің "қызыл жұлдызына" ұқсатып, осындай дизайнға тапсырыс берушілерді кім деуге болады? Орманға қарап ұлуын қоймаған, бодандықтың қамытын киюді аңсаған мұндайларды өз басым құлдық санадан арылмаған бейшаралар дер едім! Анау қанға боялған жұлдыздың орнына шаңырақ болса, ол ұлтымыздың ою өрнектерімен безендірілсе, болмаса еліміздегі мұнай, тау - кен, астық секілді еңбек адамдары жұмыс істейтін салалардың элементерімен безендірілсе ешкім тыйым салмас еді ғой. Мына орденнің үш дəрежесін алып, үш жұлдызды кеудесіне таққан еңбек адамының марқұм Брежневтен ешқандай айырмашылығы болмай қалатыны сөзсіз.
Осы дизайнды қабылдаған Президент жанындағы мемлекеттік комиссия, мемлекеттік хатшы Гүлшара Əбдіхалықова ханым оның отаршылықтың символы екенін білген болар? Біле тұра неге қабылдаған? Əлде қарапайым еңбек адамына қарабайыр жасалған қанқызыл жұлдыз да "пойдет" деді ме екен?