Сонда Сіз басқарып отырған елді қорғайды деген полицияның қолға түскен, іздеуде жүрген ұрланған көлікті ұстап, иесіне қайтаруға шамасы келмейтін болғаны ма, әлде әдейі босатып жіберген бе? Онда бұндай қауқарсыз полицияны қыруар қаржы жұмсап, не үшін ұстап отырмыз?
ҚР Ішкі істер министрі Қ. Қасымов мырзаның назарына
Алматы қаласының тұрғыны Болат Мырзаевтың арызын тыңдасаңыз, дәл осылай ойлауға болады. Оның үйінің алдынан ұрланған Mersedes Bens көлігі Қарағанды облсынан МАИ инспекторы тоқтатып, босатып қоя береді. Ал ұрланған көлік Ақмола облысынан бір-ақ шыққан. Оны барып ұстап, алып келуге МАИ тергеушілері «ақща жоқ» деп бармайды. Ал салық органдары Болат Мырзаевтан көлік салығын төлеуді 2008 жылдан бері талап етіп келеді. Ол шарасы таусылғасын, полиция түк істей алмай, қол қусырып отырғасын, енді БАҚ арқылы қолдау көрсетуімізді сұрап, редакцияға арыз жазып отыр.
Өз елімізде жүріп, көшедегі тәртіпсіз ұры-қарылардан зардап шегіп, соның жауабына не заң,не полиция жағынан қолдау таба алмай қаншама азаматтар сеңделіп жүр. Осындай келеңсіздікке ұшыраған азамат Мырзаев Болат басынан өткен мәселесінің шешімін таба алмай әр есікті қағып сеңделіп әлі жүр. Атап айтар болсақ, 2008 жылы 13 қазанда өзі тұратын ауласынан Алматы қаласында сағат 20:00-20;30 аралығында өзінің Mersedes Bens көлігін ұрлатқан. Сөзді арызданушының хатына берейік.
АРЫЗ
Менің арыз беру себебім, 13.10.2008 жылы Алматы қаласы Айманов көшесі 68 үйдің ауласынан, кешкі сағат 20:00 – 20:30 арасында, белгісіз адамдар менің көлігімді, яғни 1990 жылы жасалған Mercedes Benz 220 E (мемлекеттік номері A180LLN), ұрлап кетті.
Көліктің ішінде кеткен құжаттар:
- жеке бастың күәлігі;
- жүргізуші күәлігі;
- көліктің техникалық паспорты.
Бұл құжаттар көлік иесі Мырзаев Болат Ботаевичтің атында, 10.05.1963 жылы туылған.
Сол күні, сағат 20:30-да көліктің ұрланғаны туралы құқық қорғау органдарына хабарланды. Жедел топ келіп, көлік ұрланған орынды суретке және таспаға түсіріп, менен түсініктеме алды. Қылмыстық іс қозғалды. Тіркелген номері 08751103120454, ҚР ҚК 175 бап, 3 тармақ «Б».
Бұл құжаттар төменде көрсетілген.
29.01.2015 жылы Алматы қаласы Алмалы аудандық салық комитетінен осы ұрланған көлікке (Mercedes Benz 220 E, A180LLN) 2009-2014 жылдар аралығанда 82844,18 теңге көлемінде салық төленсін деген ескерту келді. Осы жағдайды анықтау үшін, 31.01.2015 жылы Халыққа Қызмет Көрсету Орталығына (ХҚКО) барып тексеру кезінде, менің ұрланған көлігіме 7560,00 теңге көлемінде айыппұл шықты. Бұл айыппұлды жол полиция қызметкері 07.05.2011 жылы Қарағанды облысы Балқаш қаласында Мельник Александр Валентинович (12.08.1966 жылы дүниеге келген) атына салып, хаттама толтырып, ұрланған, іздеуде тұрған көлікті ұстамай жібере салған. Осы жағдайды анықтауға ХҚКО кызметкерлері Алматы қаласы Алмалы аудандық полиция бөліміне жіберді.
Алматы қаласы Алмалы аудандық полиция бөліміне келгенде бөлім бастығы Марат Акжолтайұлы, ішкі бөлім бастығы Лян Андрей Александрович және Тимур атты тергеуші қабылдап, бұл істі тексеріп кейін хабарласатынын айтып, телефон номерлерін берді. Олар берген номерлерге 01.02.2015 жылдан бастап 15.04.2015 жылға дейін қоңырау шалып, ешкімнен хабар ала алмадым.
Осыдан кейін қалалық прокуратураға және қалалық Ішкі істер департаментіне арыз жаздым. Осы арыздан келген жауапты алып, Алматы қаласы Алмалы аудандық полиция бөліміне бардым. Тергеу бөлімінің бастығы капитан Сыдыков қабылдады. Ол қылмыстық істер бөлімінің бастығына жіберді. Ол өз кезегіне лейтенант Мақсат деген көмекшісіне жіберді. Бұл кісі Мельник Александр Валентиновичты (12.08.1966 жылы дүниеге келген) іздестіру базасына тіркеп, кажетті мәліметтерді қалалық департаментке жолдап, осымен жұмысым бітеді деді.
Осы айтылған дәлелдемелерді қорыта келе, 13.10.2008 жылы ұрланған менің атымдағы көлікті мініп жүріп, 07.05.2011 жылы радарға түскен Мельник Александр Валентинович (12.08.1966 жылы дүниеге келген) атты күдікті туралы мәліметтің бәрі белгілі және қажетті арыз құқық қорғау органдарына тіркелген. Бірақ, осы уақытқа дейін құқық қорғау органдарының қызметкерлері тарапынан, іздестіру базасына тіркегеннен басқа, ешқандай іс-шара қолданылмады. «Осыдан басқа іс-шара қолданбайсыздар ма» деген сұраққа, «Біздің өкілеттігіміз осы ғана» деп жауап берді.
Енді қайда барып шағым жасайтынымды, ұрланған көлігімді қалай қайтаратынымды білмей отырмын. Неге құқық құқық қорғау органдары өз міндетеріне жауапсыз, немқұрайлы қарайды?
Мырзаев Болат Ботайұлы
Мына хатты оқып отырып, «Біздің полицияның қауқары көшеге жерді қорғап шыққан кемпір-шалдардан басқа ешкімге жетпейтін болғаны ма»-деп ойлауға тура келеді.
Құрметті Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы!
Сонда біздің Сіз басқарып отырған елді қорғайды деген полицияның қолға түскен, іздеуде жүрген ұрланған көлікті ұстап, иесіне қайтаруға шамасы келмейтін болғаны ма? Онда бұндай қауқарсыз полицияны қыруар қаржы жұмсап, не үшін ұстап отырмыз?
GU-GU.kz ақпарат порталы