Америкалық азамат соңғы демі қалғанша Шымкентте тұруға уәде берді
2016 ж. 03 шілде
2561
2
Американдық ультрамарафоншы Дин Карназес Шымкентке келді. Аты әлемге әйгілі спортшы әрі бірнеше кітаптың авторы Қазақстанға жасаған сапарында біздің ел туралы тың ойларымен бөлісіп, тіпті аты шулы "Борат" фильмін көргеннен кейінгі Қазақстан туралы ойымен бөлісті.
Сонымен қатар желаяқ Қазақстанның ең жылы аймағы Шымкентте өмір сүруге қарсы емес екенін де айтты, деп хабарлайды аймақтағы NUR.KZ тілшісі.
Марафоншы Дин Карназес Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстан аумағын жүгіріп өтуді мақсат тұтқан. Бекітілген кестеге сай спортшы алдымен елдің Өзбекстанмен шекарас аумағы Сарыағашқа табан тіреді. Ол жақта қадірлі қонақты қазақстандық жамағат ерекше шыраймен қарсы алып, көршілес жатқан Қазығұрт ауданына шығарып салды.
Мұнан соң америкалық желаяқ жергілікті жастармен Оңтүстік Қазақстанның орталығы Шымкентте де келіп жетті. Шырайлы шаһарда жас буынмен кездесіп, пікір алмасқан спортшы Қазақстан туралы ерекше естеліктерін атап өтті.
- Сіз арнайы бағдарлама аясында Қазақстанға саяхат жасап отырсыз. Алған әсеріңіз қандай?
- Бұған дейін сіздердің елдеріңіз туралы көп нәрсені білмейтінмін. Тек ғаламтор туралы мейлінше көбірек мағлұмат алуға тырыстым. Шынымды айтсам, мұндағы жағдайды өз көзіммен көруге асықтым.
- Марафон барысында Қазақстан туралы қандай жаңалықты білдіңіз?
- Ұлттық тағамдарын айтар едім. Қазығұртта болғанымда менімен бірге он екі адам болды. Ал дастарханға қойылған ұлттық бесбармақ тағамы тұтастай бір әскерді тамақтандыруға жететіндей болып көрінді. Мұнда молшылық басым. Сонымен қатар палау тағамын да ерекше айтып кеткім келіп отыр. Өте дәмді, дегенмен бір секілді спортшылар үшін ол өте бейтаныс ас болды.
- Жеңіл атлеттер арнайы диетаға отырады деуші еді. Сізге қиын болған жоқ па?
- Рас, біз үнемі ем-домда отырамыз. Бірақ, Қазақстанға жасаған сапарымда өзіме кешіріммен қарап, ол ережені ұмыт қалдыруға тура келді (күліп). Себебі сондай тәтті астан бас тарта алмадым.
- Әлемге әйгіленіп кеткен "Борат" фильмін көрдіңіз бе?
- Иә, көрдім.
- Ондағы Қазақстан туралы көрініске қатысты не айтасыз?
- Фильмдегі актер сәл есуастау көрінеді. Меніңше, ол туындыда қазақстандықтардың шынайы болмысы анық көсретілмеген. Себебі Қазақстандағы халық өте жылы, достасқыш, қонақжай келеді екен.
- Осы уақытқа дейін әлемнің көптеген елін жүгіріп өттіңіз. Қандай қиыншылықтар кездесті?
- Мен өзіме мақсат тұтсам, соған қол жеткізбейімше тынышталмайтын адаммын. Рас, кейде небір қорқынышты аңдармен бетпе-бет келуге тура келеді. Былтыр жылдың 250 күнін жүгіруге арнадым. Әрине, отбасы бар адам үшін ол оңай емес.
- Спорттан түбегейлі кету туралы ой мазаламай ма?
- Өтірік айтып қайтейін, ондай болып тұрады. Мәселен Шымкентке жүгіріп кле жатқаныма ондай ой бес рет келді (күліп). Әсіресе ұзаққа жүгіргенімде межелеген жерге жете алмай қаламын ба деген ой мазалайды. Дегенмен, діттеген мақсатқа жету маған кәдімгі ләззат береді.
- Өмірде неден қорқасыз? Фобияңыз туралы білгіміз келіп отыр...
- Шынымды айтайын ба, менде фобия деген мүлдем болмаған. Тек Қазақстанға жасаған сапарымда жол бойынан үлкен сарышаян көріп, қатты қорықтым. Қысқасы, алғашқы фобиям осы елде пайда болды (күліп).
- Жүгірген сәтте нені ойлайсыз?
- Пиццаны (күліп). Әрине, қалжың, Шынымды айтсам,мен кітап оқығанды жақсы көремін. Айфонымда аудиокітап бағдарламасы бар. Жүгіріп кетіп бара жатып кейде күніне 2 кітап оқып үлгеремін. Өзім де кітап жазамын. Тек ол үшін жүгіру барысында қолыма диктофонымды қосып аламын. Кейін ұшақпен саяхаттағанда мәтінін жазып шығамын.
- Алдағы жоспарыңыз біз үшін қызық екені сөзсіз...
- Бұйыртса, 2017 жылы әлемнің 203 елін жаяу жүгіріп өткім келеді. Әрине, ол жоспарымда Қазақстанға қайта келу ойда бар. Тек мұнда қыс уасында келмесем, жаздың аптап ыстығына шыдау қиын екен.
- Шымкентпен танысып шықтыңыз. Климатының ыстықтығына таң қалғаныңызды да байқадық. Қанша уақыт өмір сүре алар едіңіз?
- Соңғы демім қалғанша...