Құзырлы орган Аян Мейірбаевтың бостандыққа шыққанын неге жасырып келген?
2016 ж. 29 маусым
3253
3
Астаналық студент Ерасыл Әубәкіровтің өліміне қатысы бар делінген күдікті Аян Мейірбаев қамаудан босатылып, өзге үш күдіктінің қамау мерзімі 10 тамызға дейін ұзартылды. 5 айдан асқан тергеу амалдары әлі де жалғасуда.
Бұл туралы 31 арна хабарлайды.
Ал қылмыстық істе негізгі күдікті саналған Мейірбаевтың босап шығуы қоғамның наразылығын тудырды. Ресми ақпарат бойынша ол, тіпті, 7 мамырдан бастап бостандықта екен.
Негізгі күдіктінің бірі Аян Мейірбаевтың қамаудан босатылғаны қызу талқылануда. Астана қалалық прокуратурасы Мейірбаевқа қатысты бұлтартпау шарасы алынып тасталды, ол енді аталған қылмыстық істе күдікті десе, Ішкі Істер министрлігі қылмыстық құрам болмағандықтан, Мейірбаевқа қатысты қудалау тоқтатылды дейді.
"Барлық жинақталған дәлелдер мен анықталған жағдайларды ескере отырып, 2016 жылғы 7 мамырда Мейірбаевқа қатысты қамауға алу шарасы алынып тасталды. Бұл Астана қаласы прокуратурасының келісімімен жүзеге асырылған болатын", - деді ҚР ІІМ ресми өкілі Алмас Садубаев.
Достары мен құзырлы орындар, қала тұрғындары бір апта іздеп қарға көмілген денесін тапқан Ерасыл Әубәкіровтің өлімі ісін министрлік пен қалалық прокуратура қатаң бақылауға алған. Азаптап өлтірілген студенттің жақындары күдіктілер жазадан сытылып кете ме деп қауіптенген еді. Жалғыз ұлынан айырылған ана Ерасылдың өліміне қатысы барлардың қалталы жандар екенін айтқан.
"Жазасын алсын бұлар. Ұсталған, істеген адамдарды қоя береді ме деп қорқамын. Бай болса байлықтарын пайдаланып. Бай да емеспіз, ешкімге қарыз да емеспіз. Кімге не керек болды, мен ұқпаймын", - дейді Ерасылдың анасы Кенжегүл Әубәкірова.
Ал Аян Мейірбаевтың әкесі ұлы қамауға алынған соң мәселені құзырлы орындар анықтайды деп қысқа қайырған. Үкімет жиналысына қатысқан Ішкі Істер министрі Қасымов толық ақпарат сотта белгілі болатынын айтты.
Күдіктінің босатылғанын бір жарым ай өткен соң білген қоғам ресми орындардың мардымсыз жауаптарына қанағат қылар емес. Ал заңгерлер Ерасылдың жақындары он бес күн ішінде шағым түсірсе, Мейірбаев қайта қамауға алынуы мүмкін екенін ескертеді.
Дерек көзі: 31 арна