Досай Кенжетай: Сәләфизм ұстанымы «кеңестік идеологиядан» да қауіпті
2016 ж. 26 маусым
3133
1
Еліміздегі діни ахуал ең күрделі мәселелердің қатарына шығып үлгерді. Екінші мәрте қайталанған Ақтөбе оқиғасы жағдайды, тіпті, ушықтырып жібергенін жасыра алмаймыз. Ал мұсылмандар арасындағы алауыздық, қанды террактінің орын алуына сәләфизм ағымы кінәлі екеніне күмән кем. Мұны Президент Нұрсұлтан Назарбаевтан бастап, дін мамандарына дейін айғақтады. Енді жат, теріс пиғылды ұйымның әрекетіне қалай шектеу қоямыз, сәләфизм идеологиясынан қазақы құндылықтарымызды қалай сақтап қаламыз, дін ұғымы жастарымызға қалай түсіндірілуде? Белгілі дінтанушы Досай Кенжетаймен осы сынды сауалдар төңірегінде әңгімелескен едік...
Жат ағым өкілдері ұлттық құндылықтарымызды, діни танымымызды, бүкіл шежіремізді жоққа шығарып отыр. Қазақты ислмады енді ғана қабылдаған ұлт ретінде көрсеткісі келеді. Қазақ балаларын бұрынғы бабалары жүріп өткен жолына күдікпен қарауға үндейді.«Ширк» (Аллаға серік қосу, ұқсату деген сөз – авт.) пен «мүшрик» (Аллаға серік қосқан адам – авт.) деген мәселені қойып жатыр.
Кеңестік жүйе кезінде «ұлтсыздандыру идеологиясы» деген үлкен саяси жоба болған. Ал сәләфизмнің ұстанымы одан да асып түскелі тұр. Себебі, мұнда екі мәселе қойылады: адамның болмысын жою және мінезін жою. Мінез – ұлттық ерекшеліктер болса, болмыс – сол ұлттық мәдениеттің барлық қабаттары. Соның барлығына қарсы тұратын «изм»-нің атын «сәләфизм» деп атайды.Бұл бүгінде жаһандық үдерістегі діни-радикалды, эстремистік және террористік жікшіл ұйымға, мұсылмандар арасында фитна (араб сөзі – хаос, ылаң) тудыратын негізгі ағымға айналып үлгерді. Қазіргі таңда сәләфизм Қазақстанда өздерінше идеологиялық, әсіресе, миссионерлік платформасын дайындап жатыр. Олар өздерін сууриттер, макфалиттер мен тәкфириттер деп үш категорияға бөліп тастаған. Бұл – өте қате, саяси спекулятивтік, ғылыми танымға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын анықтама. Бірақ, өкінішке қарай, осы анықтамаларды, осы жалған ғылыми концепцияларды біздің қауіпсіздік кеңесі, үкімет мойындап, қабылдап қойған. Енді шегінетін жері жоқ, әлі күнге дейін осы концепциямен жүр. – Бүгінде Дін істері жөніндегі комитетте сәләфизмге тыйым салу мәселесі қаралып жатыр деген ақпарат бар. Сіз осы мәселеге қалай қарайсыз? – Мен ол туралы Президентке, Үкіметке, Парламентке – барлығына ашық хат түрінде жазғанмын. Біз бұдан үш жыл бұрын «Сәләфизмді тоқтатайық» деп дабыл қаққанбыз. Ақтөбе оқиғасынан кейін де ой-пікірімді ұсындым БАҚ беттеріне. Онда жаңағы болмыс пен мінезді сақтауды тек ағартушылықпен емес, мемлекеттік-саяси және құқықтық талаптармен қолдау қажет екенін айттым. Әйтпесе, қалғаны бос уақыт өткізумен тең. – Сонда оны мемлекеттік-саяси және құқықтық талаптармен ғана мінезіміз бен болмысымызды сақтап, жат ағымға шектеу қоя аламыз ба? – Әлбетте. Айталық, қысқа балақ пен қауға сақалға қарап, біз оларды террорист дей алмаймыз. Себебі, ол бүлік шығаруы қажет немесе адам өлтіруі керек. Сонда ғана біз оны қылмысқа тартамыз. Міне, бұл – құқықтық таным. Саған ешкім тиіспесе, тонамаса, зорламаса, пышақ тығып алмаса, оны соттай алмаймыз. Бірақ ішімізден жек көруіміз мүмкін. Осыны «құқықтық таным» дейміз. Ал сәләфизмге тек қана осы тұрғыдан қарасақ, кеше ғана Ақтөбе оқиғасы орын алды. Жазықсыз жандар жапа шекті. Енді, не қарап отырмыз? Халқымызды қырды, тыныштығын бұзды, бірлігімізге сызат салды. Бұл аз десек, құқық қорғау органдарына халықтың сенімі азаюда. «Қайда қарап отыр?» деп шулап жатыр. Бұдан артық не керек? – Демек, бізде құқықтық таным бар. Енді, не жетіспейді? – Біз бар құқықты дұрыс қолданбаймыз. Мысалы, 2011 жылы Ақтөбеде болған террористік актілер заңды өзгертуге себеп болды. Қазір заң бар. Бірақ біз оны қолданбаймыз. Оны қолдану үшін не істеу керек? Ол заңның әлеуметтік, психологиялық, моральдық қабаттарында комментарийлер жасалуы керек қой. Кәдуілгі тіршілігімізде, практикалық өмірімізде. Ол комментарийді жасайтын орталық жоқ бізде.
Заң бар, бірақ оны қадағалаушы орган, одан кейін үйлестіруші орган жұмыс істеуі керек. Мәселен, бір үйлестіруші орган бар. Ол – Дін істер комитеті, діни ахуалды бағалағанда заңдық нормаларға, зайырлық нормаларға үйлеспейтін құбылыстардың бәрін көрсетіп, жоғары жаққа ұсыныс беріп отыруы қажет. Бізде ондай механизм жоқ. Мемлекет бар, бірақ мемлекеттің ведомствоаралық байланыстары жоқ. Прокуратура мен соттың байланысы жоқ. Сот пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің байланысы жоқ. Жалпы, дін құбылысы төңірегінде проблеманы шешу үшін ведомствоаралық орталықтандырылған бір жүйе жоқ бізде.– Былайша айтқанда, 2011 жылы тиісті заң қабылданды. Бірақ оны дұрыс іске асыра алмаудың салдарынан Ақтөбеде тағы да терракт болды деуге бола ма? – Әрине! Тағы айтарым, біз дін құбылысын танымаймыз. Мемлекет ретінде дін құбылысын ғылыми тұрғыдан талдай алмаймыз. Негізі, бұл – реалды құбылыс. Біз оған сол баяғы кеңестік өкіметтен қалған көзқараспен қараймыз. Дінді реалды құбылыс деп қабылдамаймыз. Ал қазіргі жағдай дін деген құбылыстың не екенін білмейтіндігімізді көрсетті. Не екендігін білмей жатып, «Қалай?» деген мәселемен айналысып жатырмыз ғой. Алдымен не екенін біліп алып, артынан қалай айналысатын механизмін жасау қажет емес пе? Бізде ол жоқ. Бәрі ұраннан, жедел шешімнен тұрады... – Біздер дін деген құбылыстың не екенін түсінбейміз. Сол себепті, шектеу қоя алмай отырмыз. Дұрыс па? – Бізде тыйым салу керектігін мойындайды, бірақ қалай екендігіне комментарий жасай алмайды. Дұрысы, жасауға қорқады, батылдық жетпейді. Прокуратура, сот, қауіпсіздік кеңесі, дін істер комитеті – барлық құзырлы органдар жеке-жеке ұсыныс беруі керек. Бере алмайды. Берсе, анадан қорқады, мынадан қорқады... – Енді, бұл шаруа ұзаққа созылып кетпей ме? – Оны ұзартпауымыз қажет. Біз – ғалымдардың пікірінше, сәләфизмге құқықтық тыйым керек. Жоғарыда айтқанымдай, сақалына қарап, балағына қарап, оларды жазалау, ұстау, тұтқындау үшін заңның қуаты керек. Ал оны айқындайтын нормаларды қалай жасаймыз? Нормативтер жасау керек қой. «Болмайды» деген әрекеттердің шектерін анықтаумыз қажет. Айталық, бізде дін – адамның туғаннан өлгенге дейінгі аралығында көрінетін құбылыс.
Ең бірінші, адам туған кезіндегі ат қоюдан бастап, тағы басқа салт-дәстүрлер дінмен үндесіп келеді. Сәләфизм оған қарсы шығады. «Ойбай, қазақтың бұрынғы аттарын қоймаңдар! Әбдулуаһап болсын, Әбдулқаһар болсын, Әбдусамат болсын» деген сияқты ақыл айтады. Одан кейін өлім. Әлгілеріңіз «Адам қазір өлді ме, бір сағатта, тез көму керек» дейді. «Шариғат бойынша күттіру деген – харам, жетісін, қырқын беру деген – харам» деп, сенің дәстүріңді жоққа шығарады.Дәстүр деген не? Бұл – ежелден келе жатқан діни тәжірибеміз. Бұл – біздің кәсібіміз, өмір сүру салтымыз. Қазақта ас беру неден қалды? Бұрын Алтайдың арғы жағындағы бір қазақ Алатаудың етегіндегі бауырының әкесіне көңіл айту үшін жиырма күн жүріп келетін. Шындығында, ондайда ас беру шарт қой. «Мен қаралымын, мен саған ас бере алмаймын» деген ұғым жоқ. Өлім – хақ, Алланың ісі, ал ас – адамның бүгінгі қажеттілігі. Екеуін екі бөліп қарау қажет. Яғни, дін құбылысына көрінген жерден сәләфилердің сынағына немесе қарсы шыққан әрекеттеріне нақты бір құқықтық өлшемдер қойсақ, тыйым салудың ешқандай қиындығы жоқ. Олар біздің қазақты менсінбейді, қазақты басынады, қазақтың барлық салт-дәстүрін жоққа шығарып жүр. Міне, сондай қарсылықтарда «Ей, сендерге мемлекет тыйым салды» деген бір психологиялық қорған керек бізге. – Біз сәләфизмге тыйым салып, жағдайды ушықтырып алмаймыз ба?
– Әрине, мемлекетке, билікке наразылықтар болады. Тіпті, қантөгістер, террорлық актілер болуы мүмкін. Бірақ оның барлығы бір реттік, уақытша. Ал тыйым салмасақ, бүкілхалықтық қатерге, ұлттық қасіретке айналып кететіні анық. Қазақтың өзін, мұсылмандығын, мәдени болмысын екіге бөліп тастайды. Ілгерідегі дала мен қала (қазағы – авт.), оңтүстік пен солтүстік сияқты. Бұл – кеңес кезінен құрылған дуалдар. Сондай дуалдың орнына сәләфизм келеді.Сөйтіп бізді «мүшриктер» деуі мүмкін. Өздерін «таза исламның ізбасарлары» деп жариялауы мүмкін. Осылайша, тіліміз бір – орыс тілінде сөйлеуіміз немесе орыс тілділердің ықпалындағы сәләфилер болуы ғажап емес. Бұның барлығы түптің-түбінде болмысты ыдыратады. Ұлттың болмысы – мемлекетті құрып тұрған іргетас. Ал болмыс екіге бөлінсе, үстінде тұрған мемлекет түгілі, кез келген нәрсе құлап түседі. Мемлекет деген адамның денесі сияқты. Ол денеге вирус түссе, іріңдеуі мүмкін. Енді, денені сақтап қалу үшін соны кесіп тастау қажет. Сонда ғана біз болмысымызды сақтай ааламыз. – Сәләфизмге тыйым салсақ, біздің құзырлы органдарымыз соған дайын болуы керек... – Иә, қауіпсіздік комитеті, прокуратура және басқа да күштік құрылымдарымыз барлығы қанша сәләфи бар, қанша сәләфизм орталығы бар екенін білуі қажет. Егер оны білмесе, проблема содан туындайды. Меніңше, олар кімнің немен айналысып жатқанын біледі. Біледі деген сенім бар да. Егер мемлекетте ондай мәліметтер бар болса, онда олар тыйым салудан қорықпайды. Себебі, тыйым салғаннан кейін, тізімде тұрған адамдарды бақылауды одан сайын күшейтеді де, қоя салады. Тіпті, шектен асып бара жатса, ұстап алып, отыра береді. Ал егер білмесе, онда қауіп бар. Ондай жағдайда қауіпсіздік кеңесінің өзі ешқандай қауіпсіздіктен мақұрым деген сөз. - Ал басқа елдерде ондай тәжірибе бар ма? - Көп, көп қой. Мынау тұрған Өзбекстан тыйым салды. Жалпы, сәләфизмге тыйым салудан қорықпау қажет. Біз коммунизмнен бас тарттық қой? Сөз жоқ, өтірік болса да, бір коммунистік партияны кіргізіп қойдық. Дегенмен, коммунизмге тыйым салдық, әрең дегенде құтылдық. Сол сияқты сәләфизмнен де бас тарта аламыз деп ойлаймын. «Нацизм», «фашизм» деген сияқты «изм»-дердің барлығына тыйым салған жоқпыз ба? Бұған да тыйым салуға болады. Бұл - нацизмнен де өткен бәле. Қорқудың қажеті жоқ. Неге? Себебі қазаққа сену керек қой. Қазақтың мәдениетіне, дәстүріне, ұлттық негіздеріне, діни тәжірибесіне. Билік мемлекетті қазақ құрған дегенге сенсе, онда бұл мәселені жүзеге асырады. Егер сенбесе...сен, мен деп кете береміз. – Әңгімеңізге рахмет!
Арман АСҚАРОВ