Қасымды басынғаны - қазақ әдебиетін басынғаны
2016 ж. 25 маусым
2794
1
Кітап оқитын ұрпақтың азаюы азғындыққа бастау болады. Бүгінде біз жастар мәселесі, олардың тәрбиесі туралы көп айтамыз. Себебі жастар – келешегіміз. Бірақ сол жастардың мәселесіне шынайы көңіл аудардық па? Әлде үстірт қарап, бетін ғана айтып жүрміз бе?
Күні кеше ғаламторда Кривогуз көшесіндегі Қасым Аманжолов ескерткішінің үстіне шығып есірген бұзықтар туралы бейнежазба жарияланды. Ащы суға бөгіп алған екі жігіт дауылпаз ақынның ескерткішіне шығып, суретке түсіп, қолдарын көтеріп айқайлап, мойынына өрмелеп, басына шығуға талпынып біраз есерлік қылады. Ал олардың құрбысы бұзақыларға қой деудің орнына олардың осы әрекетін суретке түсіріп әлек.
Бұзақылардың бұл әрекетінің бәрі көшедегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Көп ұзамай оқиға орнына полиция қызметкерлері де келіп жетті. Жаңа ғана есіріп тұрған жігіттер алды-артына қарамай қашып кетуге талпынған еді. Алысқа ұзамай қолға түсті. Бірақ олардың іс-әрекетінен өздерінің ісіне өкінушілік байқалмайды. Қайта полицейлерге қарсылық танытып, өздерінің «кінәсіз» екендігін дәлелдеуге тырысып, көлікке мінбей біраз қиғылық салды.
Бейнежазбада олардың не айтқаны естілмейді. Бірақ екі бұзыққа дем беріп жүрген құрбыларының оларды полицейлердің ұстап әкеткеніне реніш танытып, көліктің есігін ашып, жігіттерді шығарып алуға талпынған сәті де анық көрсетіледі. Патрульдік полиция қызметкерлері бұзақыларды бөлімшеге алып барып, бірнеше бап бойынша әкімшілік хаттама толтырған. Соның бірі – мас күйінде қоғамдық орында жүру және бұзақылық жасау. Енді айыппұл төлеп, істеген ісіне жауап беретін болады.
Дұрыс-ақ.
Бірақ бұл істі жай ғана тәртіп бұзу, бұзақылық деп жылы жауып қоя салуға бола ма? Әрине, жоқ. Бұл – бүгінгі жастардың, қоғамның бейнесі. Қазір жастар кітап оқымайды. Кітап оқитындары әдебиеттің, журналистиканың айналасында жүр. Басқа салада жүрген оқырман саны тым аз. Көшеге шығып, біз үшін танымал болған ақын-жазушының атын сұраңызшы, он адамның тоғызы білмейді. Тіпті, Абайдың елі Семей қаласының өзінде Абай өлеңдерін оқымаған қазақ толып жүр. Осыдан соң жастарда қандай мәдениет болады? Қасымның кім екенін білмейтін мына бұзықтар тас мүсінге емес, әдебиеттің үстіне шыққанын ұғар ма екен? Ұқса да тайсалмас, бәлкім. Бұлар үшін әдебиет «қиялилар» әлемі емес пе?..
Аймақтық "Арқа ақшамы" қоғамдық-саяси газеті (№23 (157) 23 маусым 2016 жыл)