Лаңкестердің отбасыларына көңіл айту қажет пе?
2016 ж. 14 маусым
2069
0
Ақтөбедегі атыс. Теракт. Еліміздегі БАҚ-тың басты тақырыптарына айналған осы сөздер елді біраз дүрбелеңге салды. Берекесі артып, ынтымағы жарасқан Ақтөбе тұрғындары ғана емес, бүкіл Қазақ елі лаңкестер қолынан қаза тапқандарды аза тұтты.
Бір-екі күн не болғанын түсінбей қалған билік, есін жиғасын Ақтөбеге қарай тартыла бастады. Көшті Мұхтар Құл-Мұхаммед бастады. Қайтыс болғандардың отбасына көңіл айтып, аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев қаржылай қолдау көрсетті.
Ақтөбе ғана емес, жалпы еліміздегі мешіттерде қызмет ететін имамдардың сәләфизм секілді өзге ағымдағы қандастардың бетін бері қаратуға шамасы келмейтіндіктерін тағы бір көрдік.
Ендігі мәселе – лаңкестермен күрес. Иә, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қарсылық танытқан экстремистердің көзін жою туралы баса айтты. Күрестің басқа амалы жоқтығын билік те, халық та жақсы түсінеді.
Бірақ... Белгілі қоғам қайраткері Амангелді Айталы лаңкестердің отбасыларына да көңіл айту керек деген үндеу тастады. Осы орайда Шешенстан Республикасының президенті Рамзан Қадыровтың өз еліндегі бір терактіден соң жасаған мәлімдесі есімізге түсіп отыр. Ол лаңкестердің отбасын, жақындары мен туыстарын қатаң тексеру қажеттігіне тоқталған еді. Және олардың лаңкестерге, мейлі ол туған баласы болсын, көмектескендігі дәлелденсе, оларға да қатаң жаза қолдану керектігін алға тартқан еді. Ал бізде ше?
Егер лаңкестің әкесі немесе анасы, ағасы яки досы оған көмектессе, демек ол да террорлық әрекеттің бір мүшесі. Ол да қылмысқа қатысы бар адам. Демек қаза тапқан бейбіт тұрғындар үшін ол да жауап беруге тиісті. Біздің құзырлы органдар осы мәселені жіті қадағалап, тексереді деп сенеміз. Халықты бөле жарудан аулақпын, бірақ қылмысты жасаған адам да, оған септескен адам да тиісті жазасын алғаны жөн.
Алтай Сағидолда, Астана қаласы
qazaquni.kz