Апталық ауыс-түйіс: Кім қайда барды?
2016 ж. 11 маусым
3051
3
Осы аптада жергілікті атқарушы органдарда бірқатар кадрлық ауыс-түйіс орын алып, үш облыстың прокуроры ауысқандығы белгілі болды. Мұнан бөлек, осыдан бірақ уақыт бұрын Ауыл шаруашылығы министрі қызметінен өз еркімен кеткен Асылжан Мамытбековтың Астана банкінің тәуелсіз директоры болып сайланғаны хабарланды. «ҚазАқпарат» апта ішіндегі осы және өзге де тағайындауларға шолу жасайды.
Асылжан Сарыбайұлы Мамытбеков 1968 жылы 17 қыркүйекте Оңтүстік Қазақстан облысының Шымкент қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін және Қазақ Мемлекеттік Басқару академиясын тәмамдаған. 1998-1999 жылдары - Қостанай облысының жер ресурстарын басқару жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары. 1999 жылдары - Қостанай облыстық қаржы басқармасы бастығының орынбасары. 1999-2000 жылдары - Қостанай облыстық Қаржы департаменті директорының орынбасары. 2000-2003 жылдары - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қостанай облыстық Қазынашылық басқармасының бастығы. 2003-2004 жылдары - Қостанай облысы әкімінің орынбасары. 2004-2006 жылдары -. Астана қаласы әкімінің орынбасары. 2006-2007 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары. 2007-2008 жылдары - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесі Басшысының орынбасары. 2008-2011 жылдары - «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма Төрағасы. 2011 жылдың сәуірінен бастап Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі болған. «Құрмет» орденімен марапатталған.
Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Жақып Асановтың 2016 жылғы 10 маусымдағы №133/6 бұйрығымен, Қазақстан Республикасы Президентінің келісімімен 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі Сапарбек Айтуұлы Нұрпейісов Батыс Қазақстан облысының прокуроры қызметіне тағайындалды.
Ол 23 ақпан 1960 жылы Тәжік ССР-інің Колхозобад ауданы Тұғалай ауылында дүниеге келген, ұлты қазақ. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Атырау облысы прокурорының бірінші орынбасары, Астана қаласы прокурорының орынбасары, ҚР Бас прокуратурасының Мемлекеттік органдар қызметінің заңдылығын қадағалау департаменті бастығының орынбасары, ҚР Бас прокуратурасының Тергеу және анықтау заңдылығын қадағалау Департаменті бастығының орынбасары қызметтерін атқарған. 2012 жылдан Қызылорда облысының прокуроры қызметінде болған. 2-дәрежелі «Айбын» орденімен, Қазақстан Республикасына 10 жыл, Астана қаласына 10 жыл, Қазақстан Республикасының автожолдарына 10 жыл медальдарымен марапатталған.
Ал Батыс Қазақстан облысы прокурорының орынбасары, аға әділет кеңесшісі Халидолла Зейноллаұлы Дәуешов Қызылорда облысының прокуроры қызметіне тағайындалды. Ол 1964 жылы 14 қарашада дүниеге келген. 1991 жылы С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дің заң факультетін тамамдаған. Еңбек жолын сол жылы прокуратурада машықтанушы болып бастап, Атырау қаласының прокурорының көмекшісі, бөлім бастығы сияқты қызметтерді атқарды. Атырау облысы прокуратурасында жалпы қадағалау бөлімінің бастығы, ҚР Бас прокуратурасы басқармасының аға прокуроры, департаменттің аға прокуроры, одан кейін Орал қаласының прокуроры, Атырау облысы прокуратурасында бөлім бастығы, Атырау облысының Жылыой, Мақат аудандарында прокурор, Атырау қаласының прокуроры, Жамбыл облысы прокурорының орынбасары, Батыс Қазақстан облысы прокурорының орынбасары секілді лауазымдарды атқарып келген.
3-ші дәрежелі мемлекеттік әділет кеңесшісі Қараманов Серік Сәдуақасұлы Павлодар облысының прокуроры болып тағайындалды.
С.Қараманов 1955 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келді. С.Киров атындағы ҚазМУ-дің заң факультетін бітірген. 1984-1986 жылдары - Алматы қаласы Октябрь ауданы прокурорының орынбасары. 1986-1991 жылдары - Алматы қаласы Алатау ауданының прокуроры. 1991-1995 жылдары - Алматы қаласы прокурорының орынбасары, 1995-1998 жылдары - Жамбыл облысының прокуроры, 1998-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Бас Прокуратураның азаматтық, әкімшілік, шаруашылық істер және атқарушылық өндіріс бойынша сот қаулыларын қадағалау Департаментінің басшысы, 2001-2004 жылдары - Шығыс Қазақстан облысы прокурорының орынбасары, 2004-2005 жылдары - Қазақстан Республикасы Бас Прокуратураның қылмыстық істерді сотта қаралуын қадағалау бойынша Департамент бастығы, 2005-2007 жылдары - Қарағанды облысының прокуроры, 2007-2008 жылдары - Қазақстан Республикасы Бас Прокуратураның арнайы прокурорлар басқармасының басшысы, 2008-2009 жылдары - Астана қаласы прокурорының орынбасары, 2009-2010 жылдары - Астана қаласы прокурорыныңбірінші орынбасары, 09.12.2010 - 06.09.2012 жылға дейін - Қазақстан Республикасы Бас Прокуратураның арнайы прокурорлар Департаментінің басшысы, 2012 жылдың қыркүйек айынан бастап, Батыс Қазақстан облысының прокуроры қызметін атқарды. Қазақстан Конституциясына 10 жылмерекелік медалімен, «Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталған.
Бибігүл Аққужина Қостанай қаласы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі жаңа орынбасары болып тағайындалды. Б.Аққужина 1971 жылы Қостанай облысындағы Урицкий ауданының Қара-Оба кентінде дүниеге келген. Білімі жоғары, 1997 жылы А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін «психология оқытушысы» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2000 жылдан бері мемлекеттік қызметте. Бұған дейін А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ-да психология пәні оқытушысы, облыстық мемлекеттік қызмет істері басқармасында бөлім басшысы, облыстық ішкі саясат басқармасының талдау және мониторинг бөлімінің басшысы қызметтерін атқарды. Бүгінгі тағайындауға дейін облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды.
Астана қаласы Білім басқармасының басшылығы қызметіне Қасымхан Сенғазыев тағайындалды. Қасымхан Сенғазыұлы 1981 жылы 21 қарашада Алматы қаласында дүниеге келген. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін, Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін тәмамдады. Алматы қаласының және Алматы облысының мектептерінде мұғалім болды, Алматы қаласының жеке құрылымдарында қызмет етті. Астана қаласының №21 орта мектебінің, №49 орта мектебінің директоры қалалық Білім басқармасы басшысының орынбасары, Астана қаласы «Алматы» ауданы әкімінің орынбасары болды.
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Басқарма Төрағасы болып Омаров Жандар Даниярбекұлы сайланды. Ж.Омаров М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «Бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығы бойынша; АӨК экономикасы және ауылдық аймақтарды дамыту ҒЗИ «Экономика және халық шаруашылығын басқару» мамандығы бойынша; University of Stirling (UK) магистратурасын «Болашақ» стипендиалдық бағдарламасымен «Қаржы» мамандығы бойынша тәмамдады. Еңбек жолын 2001 жылы бастап, қоғамдық ұйымдар, бизнес-құрылымдар, мемлекеттік қызметте жұмыс жасады. «ҚазАгроИнновация» АҚ, «С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» АҚ директорлар кеңестерін басқарған. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылық министрлігінің Стратегиялық жоспарлау және инновациялық саясат департаменті, Стратегия және корпоративті даму департаменті директорының орынбасары, Ғылым департаменті директорының қызметін атқарған. «Максимум» Аймақтық инвестициялық орталық» АҚ басқарма төрағасы, «ЮгРегионПласт» ЖШС басқарушы директоры қызметтерін атқарады.
Дерек көзі: ҚазАқпарат