Ақтөбе оқиғасына байланысты ҚР Қорғаныс министрлігі күшейтілген режимге өтті
2016 ж. 05 маусым
2403
1
Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов барлық әскери бөлімдерді күшейтілген режимге көшіру туралы бұйрық берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі министрліктің баспасөз қызметінің жетекшісі Жанар Колбачаеваға сілтеме жасап.
"Қазіргі уақытта күшейтілу жүріп жатыр. Қорғаныс министрі осы жағдайға байланысты елдегі барлық әскери бөлімдердің күшейтілген режимге өтуі туралы бұйрық берді. Барлығына жеделхат жолданды, қазір бөлімдер осындай режимге көшеді", - деп хабарлады телефон арқылы Колбачаева.
Ол Ақтөбеде болған оқиғаның қорғаныс ведомствосына тікелей қатысы жоқ екенін айтады.
"Антитеррорлық жағдайлар бізге тікелей қатысты болмағандықтан, жауапты құзырлы органдар қазіргі уақытта іс-шаралар кешенін жүргізіп жатыр. Ал біз өз тарапымыздан әскери бөлімдердің күшейтілген режиміне өттік", - деді баспасөз қызметінің жетекшісі.
Еске салайық, бүгін Ақтөбенің бірнеше ауданында атыс болған еді. ҚР ІІМ өкілдері белгісіздердің "Паллада" қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасағаны жайлы хабар келіп түскенін хабарлады. Сонымен қатар тағы бір қару-жарақ дүкеніне және Ұлттық гвардияның әскери бөліміне шабуыл жасалғаны белгілі болды. Арнайы операция кезінде "Паллада" дүкенінің сатушысы қаза тапты және бір адам жарақат алған. Ал әскери бөлімде шабуылға тойтарыс беру кезінде бір офицер мен келісімшарт бойынша әскери қызметші қайтыс болды. Тоғыз әскери жарақат алды.
ІІМ мәліметінше, шабуыл жасағандардың бірі ұсталды, үшеуінің көзі жойылды, біреуі жарақат алды. "Қазіргі уақытта бірнеше қылмыскер блокқа түсірілді, бірнешеуі жасырынып үлгерді", - деді ҚР ІІМ ресми өкілі.
Дерек көзі: tengrinews.kz