Бозымбаев тек қазақ тілінде ғана сұхбат беруге уәде етті

бозымбаев

Өткен аптада Қазақстанның энергетика министрі (есім-сойы ел-жұртқа әкімдіктегі қызметі арқылы таныс) Қанат Алдабергенұлы Бозымбаев журналистерге қазақ тілінде сұхбат беруден бас тартты деген ақпарат БАҚ-та қызу талқыланды. Әуелде, ҚР Энергетика министрлігіне хабарласып, мәселенің анық-қанығын білмек болғанымызда, Қанат Алдабергенұлының қабылдау бөлмесіндегі хатшы қыз бір сұраққа бір аптадан соң жауап ала алатынымызды айтып еді. Өзгерткеніміз жоқ, өз сөзі: «Ол кісі қазір бос емес. Бұл мәселемен біздің министрліктің баспасөз қызметі айналысады. Айтпақшы, ол жаққа келер аптада хабарласқаныңыз жөн. Қазір олардың қолдары тимейді. Сондықтан, бүгін-ертең олар мүлде жауап бере алмайды. Келер аптада хабарласыңыз…» Бүгін министр мырзаның хатшысымен тілдескенімізге тұп-тура бір апта болды. Уәде етілген жауап бүгін берілуі тиіс-тін. Қазақ тілінде сұхбат беруді қиынсынған Қанат Алдабергенұлының қабылдау бөлмесіне қайта хабарластық.  Хатшы қыз – Әсия Еркінқызы министр мырзамен сөйлестіре алмағанымен, баспасөз хатшысымен байланыстырды. -Біз осыдан бір  апта бұрын хабарласқан едік, жұмыстарыңыз тым-қауырт екен, байланысқа енді ғана шығып отырсыздар… -Мен баспасөз хатшысы боламын. Аты-жөнім Асқар Жалдинов. Қандай мәселемен хабарласып едіңіз? -Өткен аптада министр Қанат Алдабергенұлы журналистерге қазақ тілінде сұхбат беруден бас тартқан екен. Министр мырзаның Мемлекеттік тілден ресми тілге жүгінуіне не себеп болды? -Нұреке, бұл жерде мәселе мынадай ғой. Қанат Алдабергенұлы 24-мамыр күні Астанада өткен жаңартылатын энергия көздері бойынша саммитке қатысты. Саммитте арнайы баяндама жасаған соң, БАҚ өкілдерімен кездесті. Ол жерде әуелі министр мырза, журналистерден энергетика саласына қатысты терминдердің көптігіне байланысты ресми тілге жүгінуге тура келді. Ең әуелі Қанат Алдабергенұлы ол жердегі журналистерден рұқсат сұрады. Жағдайды түсіндірді. Сол жердегі журналистер өздері рұқсат берген соң ғана орыс тілінде сұхбат жасады ғой. -Сонда, министрдің сұхбаты тек терминдерден түзілгені ме? -Негізі бұл терминдердің қазақ тіліндегі аудармалары әлі тұрақты қолданысқа енбегендіктен, солай жасаған еді. Қазір министр мырза бұл терминдердің барлығының аудармасын жаттап жатыр. Ендігі сұхбаттарын түгелдей қазақ тілінде жасайтын болады. Алдымызда 6-маусым күні Астанада Қанат Алдабергенұлы халық алдында есеп береді. Сол жерде министр қазақ тілінде сұхбат беріп, баяндамасын мемлекеттік тілде жасайды. -Жақсы солай болады деп үміттенейік… -Жақсы Нұреке, бұл жерде министр рұқсат сұрағаннан соң ғана, ресми тілге жүгінген еді. Сондағы журналистердің өздері рұқсаттарын берген еді… Келер жолы бұл ескеріледі. Қанат Алдабергенұлы, қазақ тілін қиынсынып, аударылмаған терминдерді себеп қылған соң, біз министр мырзаның баяндамасын назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік. Астанада өткен саммиттегі 451 сөзден тұратын Қанат Алдабергенұлының баяндамасының 59 сөзі қазақ тілінде жазылыпты. Бұл тілдік дискриминация емес пе? Жоқ әлде…  ҚР Конституциясына сәйкес Жоғарғы мінберлерде екі тілде де баяндама жасауға рұқсат бар десек те, аралас мәтіндерде балланс сақталуы керек емес пе еді? Бұл бірінші мәселе. Әрі қарай, министр мырзаның баяндамасындағы «терминдерге» тоқтала кетейік. Қанат Алдабергенұлы айтып отырған, аудармасы тым күрделі терминдер мыналар болса керек: «глобальной энергетической проблемы,парниковых газов, исчерпаемостью невозобновляемых топливно-энергетических ресурсов, экономика, возобновляемые источники энергии (ВИЭ) фактор,  потенциал, экологичность,  ископаемое сырье, генерация,балансирования,  энергосистемы, электроэнергии, средне отрасль, механизм, нормативно-правовой базы, анализ, углеводороды, конкурентоспособности, инфраструктуры, минимизировать, тарифы».   ҚР Энергетика министрі Қанат Алдабергенұлы Бозымбаевтың қиынсынған қазақ тіліндегі энергетика саласына қатысты терминдерді жаттап жатқанын естідік. Министрдің хатшысы келер жолы Қанат Бозымбаевтың тілдік дискриминацияға жол бермейтінін айтып, «БАҚ алдында  қазақ тілінде сұхбат береді» деп уәде етті. Бұл да уақыттың еншісінде. Нұргелді Әбдіғаниұлы Abai.kz