АЛМАТЫДА 16 МИЛЛИОН ТЕҢГЕСІМЕН ҰРЛАНҒАН СЕЙФКЕ ҚАТЫСТЫ МӘЛІМЕТ БЕРГЕН АДАМҒА СЫЙАҚЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ (ВИДЕО)

Алматыда 16 миллион теңгесімен ұрланған сейфке қатысты мәлімет берген адамға сыйақы тағайындалды , - деп жазады Qamshy.kz.

Алматы қаласы Алмалы ауданындағы пәтерлердің біріне 25 сәуір күні ұры түскен. Белгісіз үш адам ол пәтерден тұрмыстық техника, алтын бұйымдармен бірге ішінде 16 миллион теңге ақшасы бар сейфті де ұрлап кеткен.  Үй иесі ұрылар сейфті шаңсорғыштың қорабына салып алып шыққан. Болған оқиға пәтер мен тұрғын үй кіреберісіндегі бейнебақылау камераларына жазылып қалған.

Үйі тоналған азамат Рауан Әбдірахманов 16 миллион теңге ақшамен бірге үйінен ұрланған заттардың жалпы құнын 17 миллион теңгеге бағалап отыр.

Р. Әбдірахманов қылмыскерлер туралы қандай да бір мәлімет ұсынған адамға 350 мың теңге көлемінде сыйақы беруге әзір екендігін айтады.

«Бұл жерде менің мақсатым тек өз дүниемді тауып алу ғана емес. Соңғы уақытта осындай пәтер тонаушылар туралы жиі еститін болдық. Тіпті, ұрылар үйдің айналасындағы бейнекамералардан да сескенбейтін болған. Ол камерадағы жазбаларда қылмыскерлердің түр-тұлғасы, бет әлпеті анық көрінеді. Мен азаматтарды оларды іздеуге, сол арқылы ұрылардың ұсталуына көмектесуге шақырамын. Сол мақсатта өз тарапымнан ұрылар туралы мәлімет берген адамға 350 мың теңге сыйақы беруге әзірмін», - дейді ол.

Пәтер тонаушылар туралы қандай да бір мағлұмат білетін азаматтар төменде көрсетілген байланыс құралдары арқылы Р. Әбдірахмановқа хабарласа алады.

Эл. пошта: M.rauan@gmail.com, телефондар (727) 254-46-12, (727) 254-46-14  – Алмалы АІІБ кезекші бөлімі;

«Қамшы» сілтейді