Жерлердің банктердің иелігіне өтіп кету қаупі бар – А. Перуашев
2016 ж. 22 мамыр
3162
2
Ауыл шаруашылығының жүйелі қаржыландырылуын қамтамасыз ету қажет, деді Жер реформасы жөніндегі комиссияның кезекті отырысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев.
«Кез-келген кәсіпкер жеке меншікті қолдайды. Ол нарықтық экономиканың заңдылығы десе де болады. Сол себептен біз стратегиялық бағыт ретінде отандастарымызға жерді сатып алуға мүмкіншілік беруіміз керек. Әрине ол тек қазақстандықтарға. Ал басты мәселе, менің ойымша, жеке меншікте емес. Басты мәселе — тәртіпте. Комиссия қабылдаған шешім ел үшін табысты болуы керек. Тәртіп ашық, адал, нақты болуы керек деп санаймын», – деді депутат. Оның айтуынша, жерді сатылымға шығаруға асықпау керек, себебі бұнда шешілмеген мәселелер өте көп. «Егер жерді инвестиция көзі ретінде қарайтын болсақ, онда мәселенің екінші жағы бар. Жер жеке меншік болса, адамдар оны кепілдікке қоя бастайды. Ертең олар пайданы бір рет алады, екіншісінде шығынға батып қалуы ғажап емес қой, ауыл шаруашылығы аумалы-төкпелі шаруа, қауіп-қатері өте көп. Ертең сосын ол жерлердің иесі банктер болып қалмақ. Бірақ банк жерді мемлекет сияқты төмен ставкамен жалға бермейді. Ертең банктер ауылшаруашылық жерлерін өз меншігіне айналдырып алады да, шаруалар қайтадан жалға алушы ретінде қалады. Сондықтан ауыл шаруашылығын қаржыландырудың жүйелі болуын қамтамасыз ету қажет», — деді ол.