«АҚ ЖОЛ» айтады – АССАМБЛЕЯ істейді
«Бүгін бір уақытта 10 мыңға жуық қазақстандық қазақ тілінде ашық диктант жазды. Қазақстан халқы Ассамблеясы бастаған шара республикамыздың барлық өңірінде өтті. «Мәңгілік ел» тақырыбы арқау болған сынақ бір сағатқа созылып, оған кез келген адам қатыса алды. «Бұл акция қоғамдық келісім мен ынтымақ-бірлікті нығайтуға бағытталған. Сондықтан ол дәстүрлі шараға айналып, жалғасын табады», - дейді ұйымдастырушылар» -деп хабарлады 24.kz арнасы.
Бәрі дұрыс, ынтымаққа үндеп, ұлттық мүддені ұлықтаған мұндай маңызы зор шараны қос қолдап қолдаймыз.... Ассамблеяға рахмет айтамыз! Бірақ...
Мемлекеттік тілде «Жаппай диктант» жазуға бастаманы Қазақстан халқы Ассамблеясы емес, осыдан тура екі жыл бұрын 2014 жылы «Ақ жол» партиясы көтерген еді. Және тақырыбы етіп те, «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын алуды ұсынған болатын. Бұл туралы 14 мамыр күні ҚР Парламенті Мәжілісінің пленарлық отырысында фракция атынан депутат Алмас Тұртаев мәлімдеген еді... «Ақ жол» партиясы еліміздің Мемлекеттік тілінде шығарма ретінде жазылатын «Жаппай диктанттың» биылғы жылғы тақырыбы етіп, «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын алуды ұсынады. Ақжолдықтар бұл акцияның Отан сүйгіштікке тәрбиелеудің элементтерінің бірі және әрбір азаматтың өзіне пайдалы, болашағына қажет болатынына сенімді. Сондықтан да аталған шараны қалаларда, ірі елді мекендерде, барлық деңгейдегі оқу орындарында жауаптыларды бекітіп, қажетті құралдармен қамтамасыз ете отырып мемлекеттік деңгейде ұйымдастыру қажет деп санайды»- деп атап көрсетілген болатын Премьер-Министрге жолданған депутаттық сауалда.
(
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ “ЖАППАЙ ДИКТАНТ” ЖАЗУ шарасын өткізу қажет! http://www.qazaquni.kz/?p=23968)
Бұны басқа білмесе де, Қазақстан халқы Ассамблеясының баспасөз хатшысы, белгілі журналист Құрманбек Жұмағали жақсы білсе керек еді... Сондықтан қарапайым этика үшін «Ақ жолға» сілтеме жасай кеткені де артық болмас еді...
Мейлі ғой, кім бастама көтерсе де, біз үшін ең маңыздысы - еліміз үшін игілікті идеяның іске асқаны... Өйткені, талай көтерген бастамаларымызды билік сол кезде елемеген түр көрсеткенімен, екі-үш жылдан кейін өз аттарынан жайбарақат айдарынан жел есіп тұрып, іске асыра беретініне етіміз үйреніп қалған...
Енді тағы бір ел үшін ерекше мағызды ұсынысымызды Қазақстан халқы Ассакмблеясының естеріне салып қоюды жөн көрдік...
Былтыр 2015 жылдың басында үш министрлік пен Қазақстан халқы Ассамблеясы тізе қосып өткізген жиналыста "Ақ жол" партиясы төрағасы орынбасары, "Қазақ үні" газеті президенті, ақын Қазыбек Иса мынадай маңызды ұсыныс жасады:
"Қазақстан Халқы Ассамблеясы еліміздегі ынтымақ пен татулықтың тірегі, Елбасымыздың жүргізіп отырған ұлтаралық саясаттың Қазақстандық моделі ретінде белгілі. Иә, Ассамблеяға 20 жыл болыпты! “Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы” атты тұжырымдамада:
“Қазақстанда мемлекеттік тілдің рөлі шешілген. Мемлекеттік тілді меңгеру – әрбір Қазақстан азаматының парызы мен міндеті болуы керек. Бұл рухани және азаматтық келісімнің басты факторы”-деп атап көрсетілгені қуанышты жәйт. Ендеше, Ассамблея ҚР Президенті Н.Назарбаевтың “Қазақстан -2050″ стратегиясынан туындайтын өзінің негізгі ұстанымы ” Бір халық, бір ел, бір тағдыр” атты үштағанды Тәуелсіздігімізге ширек ғасырдай -24 жыл болып отырғанда,
Ассамблеяға 20 жыл толып отырғанда тағы бір елдіктің ең негізгі тірегінің бірі – мемлекеттік тіл мәселесін қосып, ” Бір халық, бір ел, бір тағдыр, бір тіл” етіп, төрт таған ететін уақыты жеткен жоқ па? Төртеу түгел болса, төбедегі келеді” дейді халық даналығы. Осы төрттағанды Қазақстан Халқы Ассамблеясы ұсынып, өмірге енгізсе деп сұраймыз".
Міне, нағыз, Қазақстан Халқы Ассамблеясы іске асыратын бастама осы. Сол жиында Ассамблея басшылары бұл бастаманың қатты ұнағанын, қолдайтындықтарын айтып, сөз де сөйлеген болатын.
Бұл Ассамблеяның 21 жылдағы ең елсүйер еңбегі болар еді...
Махамбет ЕРҒАЛИ
gu-gu.kz