Серік Ахметов пен онымен бірге сотталған басқа шенеуніктерді қайта сотқа берді
2016 ж. 18 мамыр
3027
0
Қарағанды қалалық әкімдігі Серік Ахметов пен онымен бірге сотталған бұрынғы шенеуніктерді қайта сотқа берді деп хабарлайды Астана арнасы.
Екі бірдей шағым №2 Қазыбек би аудандық сотында қаралатын болады. Әкімдік «Еуростандарт Қарағанды» серіктестігі мен «Мәдениет және демалыс саябақтары» басқармасына келген 3 жарым млн теңгеден астам шығынды өндіруді соттан сұрап отыр. Мұнан бөлек «Қалалық Жарық» мекемесі эпизоды бойынша 202 млн теңге өндіріп беруді сұраған.
Арыздардың көшірмелері түзету мекемелерінде жазасын өтеп жатқан Серік Ахметов пен облыстың бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішевке, сондай-ақ тағы екі сотталған шенеунікке жіберілді. Тараптар мамырдың 19-ы күні алдын ала тыңдауға шақырылады.
"Қарағанды қалалық әкімдігі Серік Ахметов, Бауыржан Әбдішев пен Жәкенов, Адамбековтерден шамамен 200 млн теңгеден астам қаржы өндіріп беруді соттан сұрады. Азаматтық істер жуық арада қаралады", - дейді Қарағанды облыстық сотының баспасөз хатшысы Гүлбаршын Жітікова.
Еске сала кетсек, 2015 жылғы желтоқсанда Серік Ахметовке бюджет қаржысын ұрлады, пара алды, қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды және заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты деген айып тағылған болатын. Экс-премьер Серік Ахметов 10 жылға бас бостандығынан айырылған.
Дерек көзі: Астана арнасы