«АҚ ЖОЛ» «ӘЛЕМ ХХІ ҒАСЫР» МАНИФЕСІН ҚОЛДАЙДЫ
2016 ж. 17 мамыр
2690
0
«Ақ жол» демократиялық партиясы Қазақстан Республикасының Президенті Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитінде Американың саяси және қоғам қайраткерлері, әскери ұйымдар басшылары алдында сөз сөйлеп, жария еткен «Әлем ХХ1 ғасыр» атты манифесін толығымен қолдайтынын мәлімдейді.
Бұл манифес тек біздің еліміз, халқымыз үшін ғана емес, бүкіл адамзаттың, өркениеттің дамуындағы аса маңызды мәселені көтеруімен бағалы. БҰҰ-ның ресми құжаты ретінде тіркелген Президент манифесін әлем жұртшылығы жан-жақты талқылап, ықылас білдіріп отыр. Манифестің басты құндылығы – халықаралық қоғамдастықты ядросыз әлем құруға үндеп, бейбітшілікті сақтаудағы әлемге төнген қауіп-қатердің алдын алу жолдарын көрсетуі. Мемлекет басшысы адамзат үлкен үмітпен қадам басқан жаңа ғасырды жанжалсыз бастап, жаңа жетістіктермен өткізуге шақырып, «ХХ1 ғасыр: соғыссыз әлем» атты бағдарлама құру қажеттігін және оны қандай бағыттарда жасақтау тетіктерін ұсынып отыр. Біз аталған манифесті Қазақстан Президентінің бүкіл әлемде соғыс атаулыны болдырмаудағы, бейбіт өмірді сақтаудағы тың қадамы деп санай отырып, Елбасымыздың Қазақ еліндегі бірлік, татулық, өзара түсіністік идеясын әлемдік деңгейге алып шыққанын толығымен құптаймыз. «Ақ жол» партиясы тәуелсіздікті, халқымыздың ынтымағын жасампаздық игілігіне жаратып жүрген Қазақстанның алар асуларының биік, еңбегі жемісті болатынына сенім білдіріп, соған лайықты үлес қосуға әрбір қазақстандықты шақырады.
qazaquni.kz