Танымал журналист-жазушы Жер комиссиясы құрамына ұсыныс жасады
2016 ж. 17 мамыр
2481
0
ҚР ЖЕР РЕФОРМАСЫ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ Б.Ә. САҒЫНТАЕВ МЫРЗАҒА ЖӘНЕ КОМИССИЯ МҮШЕЛЕРІНЕ ЖАҢА АУЫЛ ӨНДІРІСІН ҚҰРУ ТУРАЛЫ ҰЛЫ ДАЛА ҚЫРАНДАРЫ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ҰСЫНЫСЫ
/Ұсыныс. Идея. Жаңалық/.
Қазақтың жаны ауылды сақтаудың бірден-бір жолы: «Жаңа ауыл өндірісі» атты құрылымды ашу болып табылады. Біздің ауылдағы қазақ қоғамына оңды өзгерістер мен жаңа сілкініс қажет. Біз өзгерісті төменнен-қалың әлеуметтен, алдымен, ауылдағы қарапайым халық ортасынан бастағанымыз жөн. Республика халқының 45,7 пайызы ауыл, селоларда өмір сүреді. Көбінің тіршілігі-тіршілік емес, өгіз өлмес, арба сынбас жағдайда. – Одан шығудың жолы бар ма? – Бар. Ол еліміздегі барлық 7232 ауылдарда ең бірінші кезекте «Жаңа ауыл өндірісін» құру». Бұл жаңа құрылым іске асқан жағдайда ауылымыздың айы оңынан туып, жұлдызы жарқырайтын болады. Елбасының ауылды түлетуге арналған бастамаларын толығымен қолдаймыз. Адалдық үшін айтуымыз керек, ел егемендігін алғаннан бері ауыл шаруашылығын дамытуға арналған жүздеген бағдарламалар мен шаралар қабылданып, іске қосылды. Олар аз да болса нәтижесін беруде. Бақандай 3-жылды ауылға арнадық, Колхоз, совхоздардың орнына жекеменшік шаруа қожалықтары, акционерлік ұйымдар құрылды. Біздің сараптаумызша алғанда шаруа қожалықтары өз миссияларын орындады. Енді олардың орнына жаңа, тың ауылшаруашылық ұйымы келгенін дұрыс деп санаймыз.
Бұл жерде айтатынымыз, ауылға және ауыл шаруашылығына арналған барлық бағдарламаларды оның ішінде, шаруа қожалықтары, «Сыбаға», «Ауылдағы ауыз су» және тағы басқа шараларды қайта қарап, зерттеу жүргізіп, реттеп, бір жүйеге, бір арнаға біз ұсынып отырған «Жаңа ауыл өндірісіне» тоғыстыру керек. Біздің қозғалыстың «Жаңа ауыл өндірісі» бағдарламасын ашудағы негізгі көздеп отырғаны: қазақтың алтын бесігі ауылды сақтап қалу; ауыл өркениетін қалыптастыру; ауылда жастарды тұрақтандыру. Шындығын айтайық, ауылымыз қартайып барады. Ауылда күннен-күнге бұрынғы жылдармен салыстарғанда жалындаған жастардың қатары сиреп барады. Біреулер қалаға білім іздеп кетсе, енді біреулер екі қолға бір күрек тауып жұмыс істеу үшін кетеді. Сондықтан да, «Ұлы Дала Қырандары» қоғамдық мәдени-әлеуметтік қозғалысы ауылды жақсартып, қайта түбегейлі түлету үшін жаңа құрылым құру қажет деп есептейміз. Оның аты – «ЖАҢА АУЫЛ» өндірістік бірлестігі. Ол бұрынғы колхоз тұрғысында құрылып, жұмыс істейді. Сонда ауылда жұмыс болады, ауылға жан бітеді, адамдардың тұрмыс-тіршілігі өзгереді. Түйіндеп айтқанда, ауылдың өсіп-өркендеуі, өркениетке қол жеткізуі жаңа құрылымды құрып, оның шаруасын дөңгелетіп үйлестіріп әкетуде болып тұр. Ауыл – қазақтың алтын бесігі. Бүгінгідей өркениетке біз ауыл арқылы қол жеткіздік десек, қателеспеген болар едік. Бәріміз ауылдан туылып, ауылдан өстік. Өйткені, ауыл ананың аялы алақанынан талай ұлы ғалымдар, ақындар мен жазушылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, министрлер мен әкімдер түлеп ұшты.
Құрметпен, Құрамында жүз мыңнан астам мүшелері бар «Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысы тең төрағасы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Сәдібек Түгел.
qazaquni.kz