Бұдан былай әскерге барғысы келмейтіндердің тізімі БАҚ-та жариялануы мүмкін
2016 ж. 16 мамыр
1856
0
Бүгін аппарат мәжілісінде Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев әскерге барудан жалтарғандарды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауды тапсырды. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Қызылорда облысында әскери қызметтен жалтарушылар бойынша әр апта сайын қала және аудан әкімдіктерінен мәлімет жинақталып, сараптама жасалуда. Бұл тізімге кіргендердің саны - 606 адам.
Облыстық медициналық комиссия дәрігерлерінің шешіміне сәйкес 606 адамның 383-і медициналық қайта тексерілуге жолданып, жиын пунктіне келмеген. Ал, қалған 223-і әскерге шақыру маусымы басталғалы іздеуде жүргендер.
- Мерзімді әскери қызметтен жалтарушылар жөнінде яғни, Отанын қорғаудан жалтарған азаматтар туралы өткен жылы да мәселе көтерілді. Биыл да осы мәселе тағы қайталанып отыр. Сондықтан олардың және ата-аналарының аты-жөндері бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын болсын, - деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.
Қызылорда облысы бойынша 49 279 адам әскери есепте тұрса оның ішінде, әртүрлі себептермен 21 427-і шақырылуға жатпайтындар. Сондай-ақ, биылғы жылдың қаңтар-наурыз айларында облыс бойынша 1999 жылғы туылған 11 сыныпты бітіретін 5 378 азамат әскери есепке алынды.
Жалпы Қызылорда облысынан көктемгі әскерге шақыру маусымында 743 азамат әскери қатарына жөнелтілуі тиіс болса, қазірде соның 304-і әскери борышын өтеуде. Қалған 439 азаматты әскерге жөнелту жұмыстары ағымдағы жылдың 25 маусымына дейін жалғасады.
Дерек көзі: ҚазАқпарат