Жезөкшелерден Назарбаевқа хат
2016 ж. 15 мамыр
2899
9
Қазақстанның жеңіл жүрісті әйелдері билікке ашық хат жолдап, коммерциялық жыныстық қатынасты заңдастыруды талап етті.
Олардың ашық хаты Yvision.kz порталында жарияланды.
"Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа, премьер-министр Кәрім Мәсімовке, бас прокурор Жақып Асановқа, Қазақстан парламентінің депутаттарына, Біріккен ұлттар ұйымына, ЕҚЫҰ мен Еуропа Кеңесіне, халықаралық құқық қорғау ұйымдарына және бізді жақсы көріп, танитындардың бәріне", - деп басталған ашық хат.
Жеңіл жүрісті әйелдер ашық хатта дағдарыс салдарынан жағдайлары түсіп кеткенін алға тартқан.
"Біз көбіңізді танимыз, тіпті жақын танимыз десек болады. Мұнай бағасы түсті, бұл бізге де тікелей кері әсерін тигізді. Коммерциялық секстің нарығы тарығуда. Клиенттер кедейлене түскен. Бізге антисанитариялық жағдайда подъездер мен көліктерде жұмыс істеуге тура келуде", – деп мұңын шақты "түнгі көбелектер".
Жезөкшелікті кәсіп еткендер жаңа Еңбек кодексіне наразылықтарын білдірді.
"Біздің құқықтар жерге тапталуда. Жеңгетайлар, монша, қонақ үй, сұлулық салонының иелері ақыны көтеріп, бетсіздік танытып отыр. Біз журналистикамен қатар ең көне кәсіптердің бірі болып келетін жезөкшелікті мүлдем елемейтін жаңа Еңбек кодексінің қабылданғанына қатты ашулымыз!", – делінген хатта.
Жезкөкшелер полицейлер, клиенттер мен жеңгетайлардан кей-кездері ақысын ала алмай, жәбір көріп отырғандарын алға тартты.
Жеңіл жүрістілер елімізде заңсыз жұмыс істеп жүрген Өзбекстан, Қырғызстан және Украинаның жезөкшелерімен "үлкен бәсекелестікке" түсуге тура келгендерін де сөз еткен.
"Қоғамның қудалауына ұшырап, өз кәсібімізді ашық айта алмай өмір сүрудеміз. Сол себепті, біз, Қазақстанның коммерциялық секс-индустриясын қорғаушы белсенділер, мемлекеттік билік пен халықаралық ұйымдардан заңға өзгертулер енгізіп, коммерциялық сексті заңдастыруды, біздің азаматтық құқықтарымызды қорғауды, еңбектенуге қауіпсіз жағдай жасауды талап етеміз", – дейді "түнгі көбелектер".
Жезөкшелер өз кәсібін өзге кәсіптермен теңестіруді сұрап отыр.
"Біз жыныстық қызметтердің медициналық тұрғыдан қорғалған заманауи нарығын құруға шақырамыз. Біз ел бюджетіне салық төлеуге де әзірміз. Ал бұл аз қаражат емес", - дейді белсенділер.
Жеңіл жүрістілер "коммерциялық сексті заңдастыру" туралы заңды жедел түрде қабылдау керек деп санайды. Олар бұл тұрғыда Германия, Латын Америка, Голландия, Түркия секілді елдердің сәтті халықаралық тәжірибесіне сүйену керектігін сөз еткен.
Бұдан бөлек ашық хат авторлары өздерін жезөкше емес, "коммерциялық секстің қызметкерлері" деп атауды талап етуде. Одан өзге атаулар ар-намысымызға тиеді дейді олар.
"Біз билікті жыныстық қатынас арқылы тарайтын СПИД секілді індеттерден сақтану үшін батыл қадам жасауға шақырамыз. Қыздардың дені сырқат жұқтырған. Әсіресе Қырғызстан, Өзбекстан мен Украинаның қыздары жағдайды ушықтыра түсуде", - дейді "түнгі көбелектер".
Ашық хат авторлары талаптары орындалмайтын болса, митингке шығатынын ескерткен.
"Егер біздің талаптар қараусыз қалатын болса, біз, Қазақстанның коммерциялық секс қызметкерлері Жалпыұлттық митингке шығатын боламыз! Біз көпшіліктің бізді жасырын жақсы көретіндерін және қолдайтынын білеміз! Мұны ашық істеудің уақыты келді!", – дейді белсенділер.