Еуропа қазақтар құрылтайы өтеді
2016 ж. 12 мамыр
2677
0
14-15 мамыр күндері Германияның Кельн қаласында өтетін Қазақтар құрылтайына еуропалық 14 мемлекеттен 2000-нан аса қандастар қатысады деп күтілуде деп хабарлайды «Шалқар» радиосы.
Салиқалы жиын, сағынышты жүздесуде, əдеттегідей, жастар арасында спорттық жарыстар өткізіліп, қалың көпшілік Қазақстандық айтулы ақындардың өнерлерін тамашалайды. Халықтық əн-жыр, терме-толғаулардың концерті өтеді. Кельндегі дүбірлі шараға қазақстандық делегацияны ұйымдастырып, алып бару сынды абыройлы істі зор жауапкершілікпен атқарып отырған ұйым – атамекенге ат басын бұрған барша қандастарға жиырма жылдан бері жан-жақты қолдау көрсетіп келе жатқан Халықаралық "Жанашыр" қоғамдық қоры. Қор президенті Жаңыл Əпетова ханым мен баспасөз қызметінің жетекшісі Маржан Тұрысбекқызы бүгінде Кельн қазақ мәдени орталығымен тығыз байланыста қызу жұмыс үстінде. Талай жыр бəйгесінде қара үзген: Мұхамеджан Тазабеков, Жандарбек Бұлғақов, Сырым Əуезхан сынды арынды айтыс ақындары бұл жолы Еуропа қазақтары алдында қара өлеңнің қаймағын сыпырмақ. Қазақ эстрадасының: Ұлықпан Жолдасов, Төреғали Төрəлі, Төрəлі Төлепов, Фарида Жолдасова, Қажымұрат Шешенқұлұлы сынды жұлдызды əншілері, жыршы-термеші Əбіш Əділбеков; сондай-ақ, қылқалам шебері- суретші Гүлназым Өмірзаққызы, этнограф Салтанат Өмірəлі, продюсер Айған Жүсіпова сияқты Отандық өнер саңлақтары осы сапарға қамдануда. Алыстағы ағайынмен ыстық қауышуға Алтай Үмітаев қаржылай демеушілік көрсетті. Осыған дейінгі Еуропа мемлекеттерінде өткен қазақ бауырлар басқосуларының концерттік бағдарламаларын əркез жүргізіп келген Қазақ радиосының журналисі Жазира Амантайқызы – Кельнде де сахна тізгінін қолына алмақ. Ендеше, сан ғасырлар санасы сарғая жүріп қол жеткізген Қазақ елінің төл тəуелсіздігінің ширек ғасырлық мерекелі жылы алыстағы бауырлармен амандықта жүздескенше! – дейміз.
Дайындаған Ұларбек Дәлейұлы
Дерек көзі: Бақ.кз