Мәжілістің жалпы отырысы өтті
2016 ж. 11 мамыр
2116
0
Палата Спикері Бақтықожа Ізмұхамбетовтің төрағалығымен Мәжілістің жалпы отырысы өтті - деп хабарлайды ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі.
Халық қалаулылары Қазақстан мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Макроэкономикалық басқару және экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру саласындағы даму саясатын қаржыландыру бойынша бірінші кредит) ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады.
Бұл заң жобасы Қазақстан Үкіметінің макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және елдің орнықты экономикалық өсуі үшін қажетті жағдайлар жасау шараларын жүзеге асыру мақсатын көздейді.
Заң жобасы бойынша баяндама жасаған Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов атап өткендей, ХҚҚДБ біздің елімізге макроэкономикалық басқару және экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру саласындағы даму саясатын қаржыландыруға 1 миллиард АҚШ доллары мөлшерінде қарыз бермек. Ол 2,5 жылдық жеңілдікті кезеңді қоса алғанда, 20 жыл өтеу мерзімімен беріледі.
Сонымен қатар, жалпы отырыста 2014 жылғы 23 желтоқсандағы ЕАЭО шеңберінде дәрілік заттардың және медициналық бұйымдар (медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника) айналысының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімге Армения Республикасының қосылуы туралы хаттамаларды ратификациялауға қатысты заңнамалық құжаттар жұмысқа қабылданды.
Осы күні Мәжіліс қорғаныс және әскери қызмет, сондай-ақ, бәсекелестік мәселелері бойынша түзетулерге байланысты заң жобалары жөнінде бейінді комитеттерге қорытынды әзірлеу мерзімін тағайындады.
Алғашқысы бойынша баяндаған Халықаралық Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаевтың айтуынша заң жобасы қорғаныс және әскери қызмет саласында қоғамдық қарым-қатынастарды реттеуге бағытталған.
Ал, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Роман Скляр бәсекелестік бойынша түзетулер еліміздің монополияға қарсы заңнамасын жетілдіру және ЭЫДҰ стандарттарына сәйкес келтіру мақсатын көздейтіндігін атап өтті.
qazaquni.kz