БАЛАДАН ДА, ПӘТЕРДЕН ДЕ АЙРЫЛДЫМ

ҚР Бас прокуроры Қайрат Мәмидің, ҚР Жоғарғы Сотының Төрағасы Мұсабек Әлімбековтің, ҚР Президенті жанындағы адам құқығы жөніндегі комиссия төрағасы ҚР мәжіліс депутаты Сағынбек Тұрсыновтың назарына!

Қарағанды қаласының судьялары Н.Назарбаевтың: «сыбайлас жемқорлардың өзіне жаратып алған пәтерлерді заңды иесіне қайтарып, келтірген шығынымен қоса төлету және сыбайлас жемқорларға жағдай жасаған шенеуніктер жауапқа тартылсын» деген тапсырмасын әлі орындамай отыр.

Құрметті «Жас қазақ үні» газетінің бас директоры Қазыбек Иса мырза, сіздердің елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, шындықты айтатын батылдықтарыңызға үміт артып, осы хатты жолдап отырмын. Мүмкін болса, тиісті орындарға жеткізіп, шешім табуына жәрдем жасасаңыздар екен.

Мен, Маукетанқызы Қапу­ран, 1992 жылы Монғол Халық Республикасынан келген оралманмын. Жасым 70-ке келіп отыр.

Қазіргі кезде Қазақстан Республикасының азаматымын, 10 баланың анасымын.

1995 жылы 16 қарашада менің үлкен ұлым Монғолхан және қыздарым Салтанат, Манар үшеуіне оралман ретінде қала әкімшілігі,  Қарағанды қаласы, Көгілдір тоғандар ықшам ауданындағы 15 үйден үш бөлмеден тұратын 104 пәтерді мемлекеттің жәрдемдесу қорынан  алып берген еді.

1996 жылы 21 маусымда Қарағанды қалалық әкімшілігі  бұл пәтерге № 869 РГ ордерін берді. Ұлым  сол кезде Күзенбаев, Байжанов шахталарында жұмыс істеп жүрді. Шахталар нарықтық экономикаға төтеп бере алмай, жұмысшыларға жалақыларын бермей, біртіндеп қысқартылып, ең соңында жабылып, балам Монғолхан жұмыссыз қалды. Ол осы жағдайды айтып, КСК меңгерушісіне бірнеше рет арызданды. Өйткені коммуналдық төлемдерді уақытында төлей алмай қалды. Қалада пәтерлердің қымбаттағанын пайдаланған сыбайлас жемқорлар баламды қорқытып, қыспаққа алып, қоқан-лоққылық жасап, ең соңында полиция қызметкерін әкеліп, пәтер есігін айырбастатып, темір есік салдырып, дүние мүлкін, заттарын да алдырмай, басып кіреді. Осы уақыттан бастап балам айтысып жүріп, 2004 жылы өзінің пәтерінде емес, ұлты орыс шалдың үйінде белгісіз жағдайда қайтыс болады. Баламның өліміне осы пәтердің қатысы бар деп ойлаймын. Ол туралы сотта айтылды, бірақ судья оған құлақ асқан жоқ. Пәтерден  менің баламның қалай қуылғанын, не жағдай болғанын сол жылдары облыстық көші-қон басқармасында куратор болып жұмыс істеген, қазіргі кезде зейнеткер Ахметұлы Қасиханның бізге берген қолхатынан танысуға болады. Баламды қуып шыққан қалалық әкімшіліктің және Қарағанды қаласы Октябрь ауданы әкімшілігінің сыбайлас делдалдары көші-қон басқармасына барып, менің балам Монғолқан пәтерді тастап кетті деп, жалған мәлімет түсірді. КСК бастығы Бектібаева А. Облыстық көші-қон басқармасына барып, бұл пәтерге уақытша оралман Ахат Шәріп үш баласымен тұра тұрсын деп, оның қолына жолдау хат жазып берген. Бірақ оны да пәтерге кіргізбей қойған. Содан үлкен дау-дамай шығып, бұл мәселе облыстық тәртіптік кеңеске дейін жетіп қаралған. Осы туралы да біз сотта судья Нығметжановқа мәлімдеме бердік.

2006 жылы Қарағанды қаласы Октябрь аудандық сотына талап арыз жазып, пәтерді заңсыз ұстап отырған Қозыбаева Замзагуль Токишқызын  пәтерден шығаруды және пәтер заңсыз жекешеліндірілген деп тануды сұрадым. Бірақ  азаматтық істі қараған судья Д.Нығметжанов  бәрі заңды деп, менің және балаларымның сөздеріне көңіл аспай, біздің сот алдында жасаған талаптарымызға қарамастан, біз жақтың куәлерін сот мәжілісіне шақырмай, олардан жауаптар алмай, жан-жақты, обьективті және заңды  зерттеулер жасамай, ҚР АІЖК-нің 15-бабында көрсетілген тең құқықтылық және соттағы жарыстық принциптерін өрескел бұзып, Қазақстан Республикасының атынан заңсыз сот шешімін шығарды.

Д.С. Нығметжанов мырза ҚР Президентінің 2007 жылы қазан қараша айларында тікелей эфир арқылы Қазақстан халқының сұрақтарына жауап берген кезінде сыбайлас жемқорлардың өз пайдасына жаратып алған пәтерлер заңды иелеріне қайтарылып, келтірген шығын түгелдей төленетін болсын, қалпына келтірілетін болсын деген тапсырмасын орындамай отыр. Президенттің аузынан шыққан сөздер және тапсырмалары заңдық құжат есебінде рәсімделуге тиісті делінген, сыбайлас жемқорларға жағдай жасаған  және өзі араласқан шенеунік жазаға тартылсын деген тапсырма да берілді. Жеке Нығметжанов та емес, облыстық соттың қадағалау алқасының судьялары да орындамай отыр. Егер бұлар заңды дұрыс орындайтын болса, менің пәтер жөніндегі және балаларымның құқықтарын жоқтап жазған арызым 2006 жылы ақ дұрыс өз шешімін тапқан болар еді деп ойлаймын.  Төрт-бес жыл айтысып-тартысып тәлкекке түсіп жүрмес едім.

Егер судья Нығметжанов өзі шығарған сот шешімінде менің баламды  туыстарымен пәтер ақысын төлемей қойған дейді. Сонда бұл туралы бізге және балам Монғолханның қарындастарына соттан неше рет ескерту келіп, уведомление берілді екен.

Менің баламды «арақ ішеді, нашақорларды жинап, көршілерге, қоғамға үлкен зиян келтірген» дейді.  Осы жөнінде қандай шара қолданылған? Нашақорлардан кім деген адам ұсталды? Құқық қорғау органдарынан, әкімшіліктен қандай шара қолданды? Жауапкершілікке тартылған адам бар ма, бар болса олар кімдер? Куә ретінде кімдерді жинаған? Көршісіне, үкіметке, қоғамға қаншалықты зиян келтірген? Сонда пәтерінен қуудан басқа ешқандай шараға бой бермей қойған ба? Жай бір арақ ішкені үшін, пәтер ақыны уақытша мүмкіндігі болмай төлей алмағаны үшін, пәтерін тартып алып ешқандай жағдай жасамай, басқа шара қолданбай, далада қалып, қайтыс болғанына Нығметжанов бастаған жемқорлар жауап бермей ме, әлде судья сыбайлас жемқорға араласса, заң алдында жауап бермейді деген қандай заңда қарастырылған?

Менің балаларымның заңды құқықтарын белден басып, сот сараптамасын жүргізбей, менің куәлерімнен жауап алмай,өтірік шешім шығаруға кім рұқсат беріп отыр?!

Судья сот шешімінде пәтерді тастап кеткен дейді. Бұған мұны дәлелдейтін қандай мәлімет бар, егер тастап кетсе, Октябрь ауданынан тіркеуден шығып, дүние мүлкін алып, пәтерден бас тарттым деген қолхаты болуға тиісті емес пе. Көші қон департаментінен уақытша иелікке Ақат Шәріп дегенді жіберген.  Оны да пәтерге жолатпай қойып, ол да тастап кетті деп сот шешіміне жазылған. Бірақ Ақат Шәріптің қол хатын оқып, танысып, дәлел ретінде сот зерттемей отыр.

Бірақ менің екі қызым пәтерден бас тартқан жоқ. Ол екеуі де қазір Қарағанды облысында, біреуі ауылдық жерде, біреуі қалада тұрады. Сол кезде жағдайдың ауырпалығына байланысты, судың, электрдің пәтер төлем ақысын жалғыз адам болып, ағамыз төлеп тұрсын деп, уақытша тіркеуден шыққан. Бірақ заңды берілген пәтерінен балаларым ешқашан да бас тартқан жоқ.

Шешімде Қадыртай Мускулов деген Омбыдан келген оралман делінген. Сонда ол он баланың анасы менен ерекше, қаншалықты мәртебесі жоғары оралман. Ондай оралман келген жоқ дегенді сол кездегі көші қон департаментінде жұмыс істеген Медеубаеваның сотқа берген анықтамасында ашық көрсетілген. Және сол кезде көші қон департаментінде бас маман болып істеп тұрған Ахметов Қасиханның бізге берген түсініктемесін де анық көрсетілген. Бұның бәрі дәлел емей немене. Өздеріңіз оқып көріңіздер. Онымен қоймай, судья Нығметжанов жерлестік, жікшілдік, шеттету көзқарас жасап отыр. Оралмандарға заңды берілген пәтерді тартып алуға, далаға қаңғыртып, баспанасыз тастап, кісісін өлтірсе, дүние мүлкін жойып жіберсе, оған ешқандай заң жүзінде тексеру жүргізілмесін деген заң  шыққан ба? Шықса, бізге соны көрсетіңіз. Менің ойымша ондай заң болуға тиісті емес. Бірақ КСК бастығы А. Бектібаева судья Нығметжановтың облыстық сотта ма, Жоғарғы сотта ма, үлкен бір лауазымды тірегі бар деген ойдамын. Әйтпесе ондай жағдай болмаса, менің арызымды күні бүгінге дейін құқық қорғау органдары тексермей, куәгерлерден де ешқандай жауап алмай отыр. Әлде жең ұшымен жалғасып отыр ма деп ойлаймын. Егер судья Нығметжанов сыбайлас жемқорлыққа қатысы жоқ болса, менің заңды мәселемді, алаяқтармен, сыбайлас жемқорлардың жалған жасаған құжаттарымен өтірік айтқан сөздерімен, жалған куегерлермен шешуге тиісті емес еді. Жекешелендіру заңсыз деп есептеймін. Бұған дәлел, менің балаларыма пәтерге заңды ордер жазылып шарт жасалғандықтан, ол менің балаларымның ешкім қол сұқпайтын мүлкі болып есептеледі. Жекешелендіру жасау үшін ордердегі үш баламнан пәтерден бас тартамыз деген рұқсат болу керек және іздеу салуға тиісті еді. Бірақ осының бірі де жасалмаған.

Осы жағдайымды айтып, Қарағанды облысы көлемінде «баспаған жер, бармаған тау» қалған жоқ. Содан 2009 жылы қазан айында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевқа тікелей эфирде: «Сіздің сыбайлас жемқорлардың өзіне жаратып алған пәтерлерді заңды иесіне қайтарып, келтірген шығынымен қоса төлету және сыбайлас жемқорларға жағдай жасаған шенеуніктер жауапқа  тартылсын» деген 2007 жылғы тікелей эфирде берген тапсырмаңызды Қарағанды қаласының судьялары неге орындамайды?» деген сауал қойдым. Бұл сауал бойынша маған Сіздің сауалыңызға 24394 номер берілді деген жауап алдым. Сол туралы Қарағанды облыстық қаржы полициясы тапсырма бойынша тексеріс жасады. Бірақ ол органның қызметкерлері де толық, жан-жақты, заңды тексерістер жасамай, біздің куәгерлердің біреуінен де жауап алмай, заңсыз шешім шығарып отыр. Бұл жағдай да маған Қарағанды облысындағы құқық қорғау органдары көмек бермей, әділеттікті іздемей отыр.

Содан бері, күні бүгінге дейін арызданып, әлі күнге дейін қылмыстық іс қозғамай, құқық қорғау органдары біріне бірі сілтеп, ешқандай әділетті шешім шығармай отыр.

Енді әділеттіктің Қазақстан мемлекетінде барына, адам құқықтарын қорғауға мүмкіндіктердің барына әлі де үміттеніп, Конституцияда көрсетілген құқықтарымды қорғау мақсатында, Қазақстан­дағы ең әділеттілікті нақ, шын айтатын ақпарат құралы болғандықтан, Сіздерге өтінуге  мәжбүр болып отырмын. Сіздердің халыққа әділ қыз­мет ететіндеріңізге сенемін. Аталған істерге қатысты айғақ-дәлелдерімнің барлығы өз қолымда сақтаулы.

Жоғарыдағы келтірілген фактілерді толық зерттеп, шындықты әшекерлеп, маған қол ұшын беріп, жоғарғы лауазымды мемлекеттік органдар арқылы, заң бойынша шара қолдандыруыңызды  және осы іс бойынша әділ шешім шыққанша қадаға­лауларыңызды   сұраймын.

Қарағанды қаласы, 14 мөлтек аудан, 22 үй,

125 пәтердің тұрғыны

Қапуран МӘУКЕТАНҚЫЗЫ