АУЫЛДА ӨТКЕН АҚЫН ТОЙЫ

1
1224

2010 жылы 24 желтоқсан күні Жамбыл ауданы Ақсеңгір ауылында «Жас қазақ үні» газеті мен ауылдық әкімшіліктің ұйымдастыруымен белгілі ақын Рахмет Қойшиннің 70 жасқа толуына арналған мерекелік шара өтті. Аталған шараға «Жас қазақ үні» газеті бас редакторының орынбасары, Қазақстан және Еуразия Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Жәди Шәкенұлы, Ақсеңгір ауылының әкімі Әлімхан Қосбасаров және белгілі тұлғалар мен сәулет ғылымдарының кандидаты, профессор Төлеубек Қараменде, ақын Қайрат Құлмұхаммед, күйші Мұқаш Таңғыт, желтоқсаншы Ертас Отарбай, т.б. қатысты.

Рахмет Закарияұлы Қойшин 1940 жылы ҚХР ШҰАР-Алтай жерінде туған.

1954 жылдан бастап оқу-ағарту саласында қызмет атқарып, оқытушылық қызмет істеген. Қытай қоғамында 1966 жылдан 1976 жылдар аралығында жүргізілген «мәдениет төңкерісі» аталатын саяси дүрбелеңнің құрбаны болып, ұзақ жылдар ауыр еңбекке жегіліп, айдауда болған.

1981 жылы оқу-ағарту саласына қайта оралып, ұстаздық және оқу-ағарту инспекторы қызметтерін атқарған. Кейіннен аудандық оқу-бөлімінің бастығы болған. Қытайда оқу-ағарту және әдебиет-мәдениетке қатысты еңбектері үшін көптеген марапаттарға ие болған. Оның есімі «20 ғасыр әдебиет қамбасы» және «Қытайдағы әйгілі адамдар» атты энциклопедиялық сөздіктерге кірген. Ол Қытай жазушылар қоғамының, Шынжаң әдебиет-көркемөнершілер қоғамының, Шынжаң фольклор қоғамының, Іле қазақ облыстық жазушылар қоғамының, Алтай жазушылар қоғамының мүшесі.

Р.Қойшин зейнеттік демалысқа шыққаннан кейін, 2004 жылы атажұртқа оралған.

Бала күнінен өлеңге құмар болып өскен Рахмет есейе келе, елі мен жерінің жырын жырлайтын айтулы ақынға айналды. Қытайда жүргенінде 5 жыр жинағы жарық көрді. Оқу-ағарту саласы төңірегінде ұрпақтар тәрбиесіне қатысты көптеген ғылыми мақалалар жазып жариялады.

Қазақстанға көшіп келіп, ат басын Алматы облысына тіреген оның шығармалары Талдықорғандағы кезінде  «Жетісу»,  «Алматы ақшамы», «Көксу» газеттерінде жарық көріп тұрды. Қазірге дейін Қытай және Қазақстан жағында 100-ге жақын өлеңіне сазгерлер ән жазып, үлкенді-кішілі сахналарда орындалып жүр.

Р.Қойшиннің мерейтойына жиналған ауыл тұрғындары мен қонақтар әсем ән мен тәтті күйге бөлене отырып, ақынға шапан жауып, ат мінгізді. Әрі баянды бақыт, шығармашылық табыс, ұзақ ғұмыр тіледі.

Ауыл кешін думандатқан аталған шарада Рахмет ағамыз жұрт алдына шығып, тебірене жыр оқыды. Сол өлеңдердің бірнешеуін той шашу ретінде өз назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

1 Пікір

  1. Сәлеметсіздер ме!Рахмет ағайдың «Қарапайым халық емшісі» деген мақаласын оқыдым, емші Ахметкәрім Қабимолдаұлы Алматы облысы Жамбыл ауданының Қарғалы ауылында тұрады деп жазыпты. Сол емші кісі қазір емдей ме және сол кісінің толық мекен-жайы керек еді маған көмектесіңіздерші.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз