ОРАЛМАНДАРДЫ БАСТАП КЕЛГЕН АҚСАҚАЛ ЕДІ

0
1644

Алматының іргесіндегі Қарасай ауданына қарасты Алғабас ауылында тұратын Исаханов Әшірәлі ақсақал дүниеден өтті…

Әсілі, Өзбекстанның Мырзашөлінен ежелгі қазақ жерінен заманның аума төкпе толқынында есі екеу, түсі төртеу болған оралман ағайындарын бастап келген сабырлы, ақылды жақсы қария еді. Жақсылығы сол бәрін өкіметтен күте бермей, Алғабастан жер алып, асар ұйымдастырып, жастарды басқарып, үй салу, құжаттандыру, жұмыс тауып беру сияқты тіршіліктерді жақсы ұйымдастыра білген адам еді. Нәтижеде, бозторғайдың бұзылған ұясындай болған алыс Мырзашөлдегі ата қоныс «Ташкент» совхозындағы кеңқолтық ағайын Қарасайдың қасына Алатаудың етегіне Әшекеңнің басқаруымен әдемі ауыл болып, қона қалғандай көрінетін. Әйтпесе, басы қосылмай, ақсақалының жоқтығынан, көші-қон саясатының кейбір қателіктерінен бытырап жүрген ағайындар әлі де жетерлік. Мырзашөлдік оралмандардың Алматы маңына қоныстануына Өрісбай, Жанат бәйбіше, Сырлыбай Дулат­ұлы, Дүйсен, Шоқан, Мұқанғали, Света, Көбей ақсақал, Әбіш Мекембайұлы, Пердебай тағы басқалар сияқты жас-кәрілер бас-көз болып, барлық игі шаралар, қуаныш қайғылар бөлісіп атқарылатын. Ақ дастархан төрінде ақсақалдық әңгімесін айтып қайран Әшір көкем отыратын еді. Енді міне өмірден өткеніне қырық күн де болып қалыпты.Егемендікті шаңырақ десек, соның ауырлық көтеретін уықтары Әшекеңдей асыл адамдар ғой. Осындай да есімізге қазақтың біртуар азаматы, ұлт жанашыры мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханның мына сөздері еріксіз оралады:

«Оралманның келуі деген – біздің намысымыздың оралуы, оралманның жағдайы дегеніміз – біздің қазақылықтың, қазақ салтының, дәстүрінің салтанат құруы деп түсіну- әр қазақ азаматының парызы». Дәл осы парызды адал атқарып, Алғабас деген ауылда қазақылықтың туын нық қадаған асыл азамат Исаханов Әшірәлі еді…

Ол орнатқан қазақ туының жығылмайтынына сенеміз!

Әшір көкеге!

Шөп басына қырау тұрып,

Қарашамыз қаһарланды.

Қыс құданы қарсы аларда,

Бастап кеттің сапарларды.

Асықпастан әрі ісіңді,

Қыз жинаған жүктей қылып.

Қиналасың, табысыңды,

Сыртқа жаймай іштей біліп.

Әз ұяңды әдемілеп,

Қарлығаштай баптай салып,

Көк құдайы әлемі кеп,

Бар тірлігің тастай салып.

Кете бардың тағы асықпай,

Таңғы ұйқыдай тәттілікте.

Көзіңдегі қарашықтай,

Отың қалды әр перзентте.

Қараша мен желтоқсанның,

Қары еріп, келер көктем,

Жаннатта боп шыбын жаның,

Оянарсың жер-жөргектен!

Шөп боп сонда көгерерсің,

Жел, жаңбырға шыдарсың-ау.

Мық жусан боп сен өнерсің,

Көкпеңбек боп тұрарсың-ау.

Өнегелі іс, өсиетіңнен,

Қыздар өсіп, ұл көгеріп.

Сабырлы, нық қасиетіңмен,

Сен тұрарсың үлгі болып!

Ақыретте кездесерміз,

Алла соны нәсіп етсін!

Өркен жайып өсіп ұл-қыз,

Жүзден асып жасы кетсін!

Мылтықбай Ерімбетов.

Аташым бір өзіңе!

Асыл атам – әкемнің асқар тауы,

Пана болған Мырзашөл ел атауы.

Биік шыңдай құламас тірегіміз,

Жалау болған мейірімді жүрегіңіз.

Аташым-ай, кеттің бе,

сен шынымен?

Сене алмаймын көрсемде

өз көзіммен,

Жүргендейсің алдымда

ақыл айтып,

Күлгендейсің, қызым деп

«Ләулікті» айтып.

Күн мен түннің ұзақтығы қинайды,

Жас жүрегім көкірегіме симайды.

Сабыр қылып қой шыдайын

десем де,

«Ата сені  сағындым» –

деп жылайды.

Әшір ата, сіз ерекше едіңіз,

Перзенттердің қамын

ылғи жедіңіз,

Мінезіңізге таң қалушем кейде мен,

Дұшпанға да күлімсіреп сөйлеген.

Сіз мен үшін сырға толы ғаламсыз,

Тірегімсіз – ұмытылмас адамсыз.

Амал қанша тастап бізді кеттіңіз,

Бірлікке де бастап бізді кеттіңіз.

Көтеріп тұрып, құлатады екен

бұл өмір,

Күлдіріп тұрып, жылатады

екен өмір!

Етегің толып, жылаған

кезде қайтадан,

Аруақтар қолдап,

жұбатады екен бұл өмір.

Ата, жатқан жерің жайлы болсын!

Қайратқызы

Феруза Әшір немересі

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз