ТУҒАН ЖЕР ТОЛҒАНЫСЫ

Айнабұлақ! Мыңбұлақ! Өмірге тұңғыш келгенімде дүниеде теңдесі жоқ нәрлі суымен мені шомылдырған, мені жуындырған бұлақ. Мен алғаш суын ішкен, мені әлдилеп сүйген, маған сенген, туған жерім Мыңбұлақ...

Біз де сүйек, еттен жаралған жанбыз. Біздің жанымызды тебіренте соққан жүрек болаттан құралған емес, бірақ біздің жүрек отты жүрек. Оның оты болатты ерітіп, жаңқадай жандыратын от. Біздің жүрегіміз – де қауіп – қатерді көтеріп, өлімді жеңетін бір жарақ, - ана сүтін ақтап, туған елді, Отанымызды сүю сезімі. Бізде ер атасы- махаббат, өмір тасы- халық, ел намысы- ер қолында, ер намысы- ел қолында. Біз намысты елдің ұлымыз.- Жеңілмес күшіміз сонда.

Бауыржан МОМЫШҰЛЫ

«Москва үшін шайқас».

*   *  *

Мен табиғатты сүйемін. Мен шынайы поэзияны сүйемін.

Абай мен Қасымды қанша оқысам да, менің сусыным қанбайды. Қайталап оқи бергім келеді, оқи бергім келеді. Мен Құрманғазы мен Дәулеткерейдің күйлерін тыңдағанда, өзімді өзім ұмытып кетемін. Махамбет жырының әр сөзінің астынан дүрсілдеген ат дүбірін, қарыш- құрыш сілтескен найза, қылыш үндерін естігендей болам. О, қасиетіңнен айналайын, қазақ жері. Осының бәрі сенің топырағыңда өсіп, өнген кереметтер емес пе....

Б.СОҚПАҚБАЕВ

«Менің атым Қожа».

*   *  *

Ақ бас таулардың айнадай тұнық, кіршіксіз мөлдір аспанмен астасқан жалтыр мұзды қадау – қадау шыңдарының осы бір таңғажайып тұрпаты менің көкейіме, көкірегіме ертегідей ұялаған. Оның құдіретін құт санап, құрметпен бас иемін! Ұлы таудың адамды тамсантқан ұлы қасиетіне өмір бойы тағзым етіп келемін!

Дүниежүзінде зәулім таулар көп қой. Бірақ баурайында гүлдей жайнаған сәлетті қаласы бар, зілзала салатын ішкі түтігі жоқ Алатауға не жетсін!..

Оңтүстік Америкадағы Анды таулары да Африкадағы Килиманджоро асқары да, Еуропадағы Альпі жоталары да өз перзенттері үшін ыстық-ақ шығар. Егер біз сол тауларға аз ғана күнге саяхат жасап бара қалсақ, қашан қайта айналып келіп өзіміздің ақ жал Алатауымызды көргенше кеудеміздегі сағыныш жалыны жанар таудай атқылап, лапылдап жанып тұрар еді...

Біз үшін дүниеде Алатаудан қасиетті, Алатаудан киелі ешбір тау жоқ !

Ол қазақ үшін қастерлі, қасиетті.

Қ.ТОЛЫБАЕВ

«Сырлы Арал».