Үлкендер үлгі бере алса, соңынан еретін жастар табылады.
2016 ж. 01 мамыр
2719
0
"Алаш жолы" қозғалысының жастарымыз қатысқан жиналысынан үйге кіргенім осы еді, телефон шырылдады: Мерке, Аспарадағы Нұржан ағам екен. "Өмірзақ, айтшы, мына жерге байланысты не істесем болады? Қолыңа қару алып шық!" десең қару алып қорғауға да дайынмын! Кәне, не ақыл айтасың?" дейді. "Ой, ағатай, ең алдымен аман-сау жүргеніңізге қуаныштымын! Екіншіден, қаруды ауызға алмаңыз. Сіз аулыңыздың жасы үлкен ағасы, әрі көп жыл сол ауылдың жастарына білім берген ұстаз, мектеп директоры ретінде демалыс күні бір қойыңызды сойып, құдайы тамақ беріп, соған ауылдың қариялары мен жас жігіттерін шақырыңыз. Солардың пікірін, ойын тыңдаңыз. Кеңесіп пішкен тон келте болмайды. Сосын, құда қаласа ертең сайттарға менің жер кодексіндегі қитұрқылықтар туралы мақалам шығады, соны, басқа мақалаларды қолыңызға алып алыңыз. Біз билікпен сауатты түрде айқасуымыз керек. Және ол жиыныңызға арнайы Меркеге барып, аудан әкімінің, аудандық ішкі істер бөлімі бастығы мен ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасын, болмаса, орынбасарларын хат беріп, шақырып келіңіз. Хатыңызды кеңсе арқылы өткізіп, "қабылдап алдық" деген штамп бастырып алыңыз. Бірінші кезекте, шақыратын қадірлі қонақтарыңыз солар болсын, елдің ойын өз құлақтарымен естісін" дедім. "Болды, айналайын, бәрін сен айтқандай етіп істеймін" деп қалды аңқылдаған асыл ағатайым.
Одан ноутбукты ашсам досым Геройхан бауырымның "Төңкеріс иісі" деген керемет посты тұр. Дереу "бөліс" деген түймені бастым-дағы, пост жазуға отырдым. Ал, Геройхан досым не дейді? «...Ең дұрысы – ел ақсақалдары Президентке барып, халықтың талабын жеткізіп, жерді сату мен жалға беруді мүлдем тоқтатып тастаса, «STOP!»-тың да, «START»-тың да қажеті болмас еді. Ақсақалдар өз миссияларын орындап кетуі керек! Елді бүліншіліктен, жастарды төнген қауіптен сақтау – ата буынның парызы! Ақсақалдар бүгінгі жағдайдың өте күрделі екенін, тексіздердің өз ара Тақ таласын, ұлтымыздың ең осал тұсы – жер дауына құпия ұштастырып, елді алапат қантөгіске бастап бара жатқанын түсінулері тиіс. Міндетті! «Абылайдың асында шаппағанда, атаңның басында шабасың ба?!» деген. Бүгінгі күні «шаппаған» ақсақал қанша атақты, даңқты болса да, ертең, уақыт өте келе өте бір жағымсыз кейіпкер болып қалатыны сөзсіз».
Мен енді Нұржан ағама қайта қоңыраулатамын. Міне, «менімен кім барады Ақ Ордаға?» деңіз. Аудан, облыстағы ақсақалдарға осылайша нақты үндеу тастаңыз. Онымен де шектелмеңіз, республика ақсақалдарына айтыңыз. Ресми түрде «Ақсақалдар» немесе «Ардагерлер кеңесіне» болсын, бейресми түрде облыстық тәуелсіз газеттер арқылы болсын, «Қазақ үні», «Абай», «Ұлт», «Қамшы» секілді сайттар арқылы болсын, әйтеуір, өз ойыңызбен, ниетіңізбен бөлісіңіз» демеймін бе?..
Шынында да, бүгін «мен – елімнің ақсақалымын!» дейтін, осынау ардақты да мәртебелі атқа лайықтымын»! дейтін адамдардың, алпыстан асқан, жетпіске жеткен, асарын асаған, жасарын жасаған, жасы үлкен ағалардың өздерін көрсетер кезі келді. «Ашық хаттар» дәуірі өтті! Енді нақты қимыл-істердің кезеңі жетті! Ақсақалдарға бұдан кейін бұндай мүмкіндік берілу-берілмеуі екіталай. Ендеше, қазақтың жері үшін, қазақтың елі үшін, қазақтың болашағы үшін кімнің кім екені сыналатын шақ бүгін. Үлкендер үлгі бере алса, олардың соңынан еретін жастар әрқашан табылады.
Біз де бүгінгі өз жиынымызда «болашақ та, ел де – жастардікі, сондықтан басты рөлді жастар ойнауы тиіс, біз шамамыз келгенше ақылшы, кеңесші болып отырайық, төралқаның да жартысынан астамы жастар болсын» деп шештік. Тіпті, солардың ішінен біреуі жұлқынып шықса, төрағалықты да бере салған дұрыс болады-ау. Ел басқаруды үйренеді, шынығады, шыңдалады...
Өмірзақ АҚЖІГІТ
qazaquni.kz