Талғат Ермегияев Астанадағы "МузТВ" жүлдесі үшін 2 миллион доллар шашқан
2016 ж. 22 сәуір
2452
2
Талғат Ермегияевке қатысты тағы бір ысырапшылдық әшкере болған сияқты. «Астана-ЭКСПО» өткен жазда Ресейдің «Муз ТВ» жүлдесін өткізу үшін 2 миллион доллар шашқан екен, деп хабарлады 31 арна.
«ЭКСПО» ұлттық компаниясының экс-қызметкерлері бұрынғы басшылары Талғат Ермегияевтың әрекеттерін әшкере етті. Сотта куәгер болған Әсел Қожақова компания бюджетінде қарастырылмаса да, Ермегияевтың «Муз ТВ» жүлдесіне 2 миллион долларды бөлуін талап еткенін айтты. "Келісім-шартта 2 миллион доллар бөлу жоспарланған екен. Бірақ жоғарыдан ешқандай тапсырыс түскен жоқ. Бюджетте бұл қарастырылмаған. Ермегияев мырза құжатты құптауды өтінді. Бірақ, мен олай жасай алмайтынымды айттым. Сосын жұмыстан шығуды ұйғардым", - деді Әсел Қожақова. 2 миллион долларлық ысырап былай тұрсын, мұндай шоу өткізу көрмеде көзделмеген, компания бағытына да сай емес болып шыққан. Сондықтан негізсіз шығын туралы қызметкерлер шағым да жазыпты. Бірақ құжатты басшылық қабылдамай тастаған. Ал жазда жүлдені өткізуге келген арна басшысы Астанадан көк тиын алмайтынын айтып ақталған еді. Қазақстанда да демеушімен мәселесі болмаған арна басшысы Арман Дәулетияров миллиондарға қатысты әзірге түсініктеме бермеді. Ал бүтін балабақша тұрғызуға жететін шоуға кеткен шығынды Ермегияевтың қай құрылыс нысанынан жырып алғаны белгісіз. Анығы, өткен үш жылда көрмеге 450 млрд теңге бөлінсе, биыл жұрттың жинаған зейнетақысынан тағы 85 миллиард берілді. Ермегияев бастаған топ соның 10 миллиардын тонады деп айыпталып отыр. Дереккөз: 31 канал