БАҚҰЛ БОЛ, МАҚАШ АҒА!
2016 ж. 16 сәуір
4175
2
Көрнекті демограф, саясат ғылымдарының докторы, профессор Мақаш Байғалиұлы Тәтімов тура 76 жасында пәни дүниеден бақи дүниеге озды. Мақаш аға екеуміз де Талғар қаласында туғанбыз. Сондықтан бір бірімізге «жерлеспіз» деп әзілдесетінбіз. Мәскеуде оқып жүрген кезінде әйгілі «Жас тұлпар» ұйымын белсенді құрушылардың бірі болды. Сәбетқазы Ақатаев, Мұрат Әуезов, Марат Сенбин сияқты қайраткерлермен бірге ұлттық сананы қалғытпай үнемі сергек ұстауға ұмтылды. Халықаралық статистика деректеріне сүйене отырып жалпы түркі халықтарының және қазақ халқының саны жөніндегі зерттеулерін жариялады. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысушыларды ақтау үдерісіне қатысты. 1990 жылы ел тәуелсіздігін мақсат еткен «Азат» азаматтық қозғалысының тең төрағаларының бірі болды.
Демограф-ғалым таяуда ғана «Президент және Халық» газетіне «Мемлекеттің қуаттылығы халық санымен өлшенеді» (№3, 29 қаңтар 2016 ж) атты көлемді сұқбат берген болатын. Жарияланған сұқбатына қуанып, үлкен ризашылығын білдірген. Сөйтсек, Мақаш ағаның бұл соңғы сұқбаты екен.
Осы сұқбатында ол: «Өмірімнің негізгі бөлігін сарп еткен демография ғылымына бой ұрғаныма да жарты ғасырдан асып барады екен. Қазаққа аса қажет бұл ғылымды елімізге алғаш әкеліп, қоғамға таныстырғаным үшін өзімді бақытты санаймын. Таяуда жазып бітірген «Хас тұлпардың ізімен» атты кітабымда Украинаның Днепродзержинск қаласында оқып жүріп, Мақсұт Нәрікбаевпен бір топта тәлім алғаным, қазіргі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен арагідік кездесіп тұрғаным және бірге атқарған істердің барлығы көрініс тауып, демография ғылымына келуім де одан кейінгі атқарған қызметтерім де тәптіштеп баяндалды», – деп еді. Сыртта жүрген 5 млн қазақты елге әкелу проблемасын тағы көтерген.
Жүрегі ұлтым деп соққан асыл аға, иманыңыз саламат болсын! Біз Сізді ұмытпаймыз! Жаныңыз жаннатта болсын!
P.S. Алдын ала деректерге қарағанда ертең кешке - қонақасысы. Марқұммен қоштасу 18-сәуір, дүйсенбі күні өзі ұзақ жылдар ректор болып қызмет атқарған Орталық Азия университетінде өтеді.
qazaquni.kz