Болашақ ұрпақ денсаулығына КІМ ЖАУАП БЕРЕДІ?!
2010 ж. 24 желтоқсан
2847
0
Менің айтайын деп отырғаным – жеткіншек ұрпақ денсаулығы. Даудың басы - Дайрабайдың көк сиыры деген рас. Ел-жұрттың айтқан сөзі әкімқаралардың құлағына жетпей ме, әлде оларға елдің айтып жатқан сөздері өтпей ме, соны түсінудің өзі қиын болып барады. Міне, бірнеше айдан бері республикалық және облыстық бұқаралық ақпарат құралдары Қостанай қаласы орталығындағы ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсарин ескерткішін көшіріп, оның орнына көп қабатты ғимарат салынатыны туралы наразылық білдірген мақалаларды жариялап жатыр. Қостанайда жарық көретін «Наша газета» апталығы орталықтағы ескерткіш тұрған алаңнан 81 ағаш әуежай маңындағы орман алқабына көшірілетінін хабарлады.
Жобаның тапсырыс берушілері деп көрсетілген «Тазалық» деп аталатын коммуналдық шаруашылықтың оны салатын қаржысы да, шамасы да жоқ. Сонда бұл кімнің тапсырмасымен жасалып жатыр деген сауал туады. «Тазалық-2000» МКШ директоры Андрей Толпинскийдің сөзіне қарағанда, аталмыш обьекті олардың қаржысына салынады-мыс. Бірақ, құрылысқа қажетті қаржы әлі бекітілмеген. Осыған байланысты мен де өз ойымды «Наша газета» арқылы білдірген болатынмын.
Республикалық «Караван» газетінде журналист Ольга Колоколова аталмыш жұмбақ ғимаратты кімдерге және қандай мақсатқа салдырғалы жатқаны туралы билік басындағылар ешқандай түсініктеме бермей отыр деп жазды. «Қала тұрғындары облыс әкімі Сергей Кулагинге осы туралы сұрақ қойғанда, ол ескерткіш еңбекшілердің тілек-талабы бойынша енді Ыбырай Алтынсарин мектебі орналасқан Алтынсарин атындағы көшеге, мектептің алдына орнатылатынын айтты» деп жазады тілші. Жазушы Ақылбек Шаяхмет «Қазақ» газетінде жарық көрген «Әкімнің пәрмені күшті. Ұлы ұстаз тұғырдан түсті» деп аталған мақаласында: «Бұл кіреберіс те басқа көше деген аты болмаса, бұрынғы орыннан таяқ тастам жерде. Мәселенің мәнісіне үңілсек, өткен жылы Қостанай қаласының құрметті азаматтары Қазбек Әлжаппаров, Мағауия Жүнісов, Дмитрий Брусник, Михаил Подоляков, Дәуренбек Ахметбеков секілді еңбек ардагерлері бастаған оннан астам кісі облыс әкімі Сергей Кулагиннің атына өтініш хат жазған. Олар ескерткішті мектеп алдына көшіруді ғана сұраған.Ғимарат туралы әңгіме де болмаған» – дейді.
«Бұл – ұлы ұстаздың әруағын қорлау, Ыбырай мектебі тұрған жердің дәл қасынан жер жетпегендей прокуратура ғимаратын, тіпті кез келген ғимаратты салу, ақылға сыймайды» – деп тарихшы Қуаныш Орманов, «Кейінгі кезде қала орталығы тарылды. Көрінген жерде ғимарат салатын ауру пайда болды. Оны тіпті асқынып кеткен дерт деуге болады. Қала маңайында бос орын толып жатыр. Ыбырай мектебі жанына гүлзар орнатса немесе субұрқақ орнатса жарасар еді. Бұл мәселені жергілікті тұрғындармен ақылдасып, шешу керек еді», – деп айтыскер ақын Әсия Беркенова да өздерінің көзқарастарын білдірген.
Автор «Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың директоры Сәбира Баймағамбетова мен Ыбырай Алтынсаринның мемориалдық мұражайының директоры Нағашыбай Мұқатов ескерткішті көшіру туралы хабардар болса да, оның орнына көп қабатты ғимарат салынатынын біздерге ешкім хабарлаған да жоқ, ақылдасқан да жоқ деп отыр», – деп жазған болатын. Ал облыстық «Қостанай таңы» газетінде осы Нағашыбай басқаша «әндетіп» отыр.
Шын мәнісінде, Ыбырай ескерткіші биік тұғырға қойылып және оған облыстық әкімшіліктің қарсы алдынан орын берілсе де, артық емес еді. Өйткені, сол жерде бұрын пролетариат көсемі Лениннің ескерткіші болған. Ол орын бос тұр» деген ұсыныс айтылған болатын. Шынында да, ескерткіш міндетті түрде сол көшеде тұруы керек деген заң жоқ қой. Қаладағы басқа ескерткіштерді көргендерге өзі де түсінікті. Облыс орталығындағы ағаштардың кесілуі бір осы емес. Бұдан бұрын да талай жасыл желек оталған, он бес жылдан бері өсірілген талай зәулім ағаш кесіліп, құртылған. Сондағы айтқан сылтаулары облыс орталығына құрылыс салу болатын. Біздің ұрпаққа керегі орталықтағы пайдасы шамалы құрылыстар емес, қаланың экологиясын қалыптастыруға ықпал жасайтын жасыл желек емес пе?! Ал әкімшілік ғимараттарын қаланың кез келген жерінде салуға болады.
Бұл оқиғадан тек қана қазақ балалары жапа шегіп отыр. Өйткені, Алтынсарин мектебінде ауылдан келген шәкірттер білім алады. Ал Қостанай қаласында қазақ мектебіне баратын балаларға мектептерде орын жетпей жатыр. Одан да орталықтан қазақ мектебін немесе жатақхана салса қайтеді? Мектепке, мешітке табылмаған орын енді табылып отыр. Ол аз десеңіз, бұл мектептің жатақханасының өзін осыдан көп жыл бұрын билік тартып алып, ол ғимарат қазіргі уақытта облыстық білім басқармасына, әртүрлі мекемелер, кафелер қажетіне қызмет жасап жатыр.
Мектеп пен мұражайды көлегейлеп қана қоймай, астына машина паркі салынады деп жобаланған ғимараттан шыққан газды қазақ балалары ең алдымен жұтып, ауруға душар бола алмайтынына ешкім де кепілдік бере алмайды. Жатақхана терезесі күн көзінен тасада қалғаннан кейін қараңғыланып кеткен бөлмелерде тұрған балалар көз ауруына да ұшырайтыны сөзсіз. Өйткені, кітап оқудың барлық алғы шарттары бұзылады. Дәрігер есебінде өз басым бұл халықтың денсаулығына, соның ішінде жеткіншек жас ұрпақтың денсаулығына қарсы жасалған әрекет деп есептеймін.
«Аталған құрылысты шұғыл тоқтату керек. Оған жол беру елдігімізге сын. Алтынсарин ескерткішін орналастыру туралы қоғамдық талқылау өткізу керек. Көп болып ақылдасып шешкен іс қана оңға басады», – деген дабыл көтерілгелі біраз болса да, баяғы жартас сол жартас болып қалды. Ал, прокуратура құрылысы қызу жүріп жатыр. Алтынсарин ескерткіші мектеп алдына, аядай тар жерге қайта қойылды. Сонымен, іс бітті.
Төрт көзіміз түгел тұрғанда, балалардың болашағына әдейі қастандық жасалып жатқан сияқты. Бұл іс-әрекетке кім жауап береді?! Осындай ойындардан түбінде от шығып жүрмесе екен...
Ысқақ ЕСІРКЕПОВ,
дәрігер, мемлекет және қоғам қайраткері
Қостанай қаласы