ЛАҚАПТЫ ЖАСАП ЖҮРІП, "ЛАҚАППЕН" КҮРЕСУ?!.
2016 ж. 13 сәуір
9105
11
Қазақ ұлтының қайта түлеуіне қарсы шыққан Олжас Сүлейменов қазақ халқына не қамқорлық жасады, қандай қорған болды?
Құрметті Оқырман! Мына тақырыпта тырнақшаға алынған «лақаптың» ақиқат боларын аңғарған шығарсыз. Иә, солай болады. Айтпақшы, болған да. «Қазақ әдебиеті» гәзетінің 2011-жылғы 18-ақпандағы санында «Ақиқатты айтайық, аға!» деген мақала шығып (З.Қоңырова), онда, қысқасы: қазақты қазақ етіп отырған, Семей полигонын жауып, адамзатты дүниежүзілік апаттан аман алып қалған Олжас Сүлейменов екені, оны менің «бекер сынап» жүргенім айтылған-ды. Менің «Ақиқат – анық айтылса ғана ақиқат» атты жауап мақалам сол гәзет редакциясына 22-ақпанда тапсырылып, бір айдан кейін жарық көрді...
Енді, міне, сол жауабымдағы деректердің бәрінің өңі айналдырылып, 5 жылдан кейін сол «Қазақ әдебиеті» гәзетінде (2016-жыл, 26-ақпан. «Невада-Семей» - ақиқат пен лақап) З. Қоңырованың «ықылым заманнан бергі бірегей дара тұлға О. Сүлейменовпен» сұхбаты болып, гәзет оқырмандарына қайтадан ұсынылыпты. Ол «жаңалыққа» Семей полигонының ашылу-жабылу жайынан нақты деректері бар және О. Сүлейменовтің «Мен!.. Мен!..» дегіштігін білетін адамдардың бірі ретінде қайта оралуды жөн көрдім. Әлбетте, әрқашанғымша ақиқатқа жүгіндім. Сұхбатқа үңілейін. Әуелі О. Сүлейменовтің ең отаншыл және қазақтың бірден-бір қамқоры, қорғаны сыңайындағы сипаттамасына жауап былайша: «...Я, оказалось, занял место прямо напротив О. Сулейменова. За несколько дней до этого нам были розданы тезисы программы будущей партии. Мне достался национальный вопрос. Материал готовил очень серьезный, как мне казалось, не уступающий «Комманифесту» Маркса и Энгельса. Но когда дошел до тезиса «возрождение казахской нации», Сулейменов поднялся, немного полюбовался собою, затем директивным тоном потребовал убрать «возрождение казахской нации». Я впервые оказался в такой близости от «великого человека». Но преодолел робость и почти заорал на него: «Какого черта мы собираемся в партию?! Я буду бороться против антиказахской партии!» (Алдан Айымбетов. «Олжаса Сулейменова как антиказаха я раскусил сразу, еще тогда», газета «Казахская правда», №17, сентябрь, 2005 г.). Мұндағы партия – әуелде М.Шаханов пен О. Сүлейменов бірлесіп құрған, көп ұзамай Олжастың ғана олжасы болған «Қазақстанның Халық конгресі» партиясы. Қазақ ұлтының ес жиып, қайта түлеуіне қарсы шыққан О. Сүлейменов содан беріде қазақ халқына нендей қамқорлық жасады, қандай қорған болды? Тоқ етері: орыс тіліне мемлекеттік мәртебе беруді әу бастан бүгінге дейін жақтап, талап етіп келеді; Алматыда іс қағаздарын жүргізуді қазақ тіліне – заңды мемлекеттік тілге көшіруге бірінші болып қарсы шықты; «қазақта шекара болмаған, бүгінгі жерінде мемлекеті болмағанды» да бірінші болып растап сөйледі; қазақ – қалыптаспаған халық, қазақ тілі қауқарсыз деді; тәуелсіз журналшының: «Жұртшылықтың Ғалымжан Жақияновты түрмеден босату талабына қалай қарайсыз?» деген сұрағын: «Е, ол не үшін? Оппозицияны күшейту үшін бе?» деп кекетті; Заманбек Нұрқаділев пен Алтынбек Сәрсенбайұлы қазаға ұшыратылғанда селт етпеді, «Бұл не сұмдық?!» демеді; Алматының әкімі В. Храпуновқа (екеуінде «Алматының алтын адамы» деген ресми атақ бар) ашық хат жазып, қалаға «Алма-Ата» атын қайтаруды сұраған 18 «отаншылдың» және Қазақстанның тарихы Тәуелсіздік алған 1991-жылдан басталуы керек деген 28 «тарихшының» бірегейі болды және сонысына орай аға жазушыларының бір тобы: «Олжас, саған не болды?» деп ашық хат жазғанда оларға келемеж жауап қайтарды; баспасөзде Петропавловск мен Павлодар қалаларының ежелгі тарихи қазақша аттары Қызылжар мен Керекуді қалпына келтіру сөз болғанда, ол: қала аттарын қазақтар қазақша, орыстар орысша жаза берсін, деп «ғажап тапқырлық» танытты; 1932 - 33-жылдардағы аштық туралы қазақ әдебиетінде бір ауыз сөз жоқ деп, қазақтың әдебиетін, яғни кезінде аштық жайында мақала, өлең, дастан жазған, сол үшін қуғындалған (мысалы, Жақан Сыздықов) ақын-жазушыларымыздың өлісінің аруағын, тірісінің өзін тәрк етті. Ең болмаса: «міне, қазақтар жаза алмағанды орыс жазды!» деп Валерий Михайловтың (қазірде «Простор» журналының бас редакторы) «Хроника великого джута» деген деректі хикаясын да атамады. Қазақ тіліндегіні де, орыс тіліндегіні де оқымаса, оқығысы келмесе, бөстекіленбеуі керек қой. Ақынның осы және басқа да ағат сөздері өзге қолға көшкенге дейінгі «Свобода слова» гәзетінің (бас редакторы Г. Ерғалиева) беттерінде бадырайып жатыр. Гәзет оған «Известный правдолюб Казахстана» деп айдар да таққан. О. Сүлейменовтің одан бергі «тарихи» сөздерінен: 1. Оның, 2013-жылы болар, «Эхо Москвы» радиосының тілшісімен сұхбатында: «Әзірбайжан мен Қазақстанның мәдениеті орыс тілінсіз өркендей алмайды»; 2. Былтыр, 2015-жылы, исі қазақты алымсынбай, Тәуелсіздігімізді мансұқтап: «Ресеймен одақта болуымыз керек, өйтпейінше жартылай тәуелсіздік Қазақстанға қауіпті» деген «данышпандығы» өз алдына десек, оның Қазақстанға тәуелсіз Әзірбайжанды қосақтап, ол елге «қамқоршы, қорған» бола қалғанын қайтерсің! О, ол бір сұхбатында өзінің интернационалист екенін, жер бетіндегі қай ұлттың болсын жоғын жоқтауға тиіс екенін мәлімдеген! Сонысына биылғы ақпанда «Жетісу казактарының» құрылтайына қатысып, олардың «мұң-мұқтаждарын» тікелей Президентке жеткізуге уәде берген «сергек белсенділігін» айтсайшы! Онысының ақыры президенттің аузынан қайшылықты пікір болып шығып, қаншама дүрлігу туғаны ше?! Ал Семей полигонын жабу жолындағы күрес туралы да деректер сөйлесін: Полигонға қарсы күресті жанпидалықпен бастаған адам – сол облыс партия комитетінің бірінші хатшысы Кешірім Бозтаев. Жаңа 1-басшы құқын пайдаланып, полигонның ықпыл-жықпылын түгел аралап, аса құпия лабораториялар мен емханаларды, жарылыстар түсірілген кинофильмдерді көріп, қатты қиналғанын, Семейдің ғана емес, бүкіл Ертіс бойы жұртшылығының тағдырын тәлкек етуші сұмдық жағдайға одан ары төзе алмайтынын түсініп: “...Қайда апаратын жолға түсерімді білдім. Мемлекеттік сұрапыл құрылымға қарсы тұрудың тәуекелі тылсым болатын, тайғақ та қауіпті жол менің құрдымға құлап түсуіммен бітуі әбден мүмкін. Алайда мен ақиқатқа, бастар күресімнің дұрыстығына сендім. Мынау жерім, мұндағы адамдар үшін жанымды шүберекке түйдім...” деді («Семей полигоны» кітабында. Бұдан былайғы үзінділер де осы кітаптан алынды). Жеделхаты жұлқа-жұлқа шыға уға тұншығып жатқан жердің, халықтың қайғы-қасіретінің дабылы, сол жер мен халықтың нартәуекелді Перзентінің жанайқайы болатын. 1-хатшы обкомның бюро мүшелерін шақырып алып, көргендерін ашынып айтып, Горбачевқа жеделхат жіберуге бел байлағанын мәлімдеп: «Өзім ғана қол қоямын, не болса да жеке көремін» деген. Оған дейін хатты жазарын республика партия ұйымының «құдайы» Г.Колбинге сездірмеу керегін, оның мүлде қарсы болып, жолын кесіп тастарын біліп, Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевпен хабарласуға тәуекел еткен. Үкімет басшысы сәл ойланыпты да: «Бастасаң баста, біз сені қолдайтын боламыз!» депті. Нұрсұлтан Әбішұлы хал-ахуалды жақсы сезінді, әуелде Бозтаевты қолдаса, кейінде «Невада-Семей» қозғалысының құрылуына да қозғаушы болғаны да сөзсіз. Сонымен, Кешірім 1989-жылдың 20-ақпанында М. Горбачевке шифрлы жеделхат жолдап, полигонды жабуды, басқа жаққа көшіруді талап еткен. Ол тым ұзақ әңгіме, білуге құмар ағайындар «Семей полигонын» оқыса («Қайнар» баспасынан 1992-жылы шыққан), онда бәрі де тәптіштеп айтылған. Ал О.Сүлейменов берген сұхбатта Бозтаевтың хат жазуына біздің депутат 4 қаламгердің Кремльге жазған хаты, соның негізінде Колбиннің Бозтаевқа «осындай хат жаз деп нұсқау бергені» баяндалыпты. Лақап! Кейінде сол 4 қаламгердің бірі, құрдасым Қадыр Мырзалиевке: «Төртеуің жазған хаттың түпнұсқасын көрдім. Сағаты, күні, айы, жылы көрсетілмепті, «айдалада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау» ғой?» деп әзілдегенімде ол: «Кешірім Бозтаевтан бір апта кеш қимылдасақ та, бір апта озып кеттік» деп күлді. Осы орайда айта отырайын: мен Горбачевқа екі хат жолдап, өзіне Кешірім Бозтаев жазған хат туралы пікір-түсінік беруін өтіндім. Біріншісіне хатшысынан: - Михаил Сергеевич сіздің тілегіңізді әзірше қанағаттандыра алмайды, сырқат еді, - деген жауап келді де, екіншісіне ләм-мим болмады. Президентіміз Н. Назарбаев мырзаға да сондай дерлік тілекпен екі мәрте хат жазып, біріншісіне Мемлекеттік хатшы Қ. Саудабаевтан «алай ғой, былай ғой» жауап келіп, екіншісі хабар-ошарсыз кетті. Енді Олжастың Семейге қалай барғанын айтсақ, ол Алматы қаласының Калинин ауданынан КСРО халық депутаттығына кандидат болды. Сайлау участогіне Жазушылар одағынан «Простор» журналының қызметкері екеуіміз бақылаушы болып бардық. Дауыс беру, бюллетень санау таза атқарылды. Ақын ұтылып қалды. Сол күндері не болғанын Кешірім кітабында анық жазған: «Алматыда дауысқа түскен Олжас қиындыққа ұшырапты. Министрлер Кеңесінің төрағасы Н. Ә. Назарбаев маған телефон шалып, жағдайды айтып, О. Сүлейменовті Семей облысынан депутаттыққа өткізуімізді өтінді. «Сүлейменов сізге көмектеседі, полигонға қарсы күресте жақсы жәрдемші болады», деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Ертеңінде Г. В. Колбин телефон соғып, ол да сондай тілек айтты». Ол тілектер, әрине, қабыл болды. Бертінде ақын бір сөзінде Колбиннің Бозтаевқа «без никаких!» деп бұйрық бергенін айтты. Түлкімінезді Колбинде ондай ашық дөкірлік болса, әуелде Алматы қалалық партия комитетінің 1-хатшысына неге «без никаких!» демеді екен? 1989-жылғы 28-ақпанда, К. Бозтаевтың жеделхаты ізімен Семейге Мәскеуден комиссия келетін күні (не 1 күн ерте, не 1 күн кеш емес!) Олжастың Алматыда «Невада – Семей» қоғамдық қозғалысын құрып, екпіндеп сөйлегені көз алдымда... Бір «қызық» жәйт: 1993-жылы (Кешірімнің жасы 60-қа толған күні) К. Бозтаевтың полигонды жабу күресін ақиқатқа сай жоғары бағалап: «...В те нелегкие годы борьбы за прекращения ядерных испытаний на Семипалатинском полигоне Вы проявили стойкость бойца за интересы народа и мудрость истинного народного лидера..» деп жазған ақын кейін, 2005-жылы, К. Бозтаев қайтыс болғаннан 6 жылдан соң: «...Да, он был первым секретарем обкома, но не более того. И уж во всяком случае, среди первых борцов за закрытие полигона его не видели» деп шыға келді («Казахстанская правда» гәзетінде). Астапыралла! Өз басым исі мұсылманның аруақтан өйтіп аттап кеткенін естіген де, көрген де емеспін... Ақын шіркін тым болмаса президент Нұрсұлтан Назарбаев мырзаның Кешірім Бозтаевты 60 жылдығымен ақтарыла құттықтаған жеделхатында: «...Принципиальность, требовательность к себе и другим, забота о людях, чуткость и внимание к ним снискали Вам заслуженный авторитет и уважение в республике. Неоценим Ваш вклад в решение проблем, связанных с закрытием Семипалатинского ядерного полигона, с созданием системы социальной защиты населения, пострадавшего от испытаний атомного оружия...» деген әділ пікірін де елемеді. Сүлейменов сұхбаттағы сөзінде: Бозтаевтың хаты барын Колбиннен естігенін, ал 1989-жылғы 12-ақпандағы жарылыс зардабын бір ұшқыштың хабарлағанын айтыпты. Олай болса, тағыда дерекке жүгінелік: «Письма-телеграммы такого же содержания (Горбачевқа жеделхаттың көшірмелері, - Ғ. Қ.) им были отправлены: Председателю Совета Министров Н. Рыжкову, Председателю Верховного Совета А. Лукьянову, Председателю Советского комитета защиты мира Г. Боровику, и народным депутатам-членам Верховного Совета З. Пуховой (комитет по здравоохранению) и поэту О. Сулейменову, который 24 августа делает запрос Верховному Совету по поводу письма К. Бозтаева (Сборник документов. «Ядерные испытания СССР: современное радио-экологическое состояние полигона». Кол. авт. под руководством проф. В.А.Логачева. Изд. АТ. 2002.). Демек, Кешірімнің хаты не екенін алғаш Колбиннен естігені - бекершілік, хаттың бір данасы өзіне жетіп, Жоғарғы Кеңеске депутаттық сұрау салғаны - шындық. Өкінішке қарай, ақын ол шындықты да керек етпеді. Енді К. Бозтаевтың кремльдік комиссиямен тәжікелесуінен бір үзінді: Букатов: «Біздің комиссия облыстық партия комитетінің жеделхаты бойынша СОКП ОК Бас хатшысының тікелей тапсырмасымен келді...»; Бозтаев: Генерал Бредихин дабыл қақпаса, 12-нші ақпанда не болғанын біз анық білмес те едік. Ондай пәленің бұрын да болмағанына кім кепілдік бере алады? Ведомостік мүдделердің халыққа қамқорлықтан жоғары қойылып келе жатқаны өкінішті...». Бозтаевпен қызметтес болғандар: «Жүрегіңді аузыңнан суырып аламын!» деген жауызға тап болса да, жалтармайтын, жалған сөйлемейтін Азамат еді!» деседі. Тәжікелесудің соңында Мәскеу комиссиясына: «Біз ақиқатты айттық. Алған бетімізден қайтпаймыз!» дегені де - сол азаматтық жаратылысының бір нышаны. (Үзіндідегі Букатов В. А. – комиссияның басшысы, КСРО Министрлер Кеңесі құзырындағы Әскери-өнеркәсіп комиссиясының төрағасы; Бредихин П. Т. – Семей облысындағы Шаған әскери бөлімшенің командирі. Сүлейменовтің «хабаршысы» - «әскери аэродром ұшқышы» - сол Шаған әскери бөлімшесінікі екені сөзсіз, яғни оның қалыпты ішкі тәртіпті (субординацияны) сақтамауы, әуеде көріп-білгенін өзінің командиріне емес, айдаладағы ақынға жеткізуі «қызық», ал «шыжығы»: Шаған – әскери құпия орталық, яғни «көреген, білгіш» ұшқыш былай тұрсын, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің келісімінсіз генерал Бредихин де ешкімге ешқандай мағлұмат бере аплмаған). Аталған кітабында К. Бозтаев Горбачевтың полигонды жаптырмауға тырысып, сынауды 1993-жылға дейін жүргізе беруге тіпті жарлық шығарғанын, онысы іске аспағанын, полигоннан 40 жыл зардап шеккен облыс жұртшылығына өтемақы беруге селқос болғанын, өтемақы мәселесін КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы Н. Рыжковқа барып қана реттей алғанын анық айтқан. Рыжков қол қойған қаулы шыққанын ауданда іссапарда жүрген Бозтаев өзін телефон арқылы іздеп тауып, қуана құттықтаған Назарбаевтан естіген. Сүлейменов-Қоңырова сұхбатында көкселгендей, Семей, Невада, Лоб-Нор, Муруроа, т, б. полигондардың жабылуына бір ғана «Невада-Семей» себепші бола алған жоқ. Хиросима мен Нагасаки қасіретінен кейін атом-ядролық қару-жарақ шығаруды, полигондарды дереу жабуды талап еткен халықаралық қозғалыстар құрылды. АҚШ-та, Жапонияда, Үндістан мен Еуропа елдерінде кең көлемде күрес басталды. Англияның әйелдер қауымы Гримен-Комон базасын қоршап, бірнеше күнге созылған жиын өткізді. Бейбітшіл күштердің теңіздерде атом қаруларын тиеп келе жатқан әскери үлкен кемелердің жолын бөгеу үшін жанпидалықпен қайыққа мініп қарсы аттанғаны, қақтығыстар болғаны жөнінде баспасөзде аз айтылған жоқ. 1985-жылы тамыз айының 30-ы күні Конго Халық республикасының астанасында Азия мен Азия елдері жастарының ұлт-азаттық күрестегі рөлі туралы халықаралық кездесу болды. Кеңес Одағы делегациясын біздің қаламгер Әнуар Әлімжанов бастап барып, сөз сөйледі. Кездесуде дүние жүзі жастарына үндеу қабылданып, ол мынадай сөздермен аяқталды: «...Біздерге, жастарға, әлем тағдыры алдындағы үлкен жауапкершілік жүктелуде. Бізге өз мұраттарымызды сақтап қалу үшін бұрынғыдан да күшті белсенділік, топтасқандық қимыл қажет! Хиросима мен Нагасаки қасіреті ешқашан қайталанбасын!» (осы сипатты сөзді бұрында Әнекең айтқан да, жазған да). 1989-жылы шілде айының 17-19 күндері Семей қаласында полигон тауқыметін талқылаған халықаралық конференция болды. Оған қатысқан Әнуар Әлімжанов былай деді (үзінді): «...Әскери адамдарды мен де сыйлаймын. Десем де, жаңа алдымызда сөйлеген генерал-лейтенантқа қайран қалып тұрмын (ол генерал – полигон бастығы А. Ильенко, – Ғ. Қ.). Оның не дегенін бәріңіз де естідіңіздер. Сіз, генерал, халықтың алдына келдіңіз. Маршалдың бұйрығы – бір басқа, халықтың талабы – бір басқа. Халық полигонды жабуды, бұл жақтан әкетуді талап етіп отыр!.. Бүгінгі жиында көптеген баяндама жасалды, бірақ негізгі сұрақ әлі естілген жоқ. Ол не сұрақ? Ол: полигон орналасқан жер қабаттары мұқият тексерілді ме? Қырық жыл бойғы сынаудың зардабы қандай? Сынау басталған кезде бәрі де бұлыңғыр болды. Не екенін түсіну мүмкін емес-ті. Академик Сайым Балмұханов жаңа ғана айтып өткендей, бұл жерде мыңдаған, миллиондаған тажал жасырын жатыр. Олар жер бетіне шыққанда не күй кешеміз? Біздің бала-немерелеріміз, арғы ұрпақтарымыз ол тажалдан аман қала ала ма? Бүгінгі мына біз оларға не қалдырмақпыз? Уланған ауа, уланған топырақ, уланған су... Қазақстанның халі, міне, осылайша қатерлі. Атүсті қарағанға барша жақсылық, жаңалық, әлемнің ақыл-ой түйіні Қазақстанда және оның атын шығарған ғарышта сияқтанары сөзсіз, ал шындығында қарадүрсін дүмбілездік, сиыспайтын қарама-қайшылық осында... Ядролық қаруға тиым салу жөніндегі қозғалыс тек бүгінгі, немесе сайлау алдындағы науқан емес. Оған жаңа жарнаманың қажеті шамалы. Бұл күрестің басында Альберт Эйнштейндей ұлы ғалымдар, Николай Тихонов пен Александр Корнейчуктей кеңестік көрнекті қоғам қайраткерлері тұрды. Бізден Қаныш Сәтбаев пен Мұхтар Әуезов шықты. Олар 1952-53 жылдары өз еңбектеріндегі, пікірлеріндегі «ұлтшылдық» үшін емес, жеріміздегі ядролық қауіп туралы айтқан сөздері үшін қуғындалды. Сәтбаев пен Әуезов Семей өңіріндегі ядролық сынауларға қарсы ойларын Мәскеудегі кездесулерде, Алматыда ғалымдар алдында сөйлегендерінде айтып жүрді. Ал біз соны естен шығардық, бәрін бір өзіміз бастағандаймыз. Біз – басталған әңгімені жалғастырушы ғанамыз. Атом бомбасы алғаш жарылған күндері дүниеге келген ұрпақ мұны білгей, күресті шарықтау шегіне жеткізгей! Мына жиынның мақсаты сол, басқаша болуы мүмкін емес!». 1990-жылы 10 - 11-қарашада Англияның Қауымдар палатасында бүкіл тіршілікке төніп тұрған атомдық қауіп мәселесі талқыланды. Халықаралық ол жиынға шақырумен қатысқан Әнуар Әлімжанов мынаны айтты (үзінді): «...Біз мұнда Кесапат атаулыны айыптауға жиналдық. Иә, Кесапатты! Ал ол сан түрлі. Атом жарылысы біздің Дегелеңде, немесе Абыралыда, немесе мұхиттардың аралдарында, Қытай шөлінде, не Муруроада жасала ма, бәрібір, ол менің тауқыметті көп тартқан халқымның жүрегін сығымдайды. Себебі: жарылыстың маңайдағы бүкіл тіршілікке қауіп-қатер екенін біледі, басынан кешті. 454 жарылыстың әрқайсысы біздің жеріміз бен суымызды улады, адамдарымызды қасіретке ұшыратты, тіпті ана құрсағындағы нәрестелерді мүгедек қылды. 454 жарылыстың әрқайсысы менің халқымның мәдени бесігінде, аяулы өңірінде оның келісімінсіз жасалып, намысын аяқасты етті... Мырзалар, мені дұрыс түсінгейсіздер! Мен ядролық қаруларды пәлен жерде сынауға болады, түглен жерде сынауға болмайды деп тұрған жоқпын. Ол қаруларды қай жерде болсын сынау – адамгершілікке жат, адамзатқа қарсы іс!.. Сутегі бомбасын Қайнар ауылы іргесінде сынау алдында әскери басшылар ол жердің халқын басқа жаққа көшіре тұруды ұйғарған да, жылғындай 40 жігітті тәжірибеге керек қояндай етіп қалдырған. Бүгінде ол азаматтардың 37-сі жоқ, сынау зардабынан қайтыс болды. Қайнардың 17 тұрғыны қан дертінен көз жұмды, радиацияға ұшыраған 14 адам, жан азабына шыдай алмай, өзіне өзі қол жұмсады, 170 адам қатерлі ісіктен қайтыс болды, сол жылдары туған 28 баланың ақыл-есі дұрыс емес... Мен осы тізімді қазір Си-эн-Ди басшыларына табыс етемін... Сонымен, біз жарқабақта тұрмыз. «Қырғиқабақ» соғыс артта қалды, Батыс пен Шығысты аңдыстырған Берлин дуалы құлады. Алайда, бейбітшіліктің ядролық қуатпен қорғала алмайтынына (оған Чернобыль қасіреті мысал) көзіміз мың рет жетсе де, ядролық қаруларды сынауды ешқашан ақтауға болмаса да, жарылыстың әлі де жүргізіліп жатқаны ақылға симайды. Біріккен Ұлттар Ұйымы келесі 1991-жылдың қаңтарында ядролық қару-жарақ мәселесін талқылайды, соның алдында мына біз ядролық қаруы бар елдердің үкіметтерін Ақылсана дауысын тыңдауға мәжбүр етуге тиіспіз!». Түсінгісі келген, шындықтың өткір жүзіне тура қарай алатын адамға Әнуар Әлімжановтың халықаралық үлкен жиындардың биік мінберлерінен естілген бұл жанайқайы «невада-семейліктердің» шет елдердің көшелері мен алаңдарында аттандаған даурықпа сөздерінен әлдеқайда қымбат та әсерлі! Демократиялы шет елдерге көшеде шеру жасау, алаңда жиын өткізу таң емесін білесіздер, сол себеппен Невада штатының билігі біздің «Невада-Семей» делегациясын өз полигонының маңына жолатпай қойғаны баспасөзде паш етілген-ді. Жер шарының түкпір-түкпірінде Әнекеңше батыл қимыл жасаған жүздеген, мыңдаған қайраткердің қатаң талапты сөздері, әлбетте, ескерілмей, қолдау таппай қалған жоқ. Полигондарды жабу, қырып-жоятын қаруларды құрту талабының әлемдік деңгейде еселеп күшеюінің нәтижесінде атом-ядролы мемлекеттер полигондарын не біржолата, не уақытша жабуға тиіс болды, адамзатқа қауіпті Ядролық қаруға қарсы дүниежүзілік бірлестік құрылды. Десек те, жабылған полигондар лабораторияға айналдырылып, қару-жарақтың түр-түрін жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, ал бұл – ядролық апат қаупі әлі де жойылған жоқ деген сөз. Сұхбатта ауызға алынған Е. Велихов – атақты ғалым-физик. Ол Бозтаевтың Кремльді дүрліктірген хатынан кейін Семейге екі рет келіп, мән-жайға қанып, Горбачевқа полигонды жабу жөніндегі талап орынды, деп хат тапсырған. Ал оның «Невада-Семей» қозғалысына, О. Сүлейменовке қатысты нендей пікір айтқаны да белгілі (шындықты білгісі келгендер интернетке үңілсін: «Олжас Сулейменов перебирает в хвастовстве»). Ол материалдың біздегі полигонға қатысты бір ғана сөйлемін келтірейін: «...Евгений Велихов утверждает, что все переговоры с Госдепартаментом, Конгрессом, Пентагоном вел он и высшие офицеры КГБ и ГРУ. И никакого Олжаса Сулейменова там не было. То есть все решалось на оси Москва – Вашингтон». Әлбетте, полигон тақырыбына қалам тартқан мен де, басқалар да белгілі ақынның, ол басқарған «Невада-Семей» қозғалының атом-ядролық зұлматқа қарсы күресте көп жұмыс істегендерін көзімізді жеткізе әділ айттық. Әлі де айтылады. Аталмыш сұхбаттағы: «...Олар гәзетті, интернетті пайдаланып, О. Сүлейменовке көлеңке түсіріп, Қозғалысты жоққа шығаруға тырысты» дегендей далбаса пиғыл - ақынның ағат істері мен пікірлерін жария етуде қазекемнің: «дос жылатып айтады...» нақылын қымбат тұтқан көпшілікке бедірейіп күл шашу! Олжас екеуіміз құшағы қауышқан достар да, қаракездікті қастар да емеспіз. Жазушылар одағы құзырында 10 жыл қызметтес болған кезде де, одан беріде де «әй-шәй» дескен жоқпыз. Менің оған қатты ренжу себебім, оның К. Бозтаевтың аруағынан аттап кеткендігі болды. Сол көпе-көрінеу қателігін кешіре алмадым. Өзіне екі рет хат жіберіп: «кездесейік, түсінісейік» дедім, ол үндемеді. Енді мынау сұхбатында Бозтаевтың аты-жөнін атамай, «обком хатшысы» деп тағы төтелепті. Баяғы «Мен!». Және бір «қызығы» ақынымыз: «...обком хатшысының «өз ОК басынан» аттап, Бас хатшыға хабарласуға мүмкіндігі жоқ. Мұндай хат Бас хатшының алдына бармақ түгілі Горбачевтің кеңсесінің сүзгісінен өтпей, ҚазКСР-на қайтарылып, ОК ерекше бөліміне түсер еді де, обком хатшысын партия ішіндегі лауазымдық сатылы байланыс тәртібінің темірдей қатаң ережесін бұзғаны үшін жауапқа тартар еді» депті. Сонда К.Бозтаевтың М.Горбасчевқа хат жазғаны, Семейге Мәскеуден делегацияның келгені, оның төрағасы Букатовтың неге келгендерін мәлімдегені (жоғарыдағы үзіндіде) лақап екен-ау?! Ендеше, В. Пигаваевтың «Отделить зерна от плевел» мақаласынан үзінді оқылық («Правда Казахстана», 2012 г.): «...19 июля 2010 года в газете «Казахстанская правда» я опубликовал статью под заголовком «Под грифом «Совершенно секретно». Она посвящалась к 20-летию отправки первой секретной шифрограммы в Центр (Горбачеву М.С.), подписанной тогдашним первым секретарем Семипалатинского обкома партии Кеширимом Бозтаевым. Я не ожидал такой бурной реакции на эту статью со стороны нашего глубокоуважаемого Олжаса Сулейменова («Казахстанская правда» от 30 июля 2010 года под заголовком «Еще раз об исторической истине»). Упорно отрицая роль К.Б. Бозтаева в борьбе за закрытие полигона, О. С. пишет: «Если бы Бозтаев сам в горячах додумался до такой самостоятельности, он в тот же вечер лишился бы своего поста». Спрашивается: значит, Бозтаев не посылал шифротелеграмму Горбачеву? Не писал письма другим руководителям страны, депутатам СССР, общественным деятелям? Но есть же мы, живые свидетели (тогда я работал заместителем зав. отделом пропаганды и агитации обкома партии, курировал все СМИ области). Именно мне, как журналисту, например, было поручено подготовить проект данной шифрограммы (хранится в моем личном архиве с поправками самого Бозтаева). Жив и здоров сегодня шифровальщик секретного сектора общего отдела Владимир Игнатьев, заведующий Анатолий Чернышев, который отправлял шифровку в ЦК КПСС. После этого такие шифровки ушли и в другие вышестоящие государственные органы СССР. Поэт утверждает: «…Второй митинг был в начале марта в Семипалатинске. На площади перед обкомом партии. Ни один работник обкома не участвовал. Двери закрыты, шторы опущены. Таким я помню тот обком». Это же просто смешно. Есть документы, фотографии, где поэт рядом с К. Бозтаевым и другими работниками обкома, некоторые из них живы-здоровы и сейчас». КСРО билігі басына жариялылықты ту ете жеткен Горбачев К. Бозтаевқа ешқандай жаза қолдана алмады. Ал Кешірім СОКП ыдырағаннан кейін облыс әкімі болды, басқа да қызмет істеді, «...в тот же вечер лишился бы своего поста» болған жоқ. Зейнеткерлікке 1997-жылы шығып, халықаралық «29-тамыз» қоғамдық қорын ашып, көзі жұмылғанға дейін (1999-ж.) халқына адал қызмет етті. Әлде бұл деректер түгелдей лақап па? Полигонды жабу күресімізге М. И. Есенәлиев бастаған «Азат» қозғалысы да көп үлес қосты. Облыстардағы ұйымдарынан өкіл жинап, шамасы бір мың адам полигонды қоршап: «Сынау тоқтатылсын! Полигон жабылсын!» деп тегеуірінді талап қойды. Ол ерен қимыл баспасөзде баяндалды. Бірін бірі шашбаулап, біріне бірі шапан жауып аттандап жүрген «невада-семейліктер» ол қозғалыс жайында жақ ашпайды. Әлде ол да лақап па? Полигонды жабу бағытында Қазақстан КП Орталық комитеті мәлімдеме жасап, республика Жоғарғы Кеңесі қаулы қабылдағаны ше? Кешірімді Кеңес Одағының ат-атақтары шет елдерге мәлім зиялыларының көптеп қолдағаны ше? Кілең «мықтылар» ымдасып-жымдасып алған бүгінгі заманда қаһарлылар мен қалталылардың аты жүріп тұр. «Невада-Семей» қозғалысы, О. Сүлейменов туралы дақпырт-дәріптеу жиындар өткізіліп, мақалалар жазылып, кітаптар шығып жатыр. Полигонның жабылғанына 25 жыл толуына орай ол даурықпаның үдей түсетіні де даусыз. Кешірім Бозтаевтың полигон шежіресі болған: «Қайнар қасіреті», «Семей полигоны», «29-тамыз» кітаптарын қайтадан басып шығаруды биліктен қанша өтінсек те, ескерусіз қалды. Өкінішке қарай, К. Бозтаевтың шын мәніндегі ерлік ісі бұл жолы да ұмыт қалар, өйткені оның «Семей полигоны» кітабындағы мына ақиқат пікірі олжасшылдарға о баста-ақ ұнамаған: “...Полигонды жаптыру күресімнің басталуынан аяқталуы әлдеқайда қиын болды. Әу баста жұртшылыққа арқа сүйеп, өзімді қолдайтынына нық сеніп, қуаттанып кіріскен едім. Енді өзім мүддесін қорғағандардың, өкіметпен текетіреске бірге шыққандардың көздеріне сүйел бола бастағандаймын. Өкпек желдің қай жақтан соққанын сездім. Ол ең алдымен қоғамдық қозғалыс жетекшілерінен басталды. Олардың кейбіреуі, тіпті Семейге ат ізін бірінші рет салса да, баяғы Юлий Цезарьша: - Бардым, көрдім, жеңдім! - деп шыға келді... «Бұл кімнің еңбегі?» деген сұрақ сампылдай бастады. Баспасөз бетін жауып кеткен жарияланымдарда еңбек «Невада-Семей» қозғалысынікі, тек қана соныкі делінді. Қозғалыстың әрбір әрекеті мейлінше кең насихатталды. Өздерін дәріптеу сияқты сыңаржақтық өршіді... Жиі-жиі жиын жасау, жалаң ұрандау әдетке айналдырылды...». Полигонға қарсы күреске қосылған «Невада-Семей» қозғалысының бірінші қадамы өздерін насихаттаудан, дәріптеуден, қазіргі эстрада тілімен айтқанда, «шоудан» басталғаны рас. Сүлейменовтердің 1989-жылы тамыз айының 5-7 күндері Семейде өткізген жиындарына тізімдеп шақырумен: Алматыдан және 14 облыстан 138 кісі, ал Мәскеуден 90 кісі келген, оның ішінде «Дети», «Мистер Твистер», «Икс» рок-группалардың 35 әнші-бишісі бар! Шоу емей, немене? Олжастар содан кейін жүзден астам кісі Мәскеуге барып дүркіретті. Атом сынауынан жарымжан болған бір жасөспірімді алып, шет елдерге барып қайтты. Ол насихаттарының әсері қандай болды, сапарларына қаржыны қайдан алды, кім берді? Әрине, үкіметтің әмірі бойынша, бүкіл шығын облыстың бюджетінен төленді. Ал сол сапарлардағы жиын-жиналыстарының бірде-бірінде полигонға қарсы күрестің басталуы, Кешірім Бозтаев жайында ешқандай мағлұмат болған жоқ, өйткені: «...он был первым секретарем обкома, но не более того. И уж во всяком случае среди борцов за закрытие полигона его не видели». В. Пигаваевтың жоғарыда аталған мақаласынан және бір үзінді оқылық, артық болмайды: «...Каждый митинг санкционируется компетентными органами, т. е. прокуратурой, КГБ и МВД. Теперь уже не секрет, переодетые сотрудники этих органов сотнями участвовали на этих митингах. Твердо надо знать, что ни один руководитель завода или фабрики не приведет на площадь своих рабочих без санкции партийных комитетов, ни одно учебное заведение не сорвет занятия. Не соответствует действительности и тот факт о том, что якобы как только на площади появляются невадовцы, за ними идет весь народ. Не было этого, и быть не могло. Все было под контролем. Мы составляли разнарядку на участие на митингах и доводили до исполнителей, готовили выступающих на митинге, тексты обращений, изготавливали плакаты и лозунги, писали их тексты, устанавливали усилители и микрофоны. Детально, до мелочей расписывались обязанности каждого ответработника, кто и за что отвечает. Обсуждался сценарий митинга, даже пофамильно расписывали тех, кто понесет плакаты и лозунги». О.Сүлейменов көп сұхбатының бірінде: «Семей полигоны – менің дастаным» деген еді. Мен онысын қуаттап, тек бас кейіпкерлерінің қатарында Машкевич, Шодиев, Ибрагимов болуын ұмытпауын қалағанмын. Сол дастаны жазылып жатқан шығар. Онда, әрине, қашанда өзін зор тұтатын (мания величия) дағдысынан жаңылмай, «Мен!.. Мен!..» дейтіні сөзсіз. Оның қашан, қайда, қалай болсын өзін өзі дәріптеуге де, өзгелерге дәріптетуіне де мүмкіндігі шексіз дерлік мол. Ол мақала-сұхбаттарында, кітаптарында Семей полигонын жалғыз өзі жапқан бола береді, бірақ оның ол лақабына сол зобалаңды басынан кешірген, бәрін де көріп-білген Қазақ Халқының, алдымен Ертіс бойы жұртшылығының иланбасы анық! Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ. (06. 03. 2016 ж.) qazaquni.kz