Жоба сыннан өтсе ғана сапалы заң болады...
2016 ж. 12 сәуір
5041
15
«Мәжіліс Үкіметпен бірлесіп сапалы заңдар қабылдауы керек!» Парламент Мәжілісінің Төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов палатаның алтыншы шақырылымындағы алғашқы жалпы отырысында осындай мәлімдеме жасады. Несі бар, мәжілісмендердің бұл ойы сайлаушылардың тілегі мен сеніміне сәйкес келеді, тек осы бір жап-жақсы жоспарларын іске асыра алса болғаны.
«Бүгін Мәжілістің алтыншы шақырылымы заң шығару жұмысына кірісті. Бірінші кезекте біз Мәжілістің өкілеттіктерін іске асырудың бірінші сессияға арналған негізгі шаралар жоспарын қабылдадық. Елбасымыз атап өткеніндей, Ұлт жоспарын одан әрі заңнамалық қамтамасыз ету біздерге жүктеліп отыр. Бірыңғай салықтық және кедендік кодексті, жер мен жер қойнауын пайдалану кодексін қабылдап, электроэнергетика және мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға беру саласындағы заңнаманы жетілдіруіміз қажет», – деп атап өтті Мәжіліс спикері.
Төрағаның тұжырымына, ұстанған бағытына ешкімнің таласы жоқ. Әрине, қоғамымызға қолданысқа қолайлы, сапалы заң қажет. Бәріміз сол қабылданған заң аясында өмір сүретіндіктен оның әрбір адамның құқығын қорғайтын, қоғам мүшелерінің ортақ мүддесін көздейтін, әділ, сауатты, еліміздің алға басуына қарышты қадам ашатын ережелер болғаны дұрыс. Ата заңымызға сүйенсек, осының бәрі өзіміз сайлаған пәрменді Парламентіміздің депутаттарына байланысты. Шын мәніндегі халық қалаулылары болса қандай заң жобасын қараса да қоғам, мемлекет, ұлт мүддесін ұмытпай, алдымен дәп осы тұрғыдан талқылағаны абзал. Өйткені заңның аты – заң, оның үлкен-кішісі болмайды, ол біздің ертеңгі өмір сүретін ережеміз. Сапалы заң болмаса, әркім білгенін істеп, қонышынан басып жүре беретіні белгілі. Соның салдарынан қатардағы қарапайым халық сорлайды. Өкінішке орай, біздің қабылданған заңдарымыздың бәрін сапалы, қолданысқа қолайлы деп айта алмаймыз.
Естеріңізде болса, өткен бесінші шақырылымның депутаттары да білек сыбанып, заң қабылдау қызметіне белсене кіріскенде дәп осындай ойда болып, жап-жақсы жоспар құрған-ды. Өйткені сайланар алдында халықпен кездесіп, өздеріне дауыс беру үшін тұрғындардың алдында уәдені үйіп-төгіп, елімізде жұмақ қоғам орнататындай ой қалдырды емес пе? Бірақ, күнделікті қызмет барысында сол берген уәделер үдесінен толықтай шыға алмағанын ашық айтуға міндеттіміз. Депутаттар жұмысына баға беруге әрбір сайлаушының құқығы бар. Бұл үшін бүгінгі де, кешегі де депутаттар ешқандай реніш білдірмес деп ойлаймыз. Өйткені халық қалаулысы атанған соң, сол атауға сай бұқараға қызмет етуге бар күш-жігерін жұмсауға олар міндетті. Турасын айтсақ, оларды «депутат бол» деп ешкім қыстап отырған жоқ, ерікті түрде сайлауға түсіп, саяси додада жеңіске жетіп, адал қызмет етеміз деп халық алдында ант берген де өздері. Олай болса, берген уәдені орындау керек, қолынан келмесе сайлаушыларынан кешірім сұрап депутаттықтан бас тартқаны жөн. Мәжіліс залында қалғып-мүлгіп, анда-санда «кнопканы» басып қойып, босқа уақыт өткізіп отырудың қажеті жоқ. Осы үшін мемлекет халық есебінен оларға аз айлық төлеп отырған жоқ, жемісті жұмыс істеу үшін бар жағдайды жасап келеді. Бұл жағынан депутатттарымыздың Елбасына да, халқына да айтар арызы жоқ шығар. Олардан талап етер бір-ақ нәрсе – ұсынылған заң жобаларын жан-жақты зерттеп, салиқалы сараптама жасап, дұрыс шешім қабылдау. Бар болғаны осы, басқа ештеңе емес. Елімізге тиімді, тыңғылықты тың ойларын айтып, оны қолданысқа енгізіп жатса тіпті жақсы. Ондай депутатты сайлаушылар қашан да қолдайды, керек болса төбесіне көтереді.
Жаңадан сайланған депутаттарға айтарымыз, өткен шақырылымдағы әріптестерінің атқарған жұмыстарын тағы бір ой елегінен өткізіп, жіберілген кемшіліктерді ескеріп, қателерді қайталамау қажет. Көптеген салалар бойынша қабылданған заңдардың астарын ақтармай-ақ, бір ғана «Жол жүру ережесін» ғана алайықшы. Жыл бойы неше рет қаралып, қайта-қайта бірнеше түзетулер енгізілді. Балаларға арналған орындықтан бастап, ереже бұзған көлікті соғып тоқтатуға дейінгі аралықта көптеген сұрақ туындап, үлкен дау-дамайға ұласты. Депутаттар мақұлдаған көлікті көшеде бей-берекет қуалап, соғып тоқтатудың соңы Шымкентте қайғылы оқиғамен аяқталды. Қылмыскерді қуалап келе жатқан полицей бейкүнә жүргіншіні қағып кетіп аурухананың жан сақтау бөлімінен бір-ақ шығарды. Жасырын бейнежазба жасап, айыппұлды бірнеше есеге өсіру де ешқандай нәтиже бермеді. Жасырын бейнежазба түсіру адам құқығын тікелей бұзу екенін айтпаған күннің өзінде, салынған айыппұлдың 20 пайыздайы ғана төленіп, қалғаны қарыз боп жүргізушілердің мойнында әлі тұр. Мұндай жоғары айыппұл дамыған бай елдерде де жоқ. Жүргізушілердің сұрағына орай өз парақшасында Ішкі істер министрі Қ. Қасымов: «Бір жыл өткенде ондай айыппұлдар күшін жояды» деп жазса да, жергілікті шенділер «Атадан балаға мирас болып қалатыны секілді, айыппұл қалай да төленуге міндетті» деп шіренеді. Демек, бұл жерде де артық қыламыз деп тыртық қылдық. Бұл атышулы заңды алдағы уақытта қайта қарауға тура келетін шығар. Осы бір ғана мысалдың өзі біздің халық қалаулылары заң жобасымен толық таныспайтынын көрсетеді. Танысқан күннің өзінде оның төрт қырынан түгел қарап, қолданыста ертең қалай болады деген сұрақ ойларына келмейтін тәрізді. Нәтижесінде көпшілік үшін заңның пайдасынан зияны көп болып шығады. Ал заң атаулы алдымен көптің мүддесін қорғау керек, оны депутатттарымыз жақсы біледі, тек қана ұмытпай үнемі есте ұстаса болғаны.
Өткен жылдардағы тәжірибеге көз жүгіртсек, біздің жаңадан сайланған депутаттарымыздың басында қарқыны қатты келеді. Заң жобаларын талқылап, кем-кетігін көрсетіп, қарсы пікірлерін білдіріп жатады. Бастапқы қарқын бара-бара бәсеңсіп, олардың бұл дүниеде бар екенін де білу қиынға соғады соңында. Соған қарағанда құлаш-құлаш заң жобаларын оқу көз майларын тауысып, Мәжіліс залында байланып отыру жалықтырып жіберетін сияқты оларды. Сайлаушыларының тілегі мен сенімдері естеріне түскенде ғана ұйқыдан шошып оянғандай дауыс білдіре бастайды. Ол да ұзаққа бармайды, ақырында Үкімет ұсынған жобаны сол күйінде қабылдай салады. Оның салдарының қандай болатынын алдында айттық. Халықтың мүддесін қорғай алмаса ондай депутаттардың болғанынан мүлдем болмағаны жақсы емес пе? Тағы бір байқағанымыз, отырысқа жобаны ұсынуға келетін Үкімет өкілдері де біздің мәжілісмендердің жұмсақ мінезін жақсы біліп алған. Тәттісіз қалып өкпелеген, бір уыс кәмпит берсең, бәрін ұмытып кететін бес жасар баладай көретін болу керек халық қалаулыларын. Үкіметтің қандай сиқыры барын кім білсін, әйтеуір өз дегендерін істетіп, жобаларын жорғалатып жібереді, қос палатаның алдынан да еш кедергісіз шауып өтеді. Ұсынылған жобалардың ілу де біреуі ғана қайта қарауға ілігеді. Егер заң жобалары шынымен де сауатты, білікті дайындалса неге олар қолданыс барысында қоғам тарапынан қарсылыққа тап болады? Осы жағы депутаттарды ойландырмай ма? Ал мықты заң өміршең келетінін бәріміз білеміз.
Жаңадан сайланған депутаттарымыздың алдында үлкен міндеттер тұр. Қазірдің өзінде олардың қоржынында жиырмаға жуық заң жобалары бар көрінеді. Оның ішінде Мәжіліс төрағасы атап өткен маңызы зор, көпшілікті көбірек мазалайтын бірыңғай салықтық және кедендік, жер мен жер қойнауын пайдалану кодекстері, электроэнергетика және мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға беру саласындағы заңнамалар да бар. Салық саясаты алымның көлемін көбейтумен бағаланбау қажет. Өйтсек жүргізушілерге салынған айыппұлдың екінші нұсқасы болып шығады. Онымен мемлекетке түсетін түсімді өз қолымызбен азайтып аламыз. Салықтан жалтару, пайданы азайтып көрсету сияқты фактілер жиілеп кетеді. Салық жеке тұлға немесе кәсіпорын көтере алатын деңгейде болса ұтымды. Сонда одан ешкім жалтармайды. Ал, жер мәселесіне келсек, енгізілетін өзгерістерге көпшіліктің көзқарасы қазірдің өзінде әрқилы. Ауылшаруашылығына арналған жерлердің сатылуына халықтың басым бөлігі қарсы. Өйткені ол енді қалталылардың қолына өтеді, қарапайым ауыл адамдардың оны сатып алуға ешқандай мүмкіндігі жоқ. Қалталылар ол жерді ертең өзгелерге сатып, соңында кімге кеткенін таба алмай қалуымыз да ғажап емес. Осы мәселе алғаш рет көтерілгенде Парламенттің қос палатасынан жалғыз ғана сенатор Қуаныш Айтаханов қарсы шыққан болатын, өзгелері үнсіз қалды. Шынында да алдындағы аукционда өткен жер саудасынан түскен 1,5 млрд. теңге қай жыртығымызға жамау болды? Бұл қаржы әрі кетсе бір мектеп салуға ғана жетеді емес пе? Есесіне ата-бабалардан аманат болып жеткен жеріміздің тамырына балта шапқандай болдық. Отпен ойнасаң да жермен ойнамау керек, бұл мәселеге жеңіл-желпі қарауға болмайды. Бір кездерде ірі мемлекет болып, қазір ту тігер тулақтай жері жоқ кейбір ұлт өкілдері бүгінгі күні ата-бабаларына қарғыс айтып жүргенін де естіп жүрміз, Құдай содан сақтасын! Жер үшін ұрпақтар алдында бәріміз де жауаптымыз. Алдымен заңды қабылдайтын депутаттардың арына үлкен сын. Жерімізді жұлмалап, ертеңгі ұрпақтың көз жасы мен қарғысына қалып жүрмейік...
Зейнолла АБАЖАНОВ
"Қазақ үні" газеті