Арандап қалмайық, ағайын!
2016 ж. 11 сәуір
6805
11
«1967 жылы Шымкентте не болып еді?...»
...2011 жылдың көктемінде, кейінірек сот шешімімен жабылып қалған Қазақстан коммунистік партиясының жетекшісі Ғазиз Алдамжаровтай қадырлы адам қоңырау шалып, «сайлауға байланысты «Правда Казахстана» газетінің қазақша нұсқасын 32-беттен етіп шығармақпыз, соған көмектессең» дегеннен кейін Алматыға бардым. Сәуір айының аяғында, содан бір-екі ай бұрын Талғар ауданының Бесағаш аулында бір күрді жігіті зорлап, артынан өлтіріп кеткен қазақ қыздың әділет іздеген жанашырлары – әжесі, нағашы ағасы, тағы бір-екі адам келіп, партия ғимаратының конференц-залында баспасөз мәслихатын өткізді. Оған журналистер, қоғам өкілдері, Талғар аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары полковник, облыстық ІІД-нан майор орыс жігіт қатысты. Мен жиынның соңына таман сөз алдым.
«Құрметті полиция қызметкерлері, сендер неге тергеуді әділ жүргізбейсіңдер? Қашан болсын, қай жерде болсын, ұлтаралық қылмыс орын ала қалса, оны дереу «тұрмыстық қылмыс» деген сипаттама беруге ұмтыласыңдар. Сол «тұрмыстық сипаттағы қылмыстың» бәрінде дерлік қылмысты жасайтын өзге ұлт өкілі, ал, таяқ жейтін, қорланатын, зорланатын, ең ақыры қайғылы қазаға ұшырайтын қазақ болса-дағы, жауапты тағы да қазақтың өзі болып шыға келеді. ҚР Конституциясына (14-бап, 1-тармақ) сәйкес «заң алдында адамның бәрі тең» бола тұра, неге әдетте қазақты атқан ұйғыр ия шешен, зорлаған күрді немесе қорлаған түрік өзінің әділ жазасын алмайды? Мысалы, 2009 жылы Казатком аулында төбелесті, атысты бастаған шешен Махмахановтардың біреуі, қазақтардың екеуі қаза тапқанмен, сотталған 3 қазақ болды. Сендердің осы әділетсіз істерің қазақ халқын ашындырып отырғанын қалай байқамайсыңдар?
1967 жылы Шымкентте, әлемдегі ең төзімді қазақ деген халықтың өзінің ішіндегі ең төзімді бөлігі тұратын қалада МАИ инспекторларынан әбден күйген таксистер мен шоферлар көтеріліс жасап, милиция біткенді қырып салған. Көшеде ұстап алып, машиналарымен қоса өртеген. Ол байғұстар тығылатын тесік таба алмай қалған. Ақырында, өкімет қақтығысты Ташкенттегі әскери округтан солдаттар алдырып барып қана басқан. Бұл – ондай оқиға болды деуге сенудің өзі қиын, кешегі қылышынан қан тамған кеңес заманында!
Мен бұны біреуді қорқытайын деп айтып тұрған жоқпын, «қолымда билік бар екен» деп білгенін істей бергеннің арты жақсылыққа апармайтынын, беті аулақ, халық ашынып көтеріле қалса, бірінші таяқ өздеріңе тиетінін жаным ашып ескерткелі отырмын».
Полковник: «Біз әрқашан әділ тексереміз» деп, айтуға тиіс «дежурный» сөзін айтты. Оған отырғандар: «Әділ тексерсеңдер мұндай дау болмас еді ғой!» деп жауап қатты.
Мәслихаттың соңында қыздың нағашы ағасының ұсынысымен сол жерде отырған жұрттың бәрі ертеңіне таңертең сағат 9-да Бесағашқа баратын болып тарқасты.
Газеттегі орыс тілді журналист қыз екеуміз тура 9-да уәделескен жерге барсақ, әлі ешкім келмепті. Есесіне сол маңайда полицейлер толып жүр. Машинадан түсіп тұрған біздің қасымызға келген кешегі майор маған «можно вас на минутку?» деп, сол жердегі Мәдениет үйінің бір бөлмесіне ертіп кірді. Кірсем, ұзынша бөлмеде 6-7 адам бар екен. Босаға жақтағы қабырғада бір подполковник пен шіренген бір шенеунік отыр. Майорым орындық болса да, отырған жоқ, түрегеп тұрды. Ұзын қабырғада жалғыз отырған жігітағасының ғана түсі жылылау, қалғандарының түрі өрт сөндіргендей. Сол түсі жылы жігітағасы маған қарсы алдындағы, бөлменің ортасындағы орындыққа «отырыңыз» деді. Сосын өзін және әлгі екеуін таныстырды. Алматы облысы әкімінің орынбасары Серік Мұқанов деген азамат екен. Шалқайып, орындыққа сыймай отырған қасқа Талғар ауданының әкімі, қасындағы жайсаңы облыстық ІІД-нің басқарма бастығы болып шықты. Ал, терезе жақта отырған жігіттердің ҰҚК-нің қызметкерлері екені таныстырмаса да белгілі болды. Мен өзімнің кім екенімді айттым. Қазақы амандық-саулықтан кейін Секең: «Кеше сіз баспасөз мәслихатында «халық көтеріледі, полицияның бәрін бауыздайды» дегеніңіз рас па?» деп, майорды нұсқады. Мен таңғалдым: «Керісінше! «Әділетсіздікті тыймасаңдар, халық көтеріліп кетуі мүмкін, соны ойласаңдаршы» дедім, Шымкентте болған оқиғаны естеріне салдым». Майорым қазақша түсінетін болса керек, «у нас есть полная видеозапись вчерашней пресс-конференции» дегені. «Сәке, онда тіпті жақсы, дәл кәзір қоссын!» Шығып кетіп, дискетті алып келді. Оны отырған жанның бәрі көрді. Мен енді майорға қарадым: «Дорогой, где здесь мои слова: «Мы вас зарежем?!» Үні өшті...
Содан Серік мырза мені екі сағаттан астам ұстаса бола ма. ( Орыс тілді журналист қызым қайта-қайта қоңырау шалады: «Нас не пускают, что там у вас происходит?!» «Все отлично, мы мило беседуем!»). Айтыстық, тартыстық. Әңгіме арасында қоңырау түсіп, шығып кетіп еді, қайтып келіп маған «көпшік қоюды» да ұмытқан жоқ: «Секең (облыс әкімі Серік Үмбетов – авт.) сізді таниды екен ғой, сәлем айтты. Өмекең салиқалы журналист еді, ол жерде неғып жүр деп жатыр». (Сірә, сөздің кейінгі жағын өзі қосып қойды-ау деймін...). «Саламат болсын! Таныса, «Жас қазақ үнінде» (кәзіргі «Қазақ үні» - авт.) екі жыл редактор болдым, өткір мәселелерді барынша қоспасыз, ашып айтып, жазып жүрміз, соны бағалағаны шығар». «Неге сіз кеше сол жерде үлкендік танытып, жиналған жұртқа «бармаңдар!» деп айтпадыңыз?» дейді облыс әкімінің орынбасары. Қызық, ә! Қазақтың намысын қуғандар орын алып отырған әділетсіздікке елдің назарын аудармақшы болады, ал, мен "бармаңдар" деуім керек екен.
Подполковник мырза мына жақта отырып, "бұларды үйтіп жіберу керек, бүйтіп жіберу керек" деп, терісіне сыймай, күшеніп-күшеніп қояды. Әлгі диск болмағанда, майордың сөзіне сүйеніп менің үстімнен қуана-қуана іс қозғайтыны, дәлірегі «іс тігетіні» көрініп-ақ тұр...
Ауданның әкімі де одан қалысар емес: «Қуып жіберіңдер жиналғандарды» деп қояды. Ішіндегі ең лауазымы үлкені де, сөзі түзулеуі де қайта Серік Мұқанов.
Әкімге: «Сіз неге қуу керек дейсіз? Оның орнына, осы елдің басшысы атыңыз бар, жиналғандардың алдына бармайсыз ба?» дедім.
«Барып болғанбыз!»
«Барып болып қоятындай неше рет сөйлестіңіз?»
«Екі рет сөйлестік. Жиналса болды, бара беруіміз керек пе, немене?!»
«Әкім болғанмен, халықтан үлкен емессіз, неше рет жиналса, сонша рет баруыңыз керек!»
«Жетеді, біз бұндайлармен сөйлеспеймііз енді! Тек қуамыз!»
Шынында да, әкім айтқанын істеді – 1 мамыр күні үй салатын телімдік жер ала алмай жүргендер жиналған кезде оларды полиция бас-көзге қарамай ұрып-соғып машиналарына тиеп, күшпен тарқатқанын сол күні телеарналардан, интернеттен бүкіл ел көрді...
Мен мұның бәрін не үшін еске алып отырмын? Соңғы күндері ауыл шаруашылық жерді сату, оның ішінде шетелдіктерге де сату туралы заң шығуына, мектепте сабақты алдағы күзден бастап үш тілде жүргізуге, 1918 жылдан жаратылыс пәндерін тек ағылшынша оқытуға байланысты әлеуметтік желі гулеп тұр. Исландияның 300 мың халқының 30 мыңы көшеге шығып, «әйеліңнің оффшорда ақшасы бар екен, қызметтен кет!» деп, елдің премьер-министрін қуып шыққаны сөз болуда. «Неге біздің қазақ көшеге шықпайды, қашан шығамыз?» деген сұрақ қайта-қайта қойылуда.
Қазақ көшеге шыға алады. Бірақ, ...шықпағаны дұрыс.
Иә, шынында да, неге қазақтың көшеге шығуы қиын? Неге ол 2011 жылы «Желтоқсан қырғыны» болғанда да қозғалмады? Оу, біз сонау 1916 жылы атқа қонған халықтың ұрпағы емес пе едік? Тіпті, күні кеше, 1986 жылы жалаң қолмен жасанған әскерге үш күн бойы қасқайып қарсы шыққан жігіт-қыздардың алды 50-ден енді ғана асты ғой, жүр ғой солар арамызда! Неге басқа-басқа, солардың өзінің 2011-дің желтоқсанында басы құралып, алаңға екінші рет бара алмады? Олардың шыққанын көрсе, бүгінгі жастардың да қаны қызбас па еді?
Ендеше, біз алдымен өзімізге осындай сұрақтар қойып, оған жауап табуымыз керек. Жауап қазақтың табиғатында жатса керек. Өйткені, әр адам секілді әр ұлттың да болмыс-бітімі бөлекше. Біреу малы үшін отқа түседі, біреу жаны үшін отқа түседі, ал, қазақтың бұл екеуі үшін де отқа түсе қоюы екіталай. Ол тек ары мен намысы тапталғанда ғана көтеріледі. (Уа, шіркін, соны дәл бере білген Қайым Мұхаметханов атамыздың Қазақ КСР-інің гимндегі:
«Ер қазақ ежелден еркіндік аңсаған,
Азаттық өмір мен ар үшін қиған жан!» деген сөздері қандай еді, ә!..). «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы!» деген мақал қазақта ғана бар. Сол 1916 жылы да аталарымыз «әй, ақ патша, сен неге антыңды бұзып бізді әскерге аласың?» деген жоқ, «сен неге бізді окоп қазуға аласың, неге бізді қолымызға қару беріп, қан майданға салмайсың, сонда сені кеудемізден бас кеткенше қорғар едік қой!» деп, намысқа шапқан болатын. (1941 жылы елді қалай қорғаудың үлгісін көрсетті де...). 1930 жылғы қақаған қыста Созақтағы халықтың шыдамын тауысып, көтеріліске шығарған нәрсе шексіз-шетсіз салық та емес, қолындағы малынан айрылғаны да емес, ойына келгенін істеген «шолақ белсенділердің» келбетті келіншектердің, одан да сұмдығы ата-анасы алақанына салып әлпештеп отырған, етегін жел ашпаса, адам баласы ашпаған бойжеткен қыздарының абыройын аяққа таптағандары еді. (Көтерілісшілер солардың қолға түскендерін «арам денелері топырағымызды былғамасын, балыққа жем болсын!» деп Шудың мұзын ойып, суға батырып жіберген... Бұны мен атам Ақжігіт сол көтеріліске қатысқан 18 мергеннің бірі болғаннан кейін білемін). 1986 жылы да жас қазақтың намысы кеңес өкіметінің «бұл халықтың санасын түгел жаулап алдық» деген жетпіс жылдық идеологиялық сауытын көбебұзар қозы жауырын жебедей жарып шыққан болатын. Өлеңі философияға толы Қадыр ағамыздың: «Танығың келсе қазақты, намысына тиіп көріңіз!» деген сөзі де бар.
Бірақ, ол бұрынғы қазақ еді... «Жерді шетелдіктер жаппай сатып ала бастаса шығады» деп те сеніммен айтуға болмас. Бірақ, сол жерді сатып алған қытай немесе өзге ұлт өкілі қазақты қорласа, әне, сол кезде, намысқойлығы дәл бұрынғы қазақтай болмаса да, дүр етіп көтерілуі мүмкін. Ондай оқиғалар қазақ пен түріктің, қазақ пен қытайдың немесе басқаның арасында тұрмыстық деңгейде Атырауда, Семейде, т.б. жерлерде бүгін де орын алып жатыр. Мемлекет ол жайлы шынайы мәліметті қанша жерден жасырып, бүркемелегенмен, ел мәселенің неде екенін біліп, түсініп отыр. Дегенмен, өз елінде өз өкіметінен қолдау таппай, өгей баланың күйін кешіп, орыс тілін білмегені үшін жұмыстан қуылса да, кеше аузындағы жарты нанын жырып беріп, ажалдан аман қалғандардың ұрпақтары бүгін ұлдарын тал түсте автоматтан атып тастап жатса да, шекараны қорғап тұрған, ажалы адам қолынан болып жатқан азаматтарының саны отыздан асса да, халық көтерілмей отырса, ол төзімі шексіз қазақтың төзімі әлі шегіне жете алмай жатқанын ғана көрсетеді. Ғылыми тілмен айтсақ, «критикалық масса» толмай жатыр. Бірақ, шегі жоқ нәрсе жоқ. «Төзімділік жақсы қасиет, тек шексіз төзе беруге ғұмыр қысқа» деген Мұхтар атамыз.
Қалай болғанда да, қазақтың көшеге шығуына дәл мына нәрсе себеп болады деп «көрегендік» жасай алмайды ешкім. Жер дауы ғана емес, боздағының ажалына себеп болған өзге ұлт өкілінің әділ жазасын алмауы, ұрлық істемеген жандардың жазықсыз жазалануы (Шардарадағы «Халық банкі» филиалын тонаушылар табылмай, олардың орнына директоры бастаған 5 бірдей банк қызметкері(?) сотталды) секілді кез келген әділетсіз сот шешімі, тіпті, біздің биліктің әлемнің ешбір елінде жоқ, құлақ есітіп, көз көрмеген эксперимент жасап мектепте, тіпті балабақшадан бастап «үш тілді қатар үйретеміз!» деген, одан да жаманы - өзінің тілі жоқ ұлттай етіп, негізгі пәндердің бәрін ағылшынша оқытамыз деген әділетсіз әрекеті, сөйтіп жүргенде әлдебір мұғалімнің шетел тілі қиын соққан әлдебір оқушысына «қазақ не деген топас халық!» деп бір ауыз сөз айтып қалуы, қаны қайнаған оқушының мұғалімге қол көтеруі, немесе «кезекті» бір девальвация, қысқасы, ойға келмейтін кез келген болмашы бір оқиға сабанға тиген ұшқынның рөлін ойнап кетуі әбден ықтимал!
Сонда не істейміз, көшеге, алаңға шығуға дайындық жасай бастаймыз ба? Жоқ! Жоқ! Жоқ! Қазақ дүниенің астаң-кестеңін шығаратын революцияны «төңкеріс» деп бекер айтпаған. Революцияшылдық қазақтың қанына жат нәрсе, біздің тарихымызда «сарай төңкерістерінің» кездеспеуі де содан. Ең жемісті жол – эволюциялық жоқ. «Аспанда жүргендігі» себебінен билік кейде өзі де байқамай, «жерде жүрген» қазақтың төзімін сынап-ақ жатыр. «Жаңа Өзеннің» де бір күнде пайда бола салмағанын, оның мұқият дайындықты, «сценарий» жазуды, оны іске асыратын мұнайшылардың киімін киген арандатушылар мен «қол шоқпарларды» дайындауды қажет еткен оқиға екендігін жұрттың бәрі түсініп отыр. Әйтпесе, өзіңнің бауырларыңды қашып бара жатса да, арттарынан көздеп тұрып ату, жаралы болып құлағандарын қасына барып «добивать» ету, бейбіт жұртты «тәртіпсіздік, бейбастақтық жасады» деген желеумен қырып салу оңай ма?..
Біз қазақтың көшеге, алаңға шығуына, көтерілуіне қалайда жол бермеуіміз керек. Қазақ көтерілмесін, ол көтерілсе, "«Не приведи господь видеть русский бунт, бессмысленный и беспощадный!»-деп, Пушкин айтқан орыстың бунты ойыншық болып қалатыны өз алдына, ең өкініштісі ол күткен нәтижеге жеткізе бермейді. 1916 жылы кемеңгер Әлихан Бөкейханның Амангелді Имановтарға қарсы болған себебі де сол.
Біз кеңес өкіметінің өзінің батылы бармаған әрекетке бара алған – тал түсте қарусыз халқына оқ атқан биліктің ойында не барын, не дайындап жатқанын білмейміз ғой. Мүмкін, Тіл, Жер, Білім секілді тұтас ұлттың тағдырын шешетін мәселелерді халықпен ақылдасып барып істеудің орнына, өзі кесіп-пішіп, халық қарсы болған сайын қазақтың жанына жақпайтын жоғарыдағыдай «реформаның» бірінен соң бірін туындатып, Жаңаөзендегідей халықты арандатудың, соны пайдаланып енді қазақты түгел «жуасытып алудың» жаңа бір амалдарын ойлап жатқан шығар. Күдіктенуге хақымыз бар ма? Бар. Істеген ісіне қарап.
Оның үстіне «арыстан қартайды, қартайса да билікті қолынан берер түрі жоқ» деп, оған жілігі татымайтын жасықты майлап-майлап жылтыратып ұсынып, жақсы екеніне сендіруге тырысып бағып жатқан, сол арқылы жаманатты етіп көрсетіп, ертерек кетіруге мүдделі топтардың жоқ екеніне, олардың билік пен халықтың екі ортасына от жағып, арандатуды көздеген ойы жоқ екеніне кім кепілдік бере алады? Елбасының өзі «біз тілімізден, дінімізден айрылсақ ел болудан қаламыз!» дейді, ал, біздің білім министрлеріміз бірінен соң бірі «үш тілге ауыспасақ, ағылшынша оқытпасақ болмайды» дейді...
Қалай болғанда да, бүгінгі сайланбайтын билік өкілдері өзін Президенттің сенім артып тағайындайтынын пайдаланып қолынан келгенін істеп жатыр. Оған өкпелеп, айтысып, тартысып, уақытымызды шығын қылып, жүйкемізді жұқартып қайтеміз. Істей берсін, біз де қолымыздан келгенін істейік.
Не істеу керек сонда? Қолымыздан не келеді біздің? «Төбелесу» керек! Құқықтық жолмен, заңгер Жаңабек Әбішев досым айтқандай, «заң шеңберінде төбелесу» керек. Соның «бісміллісі» деп Руза Бейсенбайтегінің Президентке, Парламентке тіл туралы жазған Ашық хатын бүкіл ел болып қолдауымыз қажет. (Біз дәл осы тұрғыда бүгінге дейін өзгелерден көп ұтылып келеміз. Олар қит етсе, Ақ Ордаға қол қойылған қап-қап арыз жөнелтеді, оған Президент жауап беруге мәжбүр). Біз де тұратын жеріміз бен ұялы телефонымызды көрсетейік. Біз де осы Ашық хатқа қол қойғандар санын миллионға жеткізейікші, министр мырза сосын мықты болса «реформасын» қайтып алмай көрсін! Қызылбастың Қазан батыры сияқты оған да көнбейтін «ер болса, жөн білмейтін шер болса», референдумға қол жинайық.
Референдум демекші, Конституциямыздың 3-бабының 1-тармағында «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деп, 2-тармағында «Халық билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді» деп, тайға таңба басқандай жазылып тұр. Яғни, билікте отырғанның бәрі – Президентіміздің өзі олардың есіне салып жүргендей - халықтың қызметшілері! Қыз-мет-ші! Жалдамалы. Халық оларды жалдап отыр. Ендеше, қызметшілер өзін жалдап отырған қожайынының - халықтың айтқанын істеуге міндетті. Істемей шалқақтап, Құдайын ұмытып, халықпен ақылдаспай, кез келген министр реформаға «қарық қылып жатса», оған қызметшісінің қолын қақпаған, бетімен жайып жіберген өзіміз ғана кінәліміз.
Әйтсе де, «той той болмады, бала-шаға жеп кетті» дегендей, біз ел тағдырын шешетін аса маңызды шараны - сайлауды да «ойнауға» айналдырып жібердік. Парламент Мәжілісінің соңғы екі сайлауының қорытындысы 100 пайыз дерлік бірдей болып шыққаннан кейін, оны басқаша қалай бағалауға болады? Ең жанға батары, халық та оның солай боларын күні бұрын шамалап отыр, сол себепті студенттердің өзі де сайлауға баруға құлықты болған жоқ. Кеше ғана өздерінің қолынан іс келмейтінін, бейнелеп айтқанда саяси «импотент» (артық кетсек, айыпқа бұйырмассыздар) екендерін мойындап, өздерін өздері таратып жіберген депутаттардың 43-і «ойнап» келіп, қайтадан бұрынғы жылы орнына жайғасатын бізден басқа ел әлемде бар ма екен өзі? Егер сол 43 депутат «өзін-өзі тарату» кезінде қарсы дауыс беріп, ал, бұл сайлауда қайта сайланғанда мүлдем басқа мәселе еді!..
Ендеше, сайлау жайы солай болып тұрғанда, халықтың қолында билікке ықпал ете алатын жалғыз тетік – референдум қалады. Бірақ, оны өткізу оңай шаруа емес, әрі билікке онша ұнай қоймайтын мәселелер қойылатыны себепті оған деген қарсылық күшті болуға тиіс. Сондықтан, әзірге ең тиімдісі мыңдаған адамдардың қолы қойылған Ашық хатты Ақ Ордаға жеткізу. Бейбіт те, берекелі бұл әдісті «жер сатуға» байланысты да қолданайық. Несібемізді ту-талақай етіп ұшырып отырған сыбайлас жемқорлықпен күресте де оны ыңғайлап пайдаланайық. Сөйтіп жүріп референдумға апарар тәжірибе де жинап аламыз. «Айлаға, амалға да жақтым шырақ» демеп пе еді Абай? Айла-тәсілде (жағымды мағынадағы) «реформашыл» министрлерден, жер сатқанды жаны сондай сүйетін Үкіметіміз бен оның ұсынғанын әдетте тас-талқан етіп сынайтын, сосын ...бір ауыздан қолдайтын, отаршы елдің тілінде жұмыс істейтін, әлемдегі ең «парадоксты» Парламентімізден асып түсейік!
Сол үшін бүгінгі таңда ең бастысы – біліммен қаруланып алып нақты іске көшу. Тізе қоссақ, біріге жұмылсақ, біз көтере алмайтын қандай жүк бар?..
Өмірзақ АҚЖІГІТ
qazaquni.kz