ҮЙДЕ ЖАТҚАНЫМЫЗ ҮШІН АЙЛЫҚ ТӨЛЕЙДІ
2010 ж. 24 желтоқсан
1600
0
Тағдырдың тәлкегімен дүниежүзіне тарыдай шашылып кеткен қандастарымыздың бірі – Ибраhим Қосшы. Ол – Швециядағы қазақ қоғамының бастығы. Атажұрт – Қазақстанға тұңғыш рет аяқ басып отырған оның қуанышында шек жоқ. Алматыда орналасқан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында қонақта болған Ибраһим Қосшымен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Ибраһим Қосшы мырза, Швецияға қалай барып қалдыңыздар?
– 1960 жылы Оспан Алтай, Абдулла Шағатай, Кешеней Ерміш және Нұрғожа батырдың ұрпағы – Ахмет Баһадур Швецияға алғаш барған қазақтар. Олар күнкөріс қамымен қандай жұмыс болса, соны істеген. Гималай асқан көшке қатысушылар Түркияға келген алғашқы 20 жылға жуық уақытта оқу оқып, білім алуға мұршалары келмеген. Ал, бүгінгі жас жеткіншектерімізді оқытып жатырмыз. Қазір осы жерде 55 отбасы, яғни 221 адам тұрады. Ірі компанияларда қызмет істеп, мақтанышымыз болып жүрген қандастарымыз да баршылық.
– Ірі компанияларда қызмет атқарып, жетістіктерге қол жеткізіп жүрген қазақтардан кімдердің атын атай аласыз?
– Канада мен Швецияның бірлескен «Бомбария» серіктестігінде Явуз Кахраман мен Айсу Оғуз жұмыс істейді. Троллейбустардың жаңа технологиясын жаңарту жобасы бойынша Индияда Айсудың ұсынысымен завод құрылды. Сондай-ақ, аталмыш серіктестік – Шанхайдағы жүрдек поездың электрлік-механика жүйесі бойынша өткізілген тендердің жеңімпазы. Осы жобаның жетекшісі Айсу екенін ескерсек, шетелде жүрген ағайынның қандай жетістіктерге жетіп жүргеніне куә боласыздар.
– Еуропа құрлығында қартаю үдерісі етек алып келеді. Оның үстіне туу аз. Осыған Үкімет қандай шаралар қолданып жатыр?
– Жаңа туған нәрестеге бір айдан соң 1050 крон (150$ АҚШ) береді, осы төлемақы бала 18 жасқа толғанға дейін, әр сайын беріліп отырады. Екінші балаға – 300, үшінші балаға 450 АҚШ доллары белгіленген. Заң қатал, ол ақша баланың есепшотына әр айда толығымен жіберіліп тұрады. Егер бала орта мектепті бітіріп, ары қарай оқуын жалғастырса, өз өтінішімен оқуға көмекке тағы 150 АҚШ доллары қосымша беріледі.
Швеция азаматтарына барлық оқу тегін. Егер талапкер ақылы оқуға барып, ақша төлейтін жағдайда, өзі қаласа 1000 долларға дейін көмек ақша алуына болады. Бірақ бала әке-шешесіне салмақ салмай, өз күнін өзі көретіндей жағдайға жеткенде, яғни 18 жасқа толып, жұмысқа шыққан кезде ай сайынғы айлығынан 150 доллардан қарызын қайтаратын болады.
– Балалы болған аналарға қандай көмек беріледі?
– Франция мен Данияда үй қызметкері әйелге көмек беріледі. Швецияда басқаша. Менің әйелім медбике қызметін атқарады, сондықтан оған көмек керек емес. Ал, үйде кәрі ата-анасы немесе мүгедек біреу бар болса, олардың күтушісіне (өз баласы, ағайын туысқаны болуы мүмкін) айлық есебінде ай сайын жәрдемақы беріледі. Мүгедектер немесе қарттар үйінде істейтін күтушінің айлығы 2500 АҚШ долларынан жоғары. Сондай адамдарды қарттар үйіне жібермей, өз үйінде күткені үшін сол адамға жәрдемақы беріледі. Егер ол адамдарды «қариялар үйіне» тапсырса, одан да көп шығын кетеді деп есептейді.
– Осындай жағдай қазақтарда да кездесті ме?
– Күлия деген апамыз жуықта қайтыс болды. Осы апамызды келіні баққаны үшін Швеция Үкіметі оған айлық төлеп тұрды.
– Мектеп жасына дейінгі балалар балабақшаға бара ма?
– Міндетті түрде. Себебі швед тілін балабақшада ғана меңгереді деп есептейді. Швеция елі Еуропа одағына қосылғалы кейбір әлеуметтік көмектерді азайтты. Бұрын балаға берілетін көмек ақша 220 доллар болса, қазір 150-ге түскен. Жоғарыда айтылған баға соңғысы. Балаға берілетін көмекті қайта қарау көтеріліп жатыр. Алайда, айлығымыздың 50 пайызы салыққа кетеді.
– Өзіңіздің жеке үйіңіз бар ма?
– Әзірше жалға алып тұрмыз. 130 шаршы метрлік, 4 бөлмелі үйге 800 еуро төлеймін.
– Неше балаңыз бар?
– Арнагүл – 22 жаста. Ол Экология университетінің студенті. Айсұлу –19, Темірхан 17 жаста. Олар гимназияда оқиды. Ал, 15 жастағы Селма орта мектептің оқушысы. Кенжем – Бахар, 4 жаста. Балаларым швед, ағылшын, француз, неміс тілдерін біледі.
– Олардың қазақшасы қалай?
– Еуропа қазақтарының ең күрделі мәселесі – қазақ тілі. Соңғы кездері Вестерос қаласындағы қазақтардың балаларына Күлия Чакрак есімді қарындасымыз аптасына 2 рет қазақ тілін үйретеді. Балалардың тіл үйренуге деген құлшынысы жақсы. Сіздер тарапынан беріліп жатқан қазақ тілін оқып үйренудің компьютерлік бағдарламасы, кітаптар мен газет, журналдардың пайдасы көп, әрине. Сол үшін қауымдастыққа рахмет айтамыз.
– Келесі жылы Қазақстанда үлкен екі шара өтеді. Бірі – Дүниежүзі қазақтарының IV Құрылтайы, екіншісі – Вестеростағы Еуропа қазақтарының кіші құрылтайы. Дайындық қандай?
– Футбол ойнайтын алаң, қонақ үй, көрме залы т.б. жалға алынып дайын болды. Осы кіші Құрылтайға белсене ат салысқан жастарды Қазақстанға алып келіп, қыдырту ойымда бар. Оған демеушілер Түркиядан табылды.
Еуропа қазақтары қоғамдарының басшылары жылына екі рет кездесіп, жұмыс жоспарын талқылап тұру дәстүрге айналған. Оны Абдулқаюм Кесижи деген ғалым бір орталықтан басқарады.
Неге жыл сайын аз ғана топтың өкілдері бар Еуропада кіші құрылтай өткізе береді деп кейбір ағаларымыз Қауымдастықты бұқаралық ақпарат құралдарында сынайды. Бұған не дер едіңіз?
Сынның да сыны бар. Оған келіспеймін. Неге десеңіз Еуропа қазақтарының жыл сайынғы кездесуі, футбол ойнауы сонау тоқсаныншы жылдардың басында басталған. Мақсатымыз – Еурпаның оншақты елінде тарыдай шашырап жүрген ағайын-туысқандар бас қосып, жастарды бір-бірімен таныстыру. Осы арқылы отбасын құрған жұптарымыз жетерлік. Басқа мүмкіндік жоқ. Жұмыстан жылына бір рет 20 -30 күнге демалыс аламыз. Жиі кездесе беруге уақыт тапшы. Осы шараны үлкен деңгейге жеткізіп, еңсемізді көтеріп, түрлі шаралар ұйымдастырып отыру өте қажетті деп білеміз.
– Өзіңіз туралы да айтып өтсеңіз...
– Түркияда туып, сонда гимназия оқып бітірдім. 1990 жылы Швецияға келіп, құрылыс компаниясында жұмыс істеп жүрмін. Осындағы қазақ қоғамын басқарамын. Қолымнан келгенінше қазақтың ұлттық салт-дәстүрін дәріптеуге, қазақ тілін оқып үйретуге ат салысып жүрген жайым бар.
– Сіздерде салт-дәстүрді ұстану жағы қалай?
– Жас нәрестенің дүниеге келгендегі шілдеханасы, сүндет той, қайтыс болған адамдар үшін мұсылмандық дәстүрге сай ұстанамыз. Швецияда мұсылман зираты бар, бірақ үлкендеріміздің өтініші бойынша жерлеу рәсімі Түркияда өтеді. Түркияның «Жаназа» атты компаниясы бар. Еуропаның қай қаласынан болсын қайтыс болған кісіні оның туысқандарының өтінішімен қалаған жерге ұшақпен жеткізуді аталмыш компания өз міндетіне алған. Әрбір отбасы жылына 60 лира, яғни 50 АҚШ долларын «Жаназа» компаниясына төлейді. Бірақ, мен кішкентай баламды осы елдегі мұсылман зиратына жерледім.
– Қазақстанға алғашқы келуіңіз екен, қандай әсер алдыңыз?
– Даяшы қазақ қызының менің қазақша берген сұрағыма жауап бере алмағанына қатты налыдым. Қасымдағы шетелдік азаматтардан ұялдым. Бірі – ағылшын, бірі түрік еді. Олардың орыс тілінде берген сұрағына әлгі қыздың лезде жауап бергеніне қатты ренжідім. Жат жұрттықтар маған күле қарағандай болды... Көшеде де екі қазақ бір-бірімен орысша сөйлеседі екен.
Көш жүре түзелер, иншаллах. Жалпы атажұртқа келіп, аунап-қунап қайту деген үлкен бақыт деп білемін. Аллаһтан еліміздің Тәуелсіздігі мәңгілік болсын деп тілей отырып, баршаңызды осы мереке күнімен шын жүректен құттықтаймын!
– Әңгімеңізге рахмет!
Ботагөз Уатқан,
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі