Ата-бабамыздың жері жаппай сатыла бере ме?..
2016 ж. 05 сәуір
8263
27
ЖЕРІҢДІ САҚТА, ЖІГЕРІҢДІ БАПТА, ҚАЗАҒЫМ!
Қазақтың жерін аукцион арқылы жеке байларға сату - тізерлеп қалып, етпетінен құлауға жақындаған қазақ экономикасын аман алып қалудың жолы емес. Өз басым дәп осылай ойлаймын.
Бірақ, төртінші мәрте үкіметтің төріне қонжиған Кәрім МӘСІМОВпен оның командасы басқаша ойлайды екен. «Тимур және оның командасы» секілді советтік-коммунистік өтірік-ертегі еміп өскен Кәрім әкәнің әлсіз атқамінерлері ауылшаруашылығы мақсатында шаруалардың иеліктеріне тиесілі 2 миллионға жуық гектар (1,7 млн. гектар) жерді 1 шілдеден аукцион арқылы сатылымға шығаруға шешім қабылдапты.
Ұлттық экономика министрі Ерболат ДОСАЕВ аса жоғары көңіл-күймен: «Қазір сатылымға шығарылатын 645,4 мың гектар немесе 1271 жер телімі сатуға дайын. Кадастрлық бағаның 50 пайызынан бастап, 10 жылға дейін бөліп төлеулеріне болады. Қазіргі таңда 454 жер иеленушілер немесе 108,2 мың гектар жердің иелері аукционға қатысуға ұсыныс білдірді» - деп мәлім етті.
Үкімет бұл шешімдерін - мемлекет басшысының «100 нақты қадам» жоспарын жүзеге асыру мақсатында әрі «Индустриализация және экономикалық өсім» реформасының үшінші толқыны шеңберінде (2016 жылы 152 нормативтік-құқықтық акті мен 2 кодекс және 4 Заң жобасы қабылдануға тиіс) жүзеге асырып жатқандықтарын бас айтты.
Ал, Abai.kz ақпараттық порталындағы Нұргелді Әбдіғаниұлының жан айқайы әрбір қазақтың намысын қайрап, жігерін шарықтады: «...Кәрі тарихта «Ұлы дала» аталған, баһадүр бабаларымыз қытаймен, орыспен, жоңғар-қаламақпен, сарт-сауанмен қидаласып жүріп алып қалған байтақ жеріміз енді бүгінгі көпұлтты қазақстандықтардың жеке меншігіне айналудың алдында тұр. Қазіргіндей қысылтаяң, қиын шақта қолында қаржысы бар адам жер саудасынан көп ұтары сөзсіз. Ал, жерді жекеменшікке сатудан түскен пайда әлемдік дағдарыс пен Ресейге салынған санкциялардың салқынын сезіп отырған Қазақстанның бюджетіне кіріс кіргізуі мүмкін. Биліктің жаппай жекешелендіруді тездетуге пәрмен етуінде, міне, осындай астар болса керек.
...Мәсімов үкіметі өткен жолы бірінші аукционды ұйымдастырып, одан 1,5 млрд. теңге пайда тапты. Алайда, ұзақмерзімді жалға бергеннің өзінде жер сіз бен біз секілді қалтасы тесік қазақтың емес, олигархтардың қолына өтуде. Ал, енді жер сатылған жағдайда, біз жерден айырыламыз. Қазіргідей жаһандық дағдарыс кезінде нанға, күнделікті қажеттілікке ақша таба алмай отырған ауылдағы қара қазақ ол жерлерді сатып ала алмайтыны айдан анық. Демек, «біздің үкімет әлгі олигархтардың байыған үстіне баюына жағдай жасап отыр» деуге толық негіз бар.
Осыдан 10 жыл бұрын елімізде 35,5 миллион гектар егістік болса, қазір оның көлемі 21 миллион гектарға дейін түсті. Қалған жерлерді «құнарлылығы жарамайды» деп пайдаланудан шығарып тастаған. Қазір кейбір жер алпауыттарында 2-5 миллион гектарға дейін жер бар. Элеваторларды да жекешелендіріп алып, сатып жатыр. Сондықтан жерді оларға беруге болмайтынын сарапшылар айтқанымен, Мәсімов Үкіметінің өз есебі болса керек.
Біз қанша бажайлағанымызбен, өз жерімізді өзіміз игере алмайтын халге жетіппіз. Терещенко, Мадинов, Кулагин сияқты латифундисттер жерді әу баста жалға алды. Содан соң жұлма-жұлмасын шығарды. Олардан осы күні уланған, құнарсыз жер қалғаны, қалып жатқаны және рас. Бұндайда өкіметіміз өгей болған соң, өкпеңді қайда айтырыңды да білмейсің. Міне, енді қазақ жері кәдімгі аукционға түсіп, оны шетелдіктер сатып алып жатыр. Қаржы дағдарысынан Үкіметтің тапқан жолы осы болса керек. Қазақтың байтақ даласы болмаса, Үкімет ендіге қайтер еді?..»
...Қазақтың жері мен оның қойнауындағы байлық болмаса, «Кәрім және оның командасы» қазақ мемлекетін әлдеқашан дефолтқа ұшыратқан болар еді. Бүгінгі күні біздің еліміздің сыртқы қарыздарының көлемі туралы айтудың өзі қорқынышты. Тіпті, іргеміздегі Қытайдың өзіне қарызға белшеден баттық. Машкевич және оның командасы қазақтың мұнай орындарын қытайлықтарға сатуға кірісіп кетті. Сондықтан, Қытайдың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Шыжан ҚАНҚОЙ (Чжань Ханьхой) таяуда аузына келгенін оттады. Едіреңдеген елшісымақ әдеп мен мәдениеттен жұрдай кейіпте, бізге жекіп-ұрсуға келген суық жүзді, қатқыл үнді тұрпатта: «Қазір Қытай - әлемнің екінші экономикасына айналды, осындай елден сіздер қалайша бойларыңызды аулақ саласыздар? Қазақстанға жүңголықтар балалары үшін немерелері үшін келіп-кетеді, оларға визаны жеңілдету керек» - деп жер тепсінді. Сонда «жүңголықтар» дегендер кімдер?.. Қытайдың саясаты қулығы жағынан әлем бойынша алдына жан салмайды...
Қысқасы, қаржы дағдарысы қысқан сайын қазақтың демі де, жері де тарыла түсуі мүмкін. Әрбір қазақ: «Өзімнің жұмысым бар, бала-шағамның нәпақасына жетеді, басқада шаруам жоқ» - деп, салғырттықпен басын салбыратып жүре берсе, құдай бетін әрмен қылсын, күні ертең қазақтың байтақ жеріне «шыжанқанқой»-лар қаптап кетіп, жұмыс пен нәпақа, бала-шаға мен ауыл былай тұрыпты, тіпті барар жер, басар тау таппай қалуыңыз әбден мүмкін.
Бір ғасыр бұрын алаш арыстары оята алмаған қазақ, енді оянбаса, бәрі бекер болады, болашағы опат болады. Қазақтың жері көкпарға түсті...
Жеріңді сақта, жігеріңді бапта, қазағым!
Қажымұқан ҒАБДОЛЛА
qazaquni.kz