Отандық сериалдар ұлттық болмыспен санаспай ма?
2016 ж. 01 сәуір
3651
6
Қазақ сериалдары көптеп шыға бастаған кезде сериал көрмейтін басым, әйелім түріктің теріс тәрбиеден басқа берер түгі жоқ киносының, үндінің сау адамды ауру ететін жылаңқы киносының, өзім атын естісем жаным шошитын қытайдың киносының орнына қазақтың киносын көретін болды ғой қуанып жүргенмін. Кеше сәскеде "Алтын ұя" деген фильмнің бір үзігін көріп қалдым. Көргенімді қайтейін... Үстел жасалған. 6-ақ адамға. Әкесі, шешесі, қызы, үшеуі шошайып құдаларды күтіп отыр. Олар да келді... Үш адам. Жігіт, шешесі, досы. Болды, осымен тамам. Қалыңдықты көрсетер жеңгесі де жоқ ең болмаса.
Киногерлер! Қазақтың қасиетті салт-дәстүрін бұлай аяққа таптауға кім құқық берді сендерге? "Скромно отмечаем" деп орыс болғың келсе, оны өзіңнің ұлың мен қызыңа жаса, қалың қазаққа тықпалап нең бар? Семенов-Тянь-Шаньский: "Қазақтарды оқытудың өзі артық, олардың салт-дәстүрі тұнып тұрған білім!" деген. Соның ішінде әсіресе құдалық ізгілікті үлгі, өнегеге толы керемет дүние екенінен хабарларың бар ма? "Қалыңсыз қыз болғанмен, кәдесіз күйеу болмайды!" деген мақалды естіп пе едіңдер? Қазақта жетім қыздың құдалығы ондай болып өтпеген, әке-шешесі болмаса бауырлары, ағайын-туғаны, нағашы жұрты бар, бәрі атсалысқан. Сендердің 4-ші «құдаларың» - орыс жігітін құдалыққа бара алмай етіп сценарий жазғандарыңның өзі әруақтардың бұндай бассыздыққа наразы болуынан...
Кеше "орыс болсақ қана адам болады екенбіз" дедік. 25 жыл тәуелсізбіз, бүгінгілеріңе не жорық? Кәзірдің өзінде де у-шу тойға қарағанда, құдалық әлдеқайда мағыналы, тәлімді, қызық болып өтеді ғой. Қазақтың құдалығынан хабарсыз болсаңдар, мен үш қызымның құдалық дискеттерін салып жіберейін! Елді осы сендер-ақ бұзып бітетін болдыңдар ғой, өңкей "дүмше молдалар".
Айналайын, әртістер! Ұлттық тамыры үзілген Данияр Күмісбаев деген бір сценарист жазыпты, Ержан Рүстембеков деген бір режиссер түсіреді екен деп, аттарың шығатынына мәз болмай, сәл талғап қарасаңдаршы, алдыңа әкелгеннің бәрін талғамай жұта беруге болмайды ғой! Айтпақшы, Бекболат Тілеуханша айтсақ бір кезде қазақ қызын ат артына міңгізген (Ирония любви) режиссер де осы екен. Демек, бұдан тұшымды дүние күтудің қажеті жоқ. Алайда, басқа-басқа, Райхан (Айтқожанова), сіз жас актер емессіз, сіз ойланбайсыз ба кішкене?..
Өмірзақ Ақжігіт
qazaquni.kz