ДАЛАМНЫҢ ИСІ БҰРҚЫРАҒАН ДАРХАҢДАРЫМ!
2016 ж. 30 наурыз
4411
4
Заңды, қазаққа кемелсіген, кекшиген
кесірлік те, кейістік те емес, кеңістік,
кеңпейілді жарқын мінез жарасқан.
ХАМИТ ЕРҒАЛИЕВ.
«Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген сөзде мән терең. Бірақ өмірдің заңы тым қатал. Қарап отырсаң, уақыттың сұрапыл иірімдері сол көз көргендердің де қатарын бірте-бірте ойысырата береді екен.
Төмендегі кейіпкерлердің бәрі де әкемнің маңдайдан сипаған қатарлары еді. Бұлар да мәңгілік мекендеріне аттанып үлгеріпті. Бәрі де аяулы Сағи ақын айтатындай, бойларынан даламның иісі бұрқырап, маңайындағыларға шапағат-шуағын төгіп өткен жайсаң да, дархан жандар-тын.
Бір жұбаныштысы – бақилыққа озған абзал жандардың ғұмыры тірілердің санасында жалғасып отырады. Әркімнің жадында өмір сүріп жүрген жақсылар көп...
Осы ағатайларым аңсап-шаршап ауылға барған кезімде риясыз пейілмен:
– Оу, сен жорналист болып кетіпсің ғой-ей. Жазсаңшы біз туралы да бір бұрқыратып! – дер-ді.
Мен көкейімде тілектерін ақтасам деген ой сәулеленгенмен, көзі тірісінде бұлар жайында ештеңе де «бұрқыратып» жаза алмаппын. Мына төмендегі дүние сол ниет-талпыныстың нәтижесімен, бәлкім, сонау бейғам балалық шаққа... Өткен күндерге... Кеңістікке, даладай дарқандыққа деген аңсардан туған нәрсе сияқты.
Бұл жолы әдейілеп марқұм ағаларым жөнінде ауыр әсерлерге бастайтын жайларды емес, езу тартқызар көріністерді таңдап алдым. Өйткені мұң ылғи маңайда жүреді. Күлкі – қымбаттырақ.
Қашқынбай «Шынайтпасов»
Өзге түгілі өзін-өзі «Қашқынбай – қойға тиген қасқырдай» деп әжуалап жүретін жатыпатар, тұла бойы толған мысқыл осы Қашекеңнің темірі мен ағаштан түйін түйген ұста да болғандықтан шығар, әлде оң қолының... Әлде сол қолының ба екен, ортаңғы саусағы шолақ еді.
Балаға да қылжақ керек, баяғыда Қашекең үйінің ауласында көлеңкелеп, тыңқылдатып домбыра шертіп, өзімен-өзі жатқан кезінде әңгіме іздеп барып, бір топ қара сирақ:
– Аға, сіздің осы бір саусағыңыз неге шолақ? – дейміз сөз тартып.
– Е... Оның әңгімесі көп. Мұны кәдімгі Қажымұқан... Мұңайтпасов тістеп алған, – дейді Қашекең жайбарақат қана.
– Кім, кім?.. Қалай тістеп алып жүр?! – деп жан-жақтан ентелеп бергенімізде ағамыз қулана қарап қойып:
– Ойбай-ау, бұл Қашқынбай әкелерің жасында жауырыны жер иіскемеген атақты балуан болды емес пе! – деп әңгімесін бастайды.
– Иә... Қажымұқанды да жығып жүрдік қой кезінде. Бір күні екеуміз Парижде ме екен, әлде Самарада... күресетін болып қалдық. Мені жыға алмайтынын білетін Қажекең соның алдында ғана: «Ай, Қашқынбай, сенің мықты екеніңді білемін ғой. Бұл жолы мені жықпай-ақ қой. Елден ұят-ты, тең түсейік, ақыңды жемеспін» – деп келіп кеткен. «Е, жарайды» деп мен қалғанмын. Бір кезде төреші: «Кілемге Қажымұқан Мұңайтпасов пен Қашқынбай Шынайтпасов шығады! – деп хабарлады. Бұлшық ет бұлт-бұлт ойнап, шыға-шыға келістік. Белдесіп бергенде бір қарасам, Қажымұқаным әлгіндегі уағданы ұмытып, еңсеріп әкетіп барады. Екі-үш мәрте сүріндіріп те жіберді. Ыза болып кеттім де, ал ендеше деп, күшене беріп аспанға аттым да жібердім балуанды. Сөйтіп, көкке бір шиыра шырқатып жіберіп, қайта қағып ала бергенімде: «Өй, Қашқынбай, байқасаңшы, өлтіремісің!» дегенде ортаңғы саусағымның аузына түсіп кеткені. Содан жоқ қой бұл саусақ!..
Біз бақырайып бір-бірімізге қараймыз. Одан Қашекеңнің түріне жалтақтаймыз. Шал: «Ә... енді білдіңдер ме!» дегендей мырс-мырс күліп домбырасын қайта шертуге кіріседі.
– Апырай, Қашекең Қажымұқанды аспанға лақтырса, шын батыр болған екен-ау! – деп аң-таң болып үйді-үйімізге тараймыз сөйтіп.
Ағамыздың әлгі әңгімесінің әсерлі болғаны соншалықты, оған есейгенше иланып жүрдік. Сөйтсек, Қашекең «Қобыланды» жырындағы: «Жоғарғы ерні көк тіреп, төменгі ерні жер тіреп» дегендей әңгімесін керемет гиперболамен айтады екен ғой. Сонда әзілқой ағамыз Қажымұқанды емес, түрімізге қарамай жоқ жерде үлкен кісінің шолақ саусағына соқтыққан бізді оңдырмай жығатын көрінеді. Ағаның фамилиясының Шынайтпасов емес, Малдыбаев екенін де кейін білдік.
***
Бертінірек мектепті бітіріп, жұмысқа араласа бастаған шағымда үйге келсем, бұл кездері қартаң тарта бастаған Қашағаң ас бөлмеде бір шөлмек «Сайран» шарабын алдына қойып алып, тұнжыраңқырап, жападан-жалғыз өзі ішіп отыр екен.
Өзіне аталас аға болып келетін Қашекең үйге анда-санда осылайша бас сұққанда шешемнің алдымен:
– Кеше жеңгеміз тағы амандаспай кетті. Өзің де туыстықтың жөнін білмейсің... Басқаны емес, мынаны іздеп келесің ғой ылғи! – деп әр нәрсені айтып, ұрысыңқырап алып, үстелге бір жартылық қызыл арақты дүңк еткізіп шығып кететін әдеті бар еді. Бұл жолы да сөйткен сияқты. Көрінбеді.
Мен кіріп келгенде әлдебір ой жетегінде отырған Қашекең шұғыл серпіліп:
– Оу, амансың ба?! – деп қалды. Содан соң жалғыз ішіп отырғанына ыңғайсызданды ма, – Адам мынаны іше берсе қызыңқырап қалатын көрінеді ғой өзі. Кел сен де көрсеңші бұдан, – деді қозғалақтап.
– Жоқ, аға, өзіңіз іше беріңіз, – дедім мен.
– Оның дұрыс. Әлі талай үлгересің. Біз сияқты шал болғанда ішсеңдер де болады ғой... Ай, осы сені газеттерге бірдеңе-бірдеңелерді жазып тұрады дейді. Рас па?
– Рас. Кеше ғана облыстық газетке бір топ өлеңдерім шықты.
– Маладес! Ал, сол өлеңді менің де шығара беретінімді білесің бе өзің? Айтшы кәне, кімге шығарайын?
Шалды сынамақ болып:
– Онда қарындасыңыз Күләндаға (шешем) шығарыңыз, – дедім.
Қашкең көп ойланған жоқ, көзін қысыңқырап, шалқая беріп:
– Туыс деп мен келемін Күләндаға...
Көңілі Күләнданың бір далада.
Жеңгеге араздығын сындырады,
Халқым-ау, осындай да жан бола ма?! –
дегенде шалдың көкейдегі кірбіңін бір шумаққа сыйғызған шеберлігіне риза болып, көзімнен жас аққанша күлдім. Өзі де рақаттанып:
– Көрдің бе?! Мұндай өлеңдерді газетке баспайды ғой, әттең. Әйтпесе ағып тұрған ақын емес пе ағаң! Кәне, тағы кімге шығарайын? – деді төніп.
Терезеден сыртқа қарап едім, біздің көршіміз, Қашкеңнің құрдасы Қасым Жақсылықов ағай өтіп барады екен.
– Қасым ағаға! – дедім енді қайтер екен деп. Қашкең тағы да суырып салды:
– Қасымым-ай,
Жақсылықтан туған асылым-ай!
Әйелге бағынамын деп,
Жасыдың-ай!..
Қашкең маған «Ал, ендеше!» дегендей, аузын ашып, көзін ежірейтіп қалған түріне қарап, күлкіден шегім түйілуге айналды. Сол екі арада үйге:
– Шешең қайда? – деп Нұрыш кемпір кірген.
Ол кісі шығып кетсең соң Қашекеңе:
– Енді Нұрыш тәтеме шығарыңыз! – дедім. Шабыттанып алған Қашкең:
– Жаннан да жақсы көремін –
«Сұлу мүсін» Нұрышты.
Нұрышқа көңілі ауды деп,
Кемпірім байғұс ұрысты! –
деп көсілтті.
Бұдан кейін «ақынды» тоқтату мүмкін емес-тін. Осы қарқынмен ол «заказ бойынша» алты-жеті адамның образын «сомдап» үлгерді. Өстіп «әдеби кешіміз» қыза түскен кезде, үйге бір топ ағайындарым мен шешем де келіп кірген. Мән-жайға түсінген олар да ұзамай ортақ күлкіге көміліп кетті. Отырған жеріміз мереке-думанға айналып жүре берді.
«Вечершіл» Қадыр
Өмірден тоқығаны мол болса да, «өгіз бұзаулап жатыр» десе сеніп қалатын кіршіксіз аңғырт мінезімен ерекшеленіп өткен аяулы жанның бірі Қадыр аға Бәкіров болатын.
Ұзақ жылдар бойы ауылдық Кеңестің төрағасы қызметін атқарған Кәкеңнің әпенділіктері жайлы елде әзіл әңгімелер көп. Солардың бірі былайша айтылар еді.
Ауылда жас кадрлар көбейіп, Кәкең зейнеттік демалысқа шығатын тұста совхоз директоры:
– Ағасы, сіз зейнет жасына жеткенмен, әлі тыңсыз. Сондықтан, әлі де болса арамызда жүріп, бұрынғыдай адал еңбек еткеніңізді қалаймыз. Біз сізге орталық астық қоймасын басқартуды ұйғарып отырмыз. Бұған қалай қарайсыз? – дегенде, Кәкең:
– Сенім артқандарыңа рахмет. Бұл да оңай іс емес-ау. Дегенмен, үйдегі жеңгелеріңмен, бала-шағамен ақылдасып келейін, – деп шыға жөнеледі.
Кеңсені айнала беріп ойлайды: «Астық деген киелі нәрсе. Адалдықпен жүрсем елдің алғысын аламын. Оның үстіне үйдегі ашатұяқтарды есептемегенде, қорада қырық қаз бен қырық тауық тұр. Соларға да жем керек емес пе! Қой, бұл маған таптырмайтын жұмыс екен. Ендеше, несіне бас қатырамын» – деп басшыға жедел қайта оралады да:
– Ал, мен келістім. Кілттеріңді беріңдер! – дейді.
Сөйтіп, көп ұзамай жаңа жұмысына кірісіп те кетеді.
Арада біраз күндер өткен соң қоймада бұрыннан астық кептіруші болып еңбек етіп жүрген үш-төрт әйел жаңа бастыққа жұмыс басында тамақ беруді ұйғарып, бір тоқтыларын сойып, бірер шөлмек арақ-шарабын алып, ұжымдасады.
Күнде түскі асқа қоймадан жүз-ақ қадам жерде тұратын үйіне барып жүрген Кәкең осы жайды тамақ әзірлеп күтіп отырған зайыбы Күлғайшаға айта алмай, өзінен-өзі қуыстанып, қипақтап жүріп-жүріп, сырғып шығып қоймаға қайта тартып отырады.
Дастарханын жайып қойып, Күлекең жаңа ғана кіріп-шыққан күйеуін әрі күтеді, бері күтеді – келмейді. «Құдай-ау, бұ қайда кетті?!» – деп аулаға шығады, көрінбейді. Әжетханада және жоқ. Аяңдап отырып қоймаға келсе, етжеңді Қадыр бір топ әйелдің ортасында жейдені шешіп тастап, «жүз грамды» тартып, сорпаны қоса сораптап қойып, желпініп әңгіме соғып отыр дейді.
Тек артымнан әйелім іздеп келеді деп ойламағандықтан, есік аузында тұрған Күлекеңді көріп қалғанында біреу қылмысының үстінен түскендей апалақтап, не дерін білмей абдырап:
– Кел, Күлғайша! Біз бір, вечер жасап отыр едік! – депті.
***
Қадыр ағамыздың аңғырттығына байланысты және бір сөз төмендегіше.
Ылғи атқамінерлік қызметте жүріп, ірілі-ұсақты істердің бәріне шұқшиып әдеттеніп қалған Кәкең зейнет демалысына шықса да, шаруашылықтың үлкенді-кішілі жайларына араласу дағдысын қоя алмайды.
Бірде совхоздың азық-түлік дүкенінің жанынан маңғаз басып өтіп бара жатса, жүк түсірушілер жәшік-жәшік пісте майын тасып жүреді. Кәкең бұрылып келіп:
– Оу, жігіттер, не товар келді ауылға?! – деп, жәшік шетінен бір шыны майды ұстап көреді. Тура арақтың шишасындай шөлмектің этикеткасында:
«Подсолночное МАСЛО» деген жазу бар екен. Ол бір сонау «Портвейн», «Вермуттармен» қатар «Рубин», «Памир», «Сайран», «Сәхра», «Талас», «Чашма» дегендей шарап түрлерінің қаптап шығып жатқан кезі болса керек. Кәкең қызғылт майды солардың бірі екен деп қалып:
– Қарағым-ау, енді «Масл» деген де арақ шығарған ба? Еще «Күн астындағы Масл». Ой, тоба-ай! – деп аң-таң болыпты.
Аюбек пен Көпжасар
Ескі заманның адамдары, бір қарағанда, сонша аңғал көрінгенімен, бас пайдаларын жақсы білген, есеп-қисапқа жүйрік әм өте аңғарымпаз, тапқыр екенін де байқайсың.
Аюбек есімді бір әкеміз заготовитель еді. Баяғыда ауыл тұрғындарынан шикізат сатып алатын агентті осылай атайтын-ды. Дәлірегі – «заготовитель живсырья» болу керек. Ертелі-кеш ескі ат-арбасын шиқылдатып, ел аралап, жұрттан жүн-жұрқа, сойылған малдың терісі, сүйек-саяққа дейін қабылдап алады. Бұйымды олай-бұлай тексеріп көріп, сапасына, көлемі мен салмағына қарай ақша төлейді. Нашарлау болса – азырақ, тәуіріне – көбірек дегендей. Бірақ есебі түгел Аякең жақсы нәрсенің өзін «средне-сдельно» деп қабылдай беретін. Осы арқылы, әрине, қыруар табыс көрмекші.
Өзі мұрнына самал түскен адам еді, мыңқылдаңқырап сөйлейді. Сөйтіп жүріп-ақ олжаға дәніккендіктен, талайды иліктіріп, қалт еткен сәтте пайда табуға тырысады.
Бір күні орайы келіп, Көпжасар деген ағайыннан да ұтыс көре қайтуды көздеп:
– Ай, Көпеке, сенде ұсақ мал көп қой. Мен саған жібектей жиырма келі жүн тастап кетейін. Сен орнына үш дөнен қой бер маған! – депті. Сонда бұған көзі ажырайып, аңтарыла қараған құрдасы дереу:
– Аюбек, атың – жауыр, мұрның пұшық...
Құдай-ау, қайдан келдің құстай ұшып?!
Үш қойға жиырма келі жүн дегенде,
Кетті ғой Көпжасардың зәресі ұшып! –
деп жауап қатады. Со сәтте не дерін білмеген Аюбек міңгірлеп, көзімен жер шұқығаннан өзге амалы қалмапты.
Табан астында пайдакөс замандасын қатты ұялтқан Көпекең екі таудың арасында құбатөбел ғана тірлігін кешкен қатардағы бақташы еді.
Жұмабай мен Құлтайдың орысшасы
Түрінің ақсарылығына қарай «Сары Жұмабай» атанған әпенділеу бір әкеміз ел ішінде қайырымдылығымен құрметтелсе де, кейдегі бала секілді қызуқандылығымен, күйгелектілігімен де көзге түсті.
Осы Жұмекең қар тізеден жауған бір күні көшеде келе жатып, аяқ астынан дәл өзі сияқты ұшқырлау біреумен сөзге келіп, шекісіп қалады. Анау тіптен тікбақайлау пәтшағар болса керек, Жұмабайды сөзбен жеңе алмайтынын білген соң мұны жерде жатқан қаттылау бірдеңемен жіберіп ұрып, тұра қашады.
Қатты күйініп, не істерін білмеген бұл жан-жағына қараса, алдына кен-байыту комбинатының кеңсесі тұр екен.
Әпенді ағамыз шаруашылық жетекшілерімен мәжіліс құрып отырған орыс директорға алқынып кіріп барып, бас жоқ, аяқ жоқ:
– Товарищ директір, вот сейчас меня ударили! – депті.
Жұмабайдың жайын білетін сыралғы басшы мәслихатын тоқтата тұрып «жәбірленушінің» сөзіне сәйкес:
– Странно, Жұмеке. Чем вас так вдруг «ударили»? – депті.
– Камнем, товарищ, директір!
Шалдың қимылын қызық көрген басшы:
– Да откуда камень, Жұмеке?! Сейчас же зима. Все вокруг давно в снегу, – десе, Жұмабай екіленіп:
– Ойбай-ау, товарищ директір! Ты сколько лет директіром работайш, но сам ничего не знайш. Зимой корова насрайт. Он – замерзайт. Вот тебе камень! – депті.
Маңайда отырғандар сонда ғана Жұмабайды көшеде біреудің сиырдың тезегімен ұрып жыққанын, оның директорға: «Ағатай-ау, қаншама жыл басшы болып отырып ештеңе түсінбейтініңіз қалай? Қар қанша қалың болғанмен қаңғып жүрген сиырлар жапаламай ма? Қақаған аязда ол қатпай ма? Енді сол темірдей тезек денеңізге тисе, тастан бетер батпай ма? Соны да білмейді екенсіз ғой!» – дегісі келгенін түсініп, ду-ду күледі.
Сол кезде өзінің қисынсыз желөкпелігі мен қожанасырлығын ұмытқан Жұмекең де күліп жіберіп, өз әрекетіне қарамай:
– Тү-у, сендерді адам деп келген мен де ит екенмін. Дауа жоқ екен сендерге! – деп қолын бір сілтеп кеңседен шығып кетіпті.
***
Өмірден ерте кеткен Құлтай деген ағамыздың да бір басына жетерлік күлкілі жайлары көп-тін. Солардың бірі жоғарыдағы Жұмекеңдікіндей орысшаға байланысты.
Қақаған қаңтардың кезі болса керек. Таң ертемен жұмысқа жиналған шопырлар сапарға шығар алдында машиналарын қыздырып қойып, кең бокстың ішінде темекі тартып, қауқылдасып, жылынысып тұрады. Араларында ферма меңгерушісі Құлтай бар екен. Осы кезде сырттан кірген бір орыс жігіт жан-жағына қарап:
– Ребята, что-то здесь горит у вас! – дейді.
Сөйтсе, шынында да май сіңген бір шүберекке темекінің шоғы түсіп, бықсып жана бастаған екен. Әңгіме қызығымен тұрған жігіттер оны аңғармапты.
Сол кезде Құлекең әлгі орысқа риза болып кетіп, сұқ саусағын олай-бұлай жүгіртіп, әзілі жарасқан көккөз, ақсары Райысбек пен қараторы Алпысбай деген інілерін, өзге де жігіттерді көрсетіп:
– Здесь татарский нос стоит. Казахский нос стоит. Разные-разные носы стоит. Но, у тебя нос нос-с-с! – депті.
Ондағысы:
– Жарқыным-ау, біз осының ішінде бір қора адам отырып әлгі иісті сезбедік. Сен не деген иісшіл едің! – деу ғой.
Мұны түсіне қалған орыс та ішек-сілесі қатып, Құлтайды құшақтай алыпты.
***
...Иә, өмір өтеді. Алайда о дүниеге атанған жақсы адамдардың жарқын бейнелері сағынған ұрпақ жүрегінде ғұмырларын жалғастыра береді.
Құлтөлеу Мұқаш
qazaquni.kz