Қазыбек Иса. ҰЛТЫҢДЫ СҮЙГЕНІҢ ҮШІН КЕШІРМЕЙТІН ЗАМАН БОЛЫП ТҰР!..
2016 ж. 24 наурыз
15678
30
Қазыбек ИСА:
ҰЛТЫҢДЫ СҮЙГЕНІҢ ҮШІН КЕШІРМЕЙТІН ЗАМАН БОЛЫП ТҰР!..
Қазір оппозициялық бағытың болсын, ой-пікір қайшылығың , қандай қарсылығың болса да, кешіруге бар, тек ҰЛТТЫҚ ҰСТАНЫМЫҢ ҮШІН, ҰЛТЫҢДЫ СҮЙГЕНІҢ ҮШІН КЕШІРМЕЙТІН ЗАМАН БОЛЫП ТҰР. Алаш арыстары кезінен келе жатқан бұл қасірет сол Алаштың арманы болған ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ШИРЕК ҒАСЫР ТОЛСА ДА, ӘЛІ КЕТПЕЙ ТҰР ЕКЕН… Бір таңқаларлығы, парыққа да, пайымға да сыймайтын парадокс – Алаш заманында ұлттық ұстанымға отарлаушы ел Кеңес империясы қарсы болса, қазір Тәуелсіз елімізде өз қолымыз жеткен өз билігіміз, өз мемлекетіміз қарсы болып отыр. Яғни, қаншама жыл киген құлдық қамытымыз шешілгеніне 25 жыл болса да, құлдық санадан құтылмаған екенбіз…
Халықтың сөзін сөйлегені үшін Халық жауы қылатын заманды қолдан жасағандар, ел мен елбасының арасына алтын көпір болудың орнына, қарабастарының қамы үшін қытай қорғанын орнатып отырғандар да кетеді ертең. Олардың қазақтың қамын жасаудың орнына, қастық жасап келгендерін ертең тарих тайға таңба басқандай етіп әшкерелейтін болады. Бұл табиғи да, тарихи да заңдылық. Қыспаққа салған қытымыр қыстың кеткісі келмеуі мүмкін…, Көкарай Көктемнің кешігуі мүмкін, бірақ келмей қойматыны қандай ақиқат болса, бұл Ұлттық Жаңарудың да келмей қоймайтыны сондай ақиқат. Тек сол көктемнің, сол жаңарудың тым кешігіп келуі көп кесепатын тигізетіні қиын-ақ… Көктем кешіксе, жаңару кешеуілдей берсе, ескі шіри береді… Бірақ биыл Астанаға көктем жылдағыдан ерте келді. Ендеше, көп кешікпей Наурыздай нағыз Жаңару да жетеді деп сенеміз! Жаңарудың жарқын белгісі -Жаңа жылдарыңыз – Наурызымыз құтты болсын! Жаңа жылда әр азаматтың алдынан Ақ жол ашылсын!
“Ақ жол” партиясындағы әріптестерімді бір атаның баласындай бауырласып кеткеніміз үшін қадірлеймін. Биылғы алалығы аз емес аламанды әрқайсымыз, басшымыз бар, қосшымыз бар, жүргізушілерімізге дейін жүгіріп жүріп, күн демей, түн демей шапқылап өткіздік. Партияға бұл жолы ешқандай өкпем жоқ. Өткен сайлауда болған дауларды “Ер шекіспей , бекіспейді” дегендей, басараздықтың басын ашып, ұстанымдарымызды айқындап алғанымыз бар. Қазір бәріміз бір-біріміздің бетімізге тік қараймыз деп ойлаймыз. Ешқандай партияға мүше болмай, осы партияның басынан бері отына күйіп, суығына тоңып келемін. Партияның Парламентте болған бұрынғы құрамы төрағадан басқасы түгел жаңаруы керек еді… Партияға халық берген мандатты ешкім жекешелендіріп алмауы керек. Әйтпесе, партияның жұмысын істеп отырғанша, жоғарымен жұмыс істеу керек екен ғой деген ой туып жатыр. “Ақ жол” өз тізгінін өзі ұстай алатын, өзінің шешімін өзі шығаратын, өз жолын өзі айқындайтын «Ақ жолға» айналсын! “Ақ жолға” әрдайым Ақ жол тілеймін.
Шенеуніктердің шешіміне емес, Халықтың шын қалауына қарап қуат аламыз!
Қазыбек ИСА, "Ақ жол" партиясы төрағасының орынбасары.
Арман СҚАБЫЛҰЛЫ:
ЖАҢА ҚҰРАМДА ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ ҮШІН ҚАЙРАТ КӨРСЕТІП ЖҮРГЕН ҚАЙРАТКЕРЛЕР НЕГЕ ЖОҚ?
“Ақ жол” партиясына келгенде, ұстанымымды айқындап алғанмын. Ол партияның да бағдарламасында бар ұлттық мүдде мәселесі. Мен мына Парламент депутаттығына ұсынылған жаңа тізімді қарап отырып, партиядағы елге танымал, ұлт үшін, мемлекеттік тіл үшін жанын салып қайрат көрсетіп жүрген азаматтардың атын көре алмай, дағдарып отырмын. Жаңа сайлау басталғалы жаңару күтіп, ел елеңдей күткен есім – қайраткер ақын Қазыбек Иса неге жоқ? Алаш мұрасына адалдық танытып жүрген ғалым Қайырбек Кемеңгер де тізімде болса, жарасар еді… Келесі сайлауда осы мәселе басты назарда болуын қалаймын. Сондықтан мына Орталық Кеңес пленумындағы дауыс беруде мен қалыс қаламын.
Қалай десек те, біз “Ақ жолдың” бағдарламасындағы Алаш арманы, ұлттық мүдде жолындағы мақсаттарымыз үшін күресе білуіміз керек. Өз шешімімізге өзіміз берік болуға тиіспіз. Мына жаңа құрамдағы депутаттардың осыны мықтап қолға алуы керек деп білемін.
Арман СҚАБЫЛҰЛЫ, “Ақ жол” партиясы ОК хатшысы,
(“Ақ жол” партиясы пленумында сөйлеген сөзі)
qazaquni.kz