ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ ҚАЛАЙ ТОЙЛАНЫП ЖҮР?
2016 ж. 20 наурыз
2717
0
Жер бетінде әрбір халық бір-бірінен өзіндік салт-дәстүрі, ырым-тыйым, әдет-ғұрпы арқылы ерекшеленеді. Сол ата-баба салтын өшірмей, жандандырып отыру – ұрпақ мойнына жүктелген аманат болып табылады. Оны қай халық қай деңгейде алып жүргені өздеріне белгілі.
Біздің де ата-бабамыздан қалған салт-дәстүріміз де Аллаға шүкір, баршылық. Абай атамыздың: «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең, өмірдегі қызықтың бәрі өлеңмен, ойлансаңшы, бос қақпай елең-селең» деген философиялық өлеңінің қандай жағдаймен сәйкестендірсе де, мәнінің тереңдігі белгілі.
Адам баласының шыр етіп дүниеге келгеннен өсу, даму, жетілу, кемелдену, қартаю, дүниеден өту сияқты кезеңдерінің барлығы да елеп-ескерерлік жағдаяттардан тұрады.
Табиғат құбылыстары мен жыл мезгілдерінің тіршілік иелерімен сабақтасқан құбылыстары қаншама? Солардың ішіндегі ең ерекше де, күрделісі – Наурыз мерекесінің тойлануы.
Ұлттық мерекеміз Наурызды еліміз 1924 жылға дейін кәдімгідей жыл сайын сағына күтіп, атап өтіп отырғаны кейінде жиі айтылып жүр. Жаз жайлауда, күз күзеуде, қыс қыстауда жүріп, көктемде қар еріп, күн жылынып, бәйшешектер қылтиып, жылғалардан жылы су аға бастағанда, шат-шадыман көңіл-күймен мал соңында жүріп, әр төбенің басында отырған жұрт бірін-бірі «наурыз көжеге» шақырысқан. Көк шыға бой сергіп, тырысқан қабақ та жазылып, бұйырған асты сенікі-менікі демей ортаға алып, дастарқанға жайылған дәм-суды ықыластана, рахаттана ішіскен. Осы мерей оларға жылдық азық болған; осыны місе тұтқан, келер жыл осы уақытқа дейін үмітпен өмір сүрген...
Сол 1924 жылдан кейін бұл мерекенің тойлануына қылышынан қан тамған қызыл империя тыйым салыпты. Себебі, ауызбіршілік, ынтымақ, қанағат сияқты қасиеттердің жиынтығынан құралған бұл халықтардың болашағынан қаймығу да жоқ емес еді. Және олар «бұратана» халықтардың өркендеуіне тіптен де мүдделі емес-тін. Осылайша солақай саясат құрбанына айналған әз-Наурызымыз жылдар бойы тапталып, 70 жылға жуық уақыт халықтың есінен шыға бастаған еді...
Наурызды соңғы тойлаған кезде дүниеге келген шақалақтар кемпір-шалға айналып, жетпістің желкесіне жақындаған тұста ғана дүниеге қайта келгендей еді! Әрине, осының бәрі де – Тәуелсіздігіміздің арқасында ғана қайта оралып, халықты қайта шаттандырды!
Ия, адам баласы барын бағаласа да, бағалай алмаса да, уақыт шіркін зырылдап өте береді. Бодандықтың шырмауынан есеңгіреп шығып, есін зорға жиған халқымыз ата-бабамыздан қалған жәдігер-ұлттық құндылықтарымыздың бірі – Наурызды қайта есіне түсіріп, тойлап жатқанына да ширек ғасыр болыпты.
Рас, алғашында қайта оралған дәстүріміз – Наурыз мерекесімен көз жасымыз көл болып, сағына табысқанымыз есімізде. Халықтық мерекені ештеңеден аянбай, бар ықыласпен тойлауды дәстүрге айналдырғымыз келетіні де рас. Киіз үйлер тігіледі, арнайы мал сойылып, қазан-қазан көже пісіріледі, қазақтың ұлттық киімдері киіліп, барлық шаралар ұлттық нақышта өтіп жатады.
Дегенмен, осынау тұста көкейде жүрген бір түйткілді жәйтті де жасырып қалмауды шештім. Бәлкім, бұл ортаға қайта оралған ұлық дәстүрдің мейлінше жаңғырта түсіп, осы бағыттағы кем-кетігімізді түзетуге септігін тигізер. Ол осыдан бірталай жыл бұрын өткен жағдай еді...
Ата-бабамыздың қасиетті қонысы, киелі мекен – Түркістандағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Наурыз тойы» керемет тойланып жатты. Қуанышымызда шек жоқ. Осындай күндердің бірінде факультет басшылығы үш-төрт жігітпен біздің үйге келіп, маған осындағы жергілікті адам ретінде киіз үй жабдықтарын толтыруыма өтініш жасады.
«Жаппарқұлда жан бар ма» дегендей, біреу қолқа салса, жан беруге де баратын қазақ емеспіз бе, абыройлы азаматтар алдыма келіп, мән-жайды түсіндіргесін, үйімдегі барлық кілем, ыдыс-аяқ, көрпе-жастығыма шейін алып келдім. Бәрін төседік, тамаша болды. Бір кезде шара да аяқталды-ау...
Осы кезде кенет... ауа райы кілт бұзылып, жел тұрып, шелектеп жаңбыр құйып бергені. Көпшілік тарқай жөнелісті.
Жүргендер жалға әкелген киіз үйлерін жинап жатыр, ал менімен ешкімнің шаруасы жоқ, бүкіл үй бұйымдарыммен жауын астында қалып кеттім. Алып келерде табылған көлік те жоқ болды. Ақырында маңайымда тек менің күйімді кешкен жандардан басқа ешкім қалмай, еріксіз жолдасыма хабарласуға тура келді. Сөйтіп, зорға деп көлік жалдап, жауын суынан ауырлап кеткен бұйымдарымды үйге әзер жеткіздім.
Содан бері қанша жақсы көрсем де, мереке жақындаған сайын жүрегімді қуаныштан гөрі үрей билейтіні де бар. Кейін бақылап қарасам, бұл тек менің басымдағы жағдай ғана емес, осы мерекеде мекеме атаулы ақшаға жалдап үй тігіп, барлық бұйымдарды үйінен тасып әбігерге түсіп жататынын көреміз. Ол дұрыс та шығар, жылына бір келетін Наурызды қалай болғанда да лайықты өткізу парызымыз, алайда әлгіндей келеңсіздік көңілге кірбің ұялатпай қоймайды-ау.
Ағайынға айтпағым – тайлы-таяғымызбен асыға күтетін Ұлыстың ұлы күнін асығыс өткізе салатын жеңіл-желпі шара деп емес, адам баласының бір-біріне қамқор, мейірім көзімен қарап, неге жан-жағымызды (ауламызды, көшемізді) ықыластана тазалап, бір-екі тал не шыбық егіп, алдын-ала дайындалмасқа? Сол күні ұйқымыздан қуанышпен оянсақ, әркім өз дастарқанын түрлі ұлттық тағамдарға (қазы-қарта, жал-жая, құрт-май, жент, тары-талқан т.б) толтырып қойса, әр үйдің қазанында соғымнан қалған сүр мен жеті түрлі дән қосылған көже пісіп жатса, және сол күні әрбір қандасымыз тек ұлттық киім киіп, мәз болыспасқа... Бір-бірімізге деген шынайы ықыласымызды аямасақ.
Осылайша кезек-кезек, кемінде жеті үйден дәм тататындай, бір-біріне қыдырыстап жүрсе, бала-шаға мәз болысып, шуылдасып, тәтті тағамнан мейлінше ішіп-жеп, ойнап-күлсе деген ой ғой.
Сөйткенде ғана Наурыз мәнін тереңдете түсетін сияқтымыз, әйтпесе мағынасы аз, әсіре қызыл бояу түптің түбінде елді жалықтырып, әз-Наурызымыздың қадірі төмендей бастай ма деп алаңдайды екенсің.
Және халық көшеде, мекемелер алдында, мектеп, басқа да білім ордаларында ғана емес, әрбір шаңырақ өз оты, өз ошағының қасында табиғи түрде ерекше күтіп, атап өтетін мерекелердің ұлығы болар еді-ау деген ой еді. Ысырапшылдықтан, мақтаншылықтан ада, боямасы жоқ, таза құбылыс, салт-дәстүр ата-анасының берген тәрбиесіндей, ұрпақ жадында мәңгілік сақталар еді, адамдардың қадіріне жету сияқты мейірімділікті жүректеріне ұялатар еді...
Балтагүл ОСПАНОВА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Түркістан қаласы
"Қазақ үні" газеті