Кінәсін мойындаған Ермегияев ақша ұрламағандығын айтты
2016 ж. 19 наурыз
3532
1
Астанада «Экспо ісі» деп аталып кеткен атышулы сот процесі басталды. Бюджет қаржысын ұрлады деп айыпталған «Экспоның» экс -төрағасы Талғат Ермегияев бүгін алғаш рет судьяның сұрақтарына жауап берді.
Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.
Күдіктілердің қатарында Ермегияевтың орынбасарлары, атышулы Мақсат Үсеновтың әкесі Қажымұрат Үсенов, жеке компанияның директоры, 25 жастағы жігіттен бастап, 70-тегі зейнеткер де бар. Жалпы саны 23 адам Ермегияевпен сыбайласып халықаралық көрмеге бөлінген бюджеттің 10 миллиард теңгесін жымқырды деген күдікке ілініп отыр.
Талғат Ермегияев 9 айдан бері изоляторда емес, Астанадағы мына қымбат пентхаусында үйқамақта отыр. Жылға жуық жағалай камера орнатылған бұл үйге күдіктінің жақын туыстарынан басқа бөтен адамның кіруіне рұқсат жоқ.
Таң ата «Экспоның» экс-төрағасына арнайы жасақ келді. Беттерін тұмшалаған соқталдай жігіттер әрине, қонаққа емес, Ермегияевты сотқа жеткізу үшін. Есіктің алдында күтіп тұрған мына ақ көлік, белгі берілгенде басты күдіктіні тура паркингтен алып кетті. Қатаң күзетпен сотқа жеткізілген Ермегияев жол-жөнекей «айыпты емеспін» деп сұхбат беріп те үлгерді.
Талғат Ермегияев, «Астана Экспо-2017» ұлттық компаниясының экс-төрағасы:
-Кінәмді мойындаймын.
-Соттан не күтесіз?
-Білмеймін.
-Ақша ұрлағаныңыз рас па?
-Жоқ.
47 жастағы Талғат Ермегияев Астанадағы талай шенеуніктің тағдыры шешілген ауданаралық соттың ең үлкен залынан орын алды. «Экспоның» экс-төрағасының атышулы ісіне көп адам келетіндіктен отырысқа, әдетте, судьялар мерекелік, салтанатты шараларда жиналатын кең зал бөлініпті. Ал Ермегияевтың өзі өте көңілді.
«ЭКСПО» ісі бойынша 23 адам айыпталып жатыр. Ермегияевтың жанында отырғандардың барлығы үйқамақта. Ал, шынының ар жағындағы 8 адам тергеу изоляторынан келген. Тағы бір топ күдікті кепілге ақша төлеп, бостандықта жүр. Бүгінгі отырысқа келген сотталушылардың таныс, туыстарының да қарасы көп.
Жалпы, атышулы «Экспо ісіне» қатысты іс жылға жуық тергеліп, 540 томға арқау болған. Бүгін судья күдіктілермен жеке-жеке танысып шықты. Бірінші Талғат Ермегияевтен жауап алды.
-Отбасылық жағдайыңыз?
-Әйелім, 3 балам бар.
Күдіктілердің арасында жантүршігерлік жол апатымен аты шыққан Мақсат Үсеновтың әкесі Қажымұрат Үсенов те бар. Ол Экспоның Құрылыс департаментін басқарғанда қазына қаржысын жымқырды деп айыпталуда. Сотталушылардың ең жасы 25-те, егдесі 70-те. Бұған дейін істі болған мына астаналық зейнеткер, енді пара бергені үшін жазасын күтіп жүр.
-Бұрын сотталғансыз ба?
-Иә, пара беру бабымен...
Күдіктілердің бірінің адвокаты келмей қалғандықтан судья сауал-жауапты тоқтатып, жарты сағатқа үзіліс жариялап еді, залдағы қаптаған камера Ермегияевқа қарай лап берді. Экспоның экс-төрағасына бұрын-соңды мұндай көңіл бөлінбесе керек, Ермегияев адвокаттарының артына тығылып, тілшілерден әзер құтылды. Оған қарағанда Үсенов залда емін-еркін жүр.
Қажымұрат Үсенов, Ермегияев, оның бірінші орынбасары болған Әлішер Пірметов көрме құрылысына бөлінген 10 миллиард теңгені сыбайлас компанияларының шотына салып, кейін қолма-қол шешіп алып отырған. Тергеу материалдарына сүйенсек, қыруар қаржының 4 миллиард 200 мыңын Ермегиявтың өзі қалтасына басыпты.
Енді басты күдікті Талғат Ермегияев алдағы бірнеше ай бойы қымбат пенхаусы мен сот залының ортасын тоздырмақ. Өйткені, қазынаның қолды болған миллиардтардын даулайтын процес кем дегенде жарты жылға созылуы ғажап емес. Егер, прокурорлар «Экспоның» бұрынғы басшысының кінәсін дәлелдеп белсе, 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.