Сәби сатқандар соты

Алматыда 15 бірдей сәбиді сату ісіне қатысты атышулы сот процесі жүріп жатыр. Қылмыстық іс журналистер үшін жабық жағдайда қаралуда деп хабарлайды 31 арна.

Қазір бұл қылмыстық істің төртінші эпизоды қаралып жатыр. Кәмелетке толмаған балалардың құқы бұзылмауы үшін жабық жағдайда өтіп жатқан бұл қылмыстың істің қаланың қай жерлерінде, қай уақытта болғанын анықталған.

2013 жылдың 20 ақпаны күні Алматы іргесіндегі "Керуен сарай" қонақ үйінде өз баласын 6000 АҚШ долларына сатып жатқан жерінде осы келіншек қолға  түсті.  Перзентханадан шыққан күйі бауыр еті баласын жылдам сатпақ болған әйел, өзінің бұл әрекетін осы сәбиден үлкен науқас баламның еміне керек қаражатты осылай таппақ болдым деп ақталған еді. Полициядан кешірім сұрап, жалынған.

Дәл осы оқиғадан бір ай бұрын Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының алдында тұрған көлік ішінде 2500 АҚШ долларына сәби сатылды. Сәбидің анасының кім екені - тергеумен анықталмаған. 2014 жылдың 15 мамырында Алматы-Талғар тас жолының бойындағы «Магнум» әмбебеп дүкенінің қасына тоқтаған тағы бір көлікте келесі тастанды сәбидің тағдыры шешіледі. Ол сәбидің де анасының кім екені белгісіз.

Осы жылдың 23 қазаны күні  Орталық мешіттің жанында тағы бір тастанды саудаға түскен. 2015 жылдың 4 тамызында «Саяхат» автобекетінің қасына тоқтаған көлікте тағы бір сәби 3500 АҚШ долларына сатылады. Бұл - Алматы көп салалы ауруханасының қасындағы перзентхана қызметкерлерінің қатысуымен болған қылмыстық істің ішіндегі бірлі-екілі дерек қана. Ал сотқа жеткен істе - 15 сәбидің саудаға салынғаны тергеумен анықталды.

"40 томнан аса материалдар. Сезікті 32 адам айыпталуда. Оның ішінде медмекеменің қызметкерлері сатып алғандар дәнекер болған адамдар да бар", - дейді  Алматы қаласы ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Әзірбек.

Тергеумен анықталғандай, сезікті 32 адамның он шақтысы - перзентхана қызметкерлері. Олардың арасында бөлім меңгерушісінен бастап, акушер дәрігер, мейірбике, тіпті асхана қызметкері де бар. Қалған күдіктілер  сәбилерді сатып алған асыраушы ата-аналар мен адам саудасына дәнекер болған ортадағы делдалдар. Қазір Алматы қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жүріп жатқан бұл атышулы процесс жабық өтіп жатыр. Өйткені, онсыз да үлкендер саудаға салған сәбилердің құқы бұзылмасы үшін.

"Сегіз жыл бойы жүргізілген сауданың құрбаны болған балалардың  алды сегізде, ең кішісі жасқа да толмапты. Қазір күдіктілер қамауға алынған жоқ. Ал балалар - өздерін сатып алған ата-анасының қасында. Яғни, қылмыстық істе жәбірленуші және  күдікті деп танылған екі тарап та бір үйде тұрып жатыр. Басқаның баласын бауырына басамын деп, күдіктіге айналған аналардың бірі Гүлмира" , - дейді Алматы қалалық сотының баспасөз хатшысы Диас Махамбетов.

"Ұлым - үйде. Бұл жағдайдан хабары жоқ. Егер мұны қалай да заңды жолмен шешуге болатын болғанда, бұлай болмас па еді. Басында күйеуім келісті ол кісілермен. Менің тек балалы болғым келді. Балалардың жазығы жоқ қой", - дейді Гүлмира есімді күдікті.

Қылмыстық істе перзентхананың экс қызметкерлерінің, "тірі тауарларын" өткізу үшін,  Гүлмира секілді ұзақ жыл бала көтере алмай жүрген әйелдерді жағалағаны көрсетілген. Яғни, ондағы екі эпизодта саудаға салған балалардың асыраушы ата-аналарымен эко-орталықта, енді бірімен Алматыдағы бедеулікті емдейтін медмекемеде кездейсоқ кездесіп қалатындығы айтылады. 2008-2015 жылдар аралығында сатылған балалардың құнын да бұрынғы ақ халаттылар әртүрлі белгілеген. Тергеумен анықталған ақпарат бойынша, тек бір ғана қызметкердің, яғни, перзентхана мейірбикесінің қатысуымен болған істерде сәбилер төмендегідей бағада сатылған.

02.05.2012 жылы ұл нәресте 3500 АҚШ доллары

13.01.2013 жылы қыз нәресте 2500 АҚШ доллары

16.03.2013 жылы қыз нәресте 3300 АҚШ доллары

25.12.2013 жылы ұл нәресте 3000 АҚШ доллары

14.03.2015 жылы қыз нәресте  6000 АҚШ долларына сатылған.

Соңғы факт бойынша, яғни, нәресте 6000 АҚШ долларына саудаға түсетін күні 2013 жылы 13 наурызда баласынан бас тартпақ болған ана, перзентханада акушер болып жұмыс істеген әйелдің үйіне келіп қонады. Ертеңінде экс-акушер мен оның сол тұстағы әріптесі екеуі жас босанған анадан баласын алып, сәбидің болашақ асыраушы анасының үйіне апарып береді де, 6000 АҚШ долларын алып қайтады. Алайда, жарты айдан соң, баласынан бас тартқан ана қайта ойланып, сәбиін өзіне қайтарып алады. Қазір қылмыстық істе күдікті деп танылған перзентхананың экс-қызметкерлерінің өздерімен тілдесу мүмкін болмады.

Ал атышулы болғанымен жабық жағдайда өтіп жатқан сот процесінің куәгерлері, бұл қылмыстық істе тіпті, жас босанған аналардың кім екені анықталмаған  бірнеше эпизод барын айтады.

"Мен өзім санап шықтым. Босанған жеті ананың аты-жөні анықталмаған. Қалай сонда? Өзіңіз ойлап қараңызшы, перзентханада бала бар да, оның анасы есепке алынбауы деген сұмдық қой. Мүмкін ол аналар өздерінің балаларының тірі қалғанынан хабары да жоқ шығар? Оларға "өліп қалды" деген шығар", - дейді  Гүлмираның  қорғаушысы Айман Умарова.

Айман Умарова өз тәжірибесінде мұндай сұмдық істі бірінші мәрте кездестіріп отырғанын айтады. Тек қорғаушылар үшін ғана емес, жалпы қоғам үшін атышулы болып танылған іс өте күрделі дейді. Оның үстіне, қылмыстардың жасалу уақыты бірнеше жылды қамтығандықтан, «қылмыс болған кездегі қылмыстық кодекс талаптарының да әртүрлі екендігі де ескерілетіні тағы бар» дейді. Сондай-ақ, адвокат, саудаға салынған балалардың бұдан да көп екендігіне сенімді.

"22-ден де асады дейді балаларды. Менің ойымша, 22-ден де әлдеқайда көп. 30, 40, 50 болуы мүмкін", - деді адвокат.

Полиция да бала сату дерегіне қатысты істе жаңа деректердің пайда болып жатқанын алға тартып отыр. Ал бұрынғы қызметкерлері істі болған медициналық мекемеге жауапты орган өкілдері болса, экс-қызметкерлердің қазіргілермен қандай да бір байланысы болса, нақты шара қолданамыз деп отыр.

"Бала сату мәселесіне байланысты, әлі нақты сот үкімі шыққан жоқ. Күдіктілер жұмыстан босатылып, керекті шаралар қолданылды. Ол кісілермен сыбайлас болған кісілер әлі де бұл ауруханада жұмыс істейтін болса, оған да міндетті түрде шара қолданатын боламыз", - дейді  Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ақниет Балтанова.

Дәл осы істе күдікті деп танылған бұрынғы акушер, мейірбике және перзентханада ас таратушы болып жұмыс істеген азаматшалардың үйіне іздеп бардық. Бірақ кейбірін таба алмадық. Енді бірі тілдесуден бас тартты.

Бала сату ісіндегі күдіктілердің үстінен қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша іс қозғалған. Қылмысқа ақша жасау үшін барғандар емес, балалы болғысы келгені үшін, қылмысты болғандар туралы айтсақ.

Біріншіден олар аталған қылмысқа қатысқаны үшін айыпты, яғни баланы сатып алды. Екіншіден, осы қылмысын жасыру үшін, өз аттарына жалған құжат жасатты. Үшіншіден, жалған құжаттың негізінде үкіметтен бала күтімі жөнінде қылмыстық іс қозғалғанға дейін жәрдемақы алып келді. Ал олар үшін жазаның үлкені - туғанындай болып кеткен, бауыр басып үлгерген, асырап алған балаларынан айырылуы мүмкін.

Бірақ  бұл  атышулы істің ең үлкен құрбаны - кішкентай сәбилер. Тумай жатып, тағдыры саудаға түскені аздай енді өздері «ата-анам» деп танып келген жақындары оларға жат болуы мүмкін. Сондықтан соттың жүгі ауыр...

Дерек көзі: 31 арна.