Тағдыр талқысына түсіп, адасып жүрген бойжеткендерге кім ара түседі? Олармен төсектес болып жүрген еркектерге кім қой дейді?
Ашаршылық жылдары туралы әкем ғалым Әсілхан Оспанұлы, анам Оразкүл Батырбекқызынан, жазушы Бердібек Соқпақбаевтан және басқалардан естігенмін. Бәрі де сенуге қиын, бірақ нағыз шындық оқиғалар. Ақын Ілияс Жансүгірұлының жан жары Фатима Зайнуллақызы Ғабитованың «Өртеңге өскен гүл» атты кітабын қарап отырып, ол кісінің 1932 жылдың 2 ақпанында күнделігіне жазған төмендегі жантүршігерлік сұмдық оқиғаны оқыдым:
«Соңғы күндерде, осы күнге шейін, маған қараңғы, иә тұманды болып анық көрінбеген заттардың бірте-бірте бет пердесі ашылып келеді. Қорқыныш, аса қорқыныш...
Ана – аяулы ана, ардақты ана. Өзінің көкірек сүтімен тәрбиелеген, көзінің қарашығындай балаларын қаланың базарына салмақ.
– Қар кетіп, күн жылынса, екі қарағым «жігітшілік» қылып,
Асырайды ғой, үстері жұқа болып қалаға әкеле алмай отырмын... – деді, асханадан тарылған сүйекті мұжып, аузы-басы қара қожалақ болған, ашыққан әйел. Мен не дерімді, әйелдің сөзін неге жоруымды білмей:
– Балаларыңызды қалаға жұмысқа әкелмек пе едіңіз? – дедім.
Әйел ешбір дауысын өзгертпей:
– Жоқ, қарағым, балаларым әйел бала. Екеуі де ер жетіп қалды.
«Жігітшілік...» етіп асырай ма деген үмітім бар. Күн жылынып, жер кепсе, мына аштықтан құтылармын, мен де адам болармын, – деді. Әрі сөйлесуге дәтім шыдамай, жанынан кеттім.
Сорлы ана, сорлы ана!!!
Базарға салатын бар мүлкі – екі баласының денесі...»
Фатима Ғабитова жазып кеткен қазақ әйеліне бүгін ешкім сыншы бола алмас. Отызыншы жылдарғы зұлмат заман қиыншылығымен бүгінгі күнді салыстыруға келмейді. Арасы жермен көктей. Бірақ қыздардың тәнін сатуы бүгінде үдеп тұр.
Қала көшелеріне шығып жезөкшелік жасап, өз тәндерін саудаға салып жүрген қазақ қыздарының тағдыры мені қатты алаңдатады. Сондықтан бұл құбылыстың себебі неде деген ой келеді.
Менің пайымдауымша, бұның бірнеше себебі бар.
Бірінші себеп: тәртіп сақтау орындарының өз міндетін тікелей орындай алмауы.
Екінші себеп: нәпсіқұмар еркектер жағынан сұраныс көп болғандықтан тәнін сатушылардың пайда болуы.
Үшінші себеп: кейбір теледидар, басылымдар мен ғаламтордағы жыныстық қатынастар тақырыбындағы еркіндіктің көптігі.
Төртінші себеп: қоғам мүшелерінің бәрін көріп тұрып көрмегенсуінде. Басқа да себептері болуы мүмкін.
Үлкендер байқамағансып, көзін төмен салып жүре берер. Бірақ әлі кәмелетке толмаған жас балалар «неге бұлай?» деген сұрақтарына жауапты кімнен алмақ?! Ал, олардың бұндай сауал қояры сөзсіз. Себебі адам баласы тек жақсылықты көріп, біліп, сезіп өмір сүргісі келіп туылады. Бірақ үлкендер сияқты бейімделгіш болғанға дейін олар қаншама жан күйзелісін шегеді. Сонда ертеңгі күні олар қандай рухани ұстанымдармен өмір сүрмек? Ел болашағы қандай болмақ?
Бұл індетке тосқауыл болар шара бар ма? Қаракөз қарындастарымен төсектес болып жүрген еркектерге кім қой дейді? Тағдыр талқысына түсіп адасып жүрген бойжеткендерге кім ара түседі? Елге белгілі, атақты азаматтар, сөзі жерде қалмайтын дуалы ауыз ақын-жазушылар, танымал эстрада жұлдыздары қайда? Түзу жолмен жүріңдер деп уағыз айтатындар көшеде «клиентін» тосып тұрған бақытсыз қарындастарға барып неге әңгімелеспейді? Әлде «Сен тимесең мен тимен бадырақ көз» дегеннен аса алмайтын заман келді ме? Еркекке елу үйден, қызға қырық үйден тыйым қашан болмақ?!
Ең адал құс деп бағалаған қазақтар аққуларды атпаған, киесі ұрады деп түсінген. Қыздарын аққу құсқа теңеген. Ал, енді бүгіндері бойжеткен қазақ қыздарының осындай жолға түсуіне жол беру аққуларды атқанмен бірдей.
«Аққуын атқан ел болмас» деген бабалар сөзін ұмытпау керек.
Бердалы ОСПАН
qazaquni.kz