БІЗДЕГІ РЕФОРМАЛАР НЕГЕ НАҚТЫ НӘТИЖЕ БЕРМЕЙДІ?
2016 ж. 16 наурыз
3954
15
ЖАТЖЕРЛІК ЖАҢАЛЫҚТЫ ЕНГІЗБЕС БҰРЫН, ОНЫҢ БІЗГЕ ЖАРАМДЫЛЫҒЫНА КӨЗ ЖЕТКІЗУ КЕРЕК
Тәуелсіз ел болып танылғалы түрлі саладағы талай-талай реформаларды бастан өткердік. Ағымыздан жарылсақ, бұл жағынан Жаратқан иемізге айтар арызымыз да, артар өкпеміз де жоқ. Саяси-экономикалық және өзге де бағыттағы өзгерістерден басқа, бір ғана білім саласындағы сапырылыстырулардың өзі неге тұрады? Басына бақ қонып, білім саласына басшы болып келген 14 министрдің әрқайсысы «жаңа реформа» әкелуімен ерекшеленді. Соның бәрі сәтсіз, жұрттың басын қатыруымен ғана есте қалып, өздерінің қызметінен кетуімен аяқталғаны белгілі. Сол «жаңалықтарын» іске асыру үшін қаншама қаржы желге ұшты. Реформа деген бәленің қандай сиқыры барын кім білсін, әлі де бізді жыланша арбап жіберер емес... Айта-айта жауыр болған білім министрлігін былай қоя тұралық, өзгелерге де саусақ шошайтпай-ақ қойдық. Аталмыш «дерт» енді халыққа аса қажет денсаулық сақтау саласын да меңдей бастаған секілді. Алдымен қазіргі жалпы денсаулық саласы жайлы айта кетелік. Қай заманда болмасын дәрігерлер бейбіт мамандық иелері, адам жанының арашашысы ретінде саналып келген. Шын мәнінде солай. Қандай қоғамдық жүйе болмасын, тіпті соғыс жағдайында да дәрігерлер өз бастарын қатерге тігіп, майдан даласындағы жаралыларды құтқарып, қолдан келген көмектерін аямағаны тарихтан белгілі. Қыл үстінде тұрған қаншама өмірді сақтап қалды. Сондықтан оларға деген халықтың құрметі де ерекше еді... Қоғамдық жүйенің өзгеруі әсер етті ме, әлде ақ халаттыларымызға тіл-көз тиіп кетті ме, сол бұрынғы беделдерін жоғалта бастағаны айдан анық. Бұл тегін құбылыс емес. Көрсеткен қызметіне қарай құрметі демекші, халықтың пікірі күрт өзгеріп отыр. Әрине, бүкіл медицина саласындағы еңбек етіп жүргендерді қаралау ойымызда жоқ, ол әділетсіздік болар еді. Дегенмен, қазіргі жағдайды саралап қарасақ, ең мейірімді мамандық иелерінің өзі адам тағдырына атүсті қарайтынын байқаймыз. Дәрігерлердің қателігі мен салғырттығынан, біліксіздігінен болған адам өлімі туралы телеарналарда жиі айтылатын болды. Мемлекет тарапынан бұл салаға мол қаржы бөлініп жатқанын бәріміз білеміз. Бірақ, соның нақты нәтижесін көре алмай келеміз. Керек дәрі-дәрмек бірде болса, бірде болмай қалады. Әсіресе тұрақты есепте тұрған түрлі созылмалы ауруға душар болғандарға тіптен қиын. Қымбат дәрінің орнына оны ауыстыратын арзанқол екінші дәріні ұсынған дәрігерлер науқастың жағдайын қиындата түседі. Ал ота жасау үшін ақша бермесең ешқандай хирург қолын да былғамайды. Бұл жерде арнайы бөлінетін квотаның өзі көмектесе алмайды. Ота жасау – емнің шұғыл түрі. Адамның өмірі қыл үстінде тұрғанын пайдаланып, ақша тапқысы келетіндер көбейіп келеді. Гиппократ антына адал болу туралы әлемдегі қалыптасқан қағида әдірем қалғалы қашан, оны дәрігерлер қазір еске де алмайды. Тіпті кейбіреулері ол туралы естімеген де шығар. Ақшаң болса аман қаласың, жоқ болса о дүниеге жолың ашық. Бұл туралы кезінде Алматы қаласының бұрынғы әкімі Ахметжан Есімов шаһардағы емдеу мекемелерінің басшыларымен өткізген жиында ашық айтып, ақ халаттыларды жерден алып жерге салғаны есімізде. Соған қарағанда қала басшысының жеке сайты арыздың астында қалған. Ал адамдар бостан-босқа арызданбайды, бәрі де басына түскен қиын жағдайдан соң, жанына батқан соң жазады, олардың дәрігерлерден ала алмай жүрген өші жоқ шығар. Бұған не себеп болып отыр? Біріншіден, бүгінгі дәрігерлер әлеуметтік жағынан нашар қорғалған. Жалақылары төмен, көбі баспанасыз жүр. Тапқандары тіршілігіне әзер жетеді. Бұл – шындық. Екіншіден, үкіметтің өзі оларды науқастардан ақша алуға итермелеп отыр. Біздің Ата заңымыз бойынша адамдарымыз тегін емделуге, тегін білім алуға құқылы. Бұл туралы тайға таңба басқандай жазылған. Соған қарамастан бізде «ақылы қызмет» деген бәлені енгізіп қойды. Соған сүйенгендер тегін қызметтің өзін ақылыға айналдырып жіберді. Яғни, жемқорлыққа өзіміз жол сілтеп бердік деген сөз. Ақылы қызметке көшсек бюджеттен ақша бөліп қайтеміз, әйтеуір де адамдар ақылы емделіп, ақшасы жоқтар өліп жатса. Сонда мемлекет бөлген қомақты қаржы қайда кетіп жатыр? Бір мемлекеттік мекемеде ақылы және ақысыз деген екі түрлі қызмет көрсетілуі қалай? Ол дегеніміз екі қошқардың басын бір қазанға тыққанмен бірдей ғой? Үшіншіден, біз әңгіме етіп отырған сансыз реформаның салдары да жоқ емес. Бір ғана мысал, соңғы кезде «отбасылық дәрігер» деген жаңалық шықты. Енді міне «отбасылық дәрігер» отыратын бөлменің алдында бораннан ықтаған бір үйір жылқы сияқты үйіріліп тұрған науқастарды көресіз. Жаңа туған баладан, жетпістегі қарияларға дейін бәрі осы есікке телміреді. Оның ішінде қатерлі жұқпалы аурумен ауыратындар да бар. Сонда қалай болғаны, бұл жерде сау адамның өзі дерт жұқтыруы мүмкін ғой? Бірақ, бұған ешкім назар аудармайды. Өйткені «реформа» солай! Ал жоғарыдан жасалған реформаға қарсы шығуға болмайды. Ол аз болса, енді емханалар мен осы сала бойынша мамандар дайындайтын жоғары оқу орындарын да жекешелендірмекпіз. Алдындағы бір жекешелендірудің жетістіргенін көргенбіз. Алып зауыттардың өзі сауда-саттық, ойын-сауық орындарына айналып кетті емес пе? Шетелдегі отбасылық дәрігер әрі кетсе, екі-үш жанұяға қызмет көрсетеді. Оның үстіне олар алдымен түрлі медициналық мамандақтарды игереді. Бізде «болсаң да боласың, болмасаң да боласың» деген үстемдік жайлаған. Былайша айтқанда шетелден қалмауымыз керек. Шетел қайда, біз қайда, алдымен соны ойламай ма реформаторлар? Шетелден әкелген «көшеті» біздің топыраққа тамыр жая ма, жаймай ма онымен жұмысы жоқ. Ең бастысы – Елбасының көзіне түсіп, іскер адам болып көрінуі қажет, сөйтіп лажы болса, лауазымын одан әрі өсіруі керек. Басқа ештеңе емес. Ал өмір мен өлім тайталасып тұрған, адамның тағдыры тікелей шешілетін денсаулық сақтау саласы мұндай күрт өзгерістерді көтере алмайды. Сондықтан он рет ойланып, тоғыз рет толғанып бару керек шығар реформа деген жарықтыққа. Алдында айтқанымыздай, қазір жаңалық ашу сәнге айналып барады. Оны өздері ойлап таппайды, тағы да сол сырттан сүйреп алып келеді. Ал, өзіміздің құнды ғылыми жаңалықтар мен өз жағдайымызға орай жасалған жобалардың жолын жабуға тырысамыз. Содан да болар, біздің шенеуніктер шетелге шықты дегенді естісек жүрегіміз қағып, тынысымыз тарыла бастайды. Жоқ, халықтың ақшасын босқа шашқанын айтпаймыз, барсын, көрсін, үйренсін. Сыртқа шыққан сол шенеунігіміз сорымызға орай тағы бір «тосынсый» жасап жүре ме деп қорқатын болдық. Өйткені ондай «тосынсыйдың» түбі қайда апарып соғатынын жақсы білеміз. «Әрі-бері жолына кеткен қазына қаржысы – садақа, тек тағы бірдеңе ойлап таппай, тыныш қана оралса екен!» – деп Тәңірімізден тәулік бойы тілейтіндей күйге жеттік. «Анау елде анандай, мынау мемлекетте мынандай, біз де соған көшеміз!» десе не айтамыз? Жазған құлда жазық жоқ демекші, амалсыз айтқанымен жүріп, айдауына көнеміз-дағы. Өйткені ол – министр! Оның үстіне, анау-мынау емес, шетелге шығып біліп, көріп келген шенеунік. Ал, біздегі ұғым бойынша шетелдегінің бәрі жақсы, оларда кемшілік деген атымен жоқ. Міне, біздің түбімізге жетіп отырған осындай ұстаным, осындай көзқарас. Сонда біздің өзіміздің ойымыз, өзіміздің жеке пікіріміз, әрі-беріден соң өзіміздің басымыз жоқ па?.. Зейнолла АБАЖАНОВ "Қазақ үні" газеті