Ердоған уәдесінде тұра ала ма?
2016 ж. 16 наурыз
2293
0
Өткен жексенбі күні Анкарада орын алған ірі терактіден кейін Түркияның президенті Реджеп Тайип Ердоған «жауды тізерлетіп қоюға», ал күрдтерге «осы оқиғаның зардабын шегуге тура келтіруге» уәде берді.
Бұл туралы Informing ақпарына сүйенген ras.kz хабарлады.
Түркиядан келіп түсіп жатқан соңғы ақпарларға қарағанда, барынша өткір бола түскен текетірестің соңы үкімет әскерлері мен күрдтер арасындағы азаматтық соғысты ушықтырып жіберетін сияқты. «Росбалт» агенттігінің сарапшылары осындай қауіп пен болжам білдіріп отыр.
Анкараның орталығында 13 наурыз күні болған жарылыс 37 адамның өмірін қиды, тағы 125 адам әртүрлі дене жарақатын алды. Президент Ердоған мұны «Түркия мен оның күллі азаматтарына жасалған шабуыл» деп бағалады.
«Күрестің құралы ретінде террорды қолға алатындар ешқашан Түркияны тізерлете алмайды. Керісінше, олардың өздері тізерлеп отыратын болады», – деді сейсенбі күні Ердоған Анкараға мемлекеттік сапармен келген Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиевпен бірлескен баспасөз мәслихатын өткізген кезінде.
Жарылыс орын алған бойда билік мұның бәрін күрдтердің ұйымдастыруы мүмкін екенін мәлімдеді. Түрік арнайы қызметінің Hurriyet газетінде жариялаған хабарламасында жарылғыш қондырғы жатқан және халық көп жиналған жерде жарылған жүк машинасының ішінде бір еркек пен бір әйел болған. Мұндағы әйелдің кім екені қазір анықталды. Ол Түркияның батысындағы Балыкесир қаласы университетінде оқыған, 2013 жылдан Түркияда тыйым салынған Күрдістан жұмысшы партиясы ұйымының мүшесі болған әйел екен.
Сарапшылар Сирия жерінен Ресей әскерлері кеткеннен кейін аймақтағы ахуалдың бұрынғыдан бетер шиеленісіп кететінін болжайды. Осы тұста Түркия армиясы өз елінің территориясындағы күрдтерге де, Сириядағы күрд анклавына да жаңа соққы беруді бастады.
Кеше түрік әуе әскерлерінің соққысынан 45 күрд көтерілісшісі қаза тапты.