«Ақ жолға» ел ықыласы ерекше
2016 ж. 16 наурыз
2223
0
Парламент Мәжілісіне депутаттыққа үміткер ретінде тіркелген белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты және Есенин атындағы сыйлықтың – «Алтын күз» орденінің иегері, «Ақ жол» ҚДП төрағасының орынбасары Қазыбек Иса таяуда Оңтүстік өңіріне арнайы ат басын бұрды.
Аймақтағы сапарын Сарыағаш қаласынан бастаған үміткер мұндағы М.Әуезов атындағы орта мектепте қала тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесу барысында Қазыбек Иса «Ақ жол» партиясының ҚР Парламент Мәжілісінің 5-шақырылымында атқарған жұмыстарына шолу жасап, партияның сайлауалды бағдарламасымен таныстырып өтті. Сонымен бірге қазіргі әлеуметтік-саяси жағдайларға қатысты қойылған сұрақтарға жауап берді. Қала тұрғындары өздерін толғандырып жүрген мәселелердің бірі – мектеп оқушыларының ұялы телефонға тәуелді болып кеткендігі, мұндай тәуелділіктің ақыры талай оқушының тәрбиесіне, оқу үлгеріміне кері әсерін тигізіп жатқандығын тілге тиек етті. Сонымен қатар, бұл тығырықтан шығар жол турасында да тұщымды ойлар айтылды. Кездесу соңында халық «Ақ жол» партиясының жұмысына сәттілік тілеп, сенім білдірді.
Үміткердің сапары одан әрі Жетісай қаласында жалғасын тапты. Үш жүз адамдық зал лық толған бұл кездесуде өңір жұртшылығы қоғамдағы өзекті мәселелерді ашып айтты. Кәсіпкерлікпен айналысатын өңір болғандықтан, Қазыбек Иса партия бағдарламасындағы «Бизнесті қорғау және кәсіпкерлікке бұқаралық сипат беру» атты бөлімге кеңінен тоқталды. Сонымен қатар, партияластарының білім саласындағы кемшіліктер мен жемқорлық, парақорлыққа қарсы қалай күресіп жатқандарын айтқан ол кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіріп отырған мәселелер туралы да ой қозғады.
Басқосуда «Ақ жол» партиясының ОҚО бөлімшесі қабылдау бөлімінің жетекшісі Б.Төлентаев және тағы басқалар сөз сөйлеп, аталмыш партияның кәсіпкерлікті қолдап, ел экономикасының дамуына ықпал етіп отырғандығын құптады. Сол сияқты ұлттық мүддені берік ұстанып, Алаш идеяларын насихаттап жүрген «Ақ жол» партиясының ел игілігі жолында атқарып жатқан жұмыстарына табыс тіледі.
Кездесу барысында спорт мектебінің директоры ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, жоғары дәрежедегі төреші Махмұт-Бақыт Жаңбырбаев Мақтарал өңіріндегі білім саласына қатысты мәселелерді көтерді, жетістіктермен қатар білім алуда кездесіп отырған кедергілер туралы да айтып өтті. Ел ағалары Тойым Жүнісов, Бегім Серіковтер «Ақ жолға» ақ тілек айтып, аудандық аналар алқасы төрайымы А.Қоңырбаева қолдауын білдірді. Әсіресе, «Нұр Отан» партиясы мүшесі, «Ынтымақ» ауылдық қоғамдық кеңес төрайымы Шәрипа Әлиханова арнайы келіп, депутаттықтан үміткер Қазыбек Исаның жырларын жатқа оқып, шын жүрегінен шынайы тілегін білдірді. Осылайша ақжарма тілектерін ақтарған ауыл жұртшылығына ақын да өз ризашылығын жеткізді.
«Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса мен облыстық мәслихат депутаттығына кандидат Амангелді Сопбеков Шардара ауданы Қоссейіт ауылының жергілікті тұрғындарымен жүздесті. Ауылдың Мәдениет үйіне жиналған халық залға симай қалды.
«Ақ жол» партиясының сайлауалды тұғырнамасымен жете танысқан ел тұрғындары халықтың сөзін сөйлеп, ұлттың ұпайын түгендеп жүрген ұйымды алдағы сайлауда қолдайтындықтарын жеткізді.
Партия өкілінің сапары одан әрі Шардара ауданы Қызылқұм ауылында өтті. Мұнда да жиылған жұрттың қарасы көп болды. Халық өздерін толғандырған мәселелерді бүкпесіз ортаға салды.
Ал, арыстық сайлаушылар алысқа қарайтын саяси белсенділіктерімен ерекшеленді. Тіпті өңір халқы, бұған дейін де, «Ақ жол» атқарған ауқымды істерді атап көрсетті. Сонымен қатар, үміткер Қазыбек Исамен бірге партияның сайлауалды бағдарламасындағы басым бағыттарды да талқылады.
Келелі кездесу кезінде жыл сайынғы Ұлттық бірыңғай тестілеу барысында кететін кемшіліктер мен мектептерде кәсіби білім беру сабақтарының қысқартылып кеткендігі әңгіме өзегіне айналды. Үміткерден алдағы уақытта аталған мәселелерді Мәжіліс мінберінен көтеруге ықпал етуін сұрады. Жиын барысында аймақтың мешіт қауымы жетекшісі Майлан ақсақал мен Садықбек Адамбеков атындағы жалпы білім беретін мектеп мұғалімдері білім саласындағы өзекті мәселелерді көтеріп жүргендігі, ал аналар қауымы ұлттық мүдделерді ұлықтап жүргені үшін «Ақ жол» партиясын сайлауда қолдайтындықтарын айтты.
Ұлылар мекені, ой ордасы – Отырардағы кездесу де Мәдениет сарайында ойдағыдай өтті. Кездесуде Қазыбек Иса «Ақ жол» партиясының атқарған жұмыстарына шолу жасап, елеулі еңбектеріне тоқтала отырып, партияның сайлауалды бағдарламасымен таныстырып өтті. Өз кезегінде отырарлықтар да үміткерге сәттілік тілеп, елдің артқан сенімін ақтай беруіне шынайы тілектес екендіктерін жеткізді.
Аймақтағы кездесулер баршаның көңілінен шықты. Партияның ұсынған бағдарламасын көпшілік қолдап, «Ақ жолға» Ақ жол тіледі.
«Ақ жол» ҚДП ОҚО филиалы баспасөз қызметі
"Қазақ үні" газеті
Материалдың жариялану ақысы "Ақ жол" партиясының сайлау қорынан төленді.