Сайттар үшін ұрлық түбі - қорлық па?
2016 ж. 14 наурыз
3526
0
«Amal Talks» немесе дөңгелек үстелде медиа саласы бойынша қозғалған тақырыптар туралы
Ағылшынның «talks» – яғни әңгіме, пікірлесу, лекциялар сияқты мағынаны беретін бұл алаң не берді? Қазақша айтқанда, талқыға көп тақырып түсті, ағылшынша айтқанда «talks» көп болды, орысша айтқанда толк та бар.
Менің ойымша, алдымен шараның «Amal Talks» атауы арқылы қастер тұтатын Амалымызды насихаттауға мүмкіндік алдық. Экономика, саясат, ғылым мен білім саласында пікір алмасуға болатын, ауқымды коммуникациялық диалог алаңына айналуға деген талпыныс байқалды. Ал ең басты мақсат – ұрпақтар сабақтастығын сақтау. Timur Bektur спикер ретінде айтып кеткендей, ине мен жіп сабақтаспаса, аға буын мен іні буын сабақтаспаса - бәрінен де сол қиын. Екі буын бірін бірі ести алса, бірінің тәжірибесін біріне бірі беріп отырса – ең дұрысы сол. Спикерлердің барлығы да өмірлік тәжірибемен, біліммен бөлісе білудің маңызын көрсетіп берді...
«Ұрпақтар сабақтастығы: дәстүрлі БАҚ пен жаңа медианың серіктестігі» атты дөңгелек үстелге журналистикада, медиа және блог саласында тәжірибесі бар мамандар қатысты. Аға буын және іні буын. Дәстүрлі медиа және жаңа медиа. «Аға тұрып іні сөйлегеннен без» деген ұстанымды мықты ұстанатын қазақпыз, кіші буын аға буынға ақыл айтып өзеуреген жоқ. Екі жақ та конструктивті диалог құруға тырысты. Десек те дәстүрлі медиадан бастау алатын жаңа медианың айтары көптеу болды. Қазіргі заманға бейімделу қажет екендігін, ақпаратты берудің жаңа стильдері мен тың технологияларын алға тартады. Әрине жаңаның аты жаңа. Бірақ дәстүрлі медиа өкілдері де газеттердің қоғамдағы рөлінің жоғары екендігіне баса назар аударды. «Айқын» республикалық газетінің редакторы Нұртөре Жүсіп «Құстың қос қанаты секілді газет те, интернет те дамысын. Екі мектепке бөліп қарастыру – қауіпті тенденция» екендігін атады.
«Мінбер» журналистер қорынан келген медиа маман Асхат Еркімбай да негізі екі мектеп деп бөліп қарастыруға қарсы. «Біз ешқандай да екі мектептің өкілі емеспіз. Біз бір медиа саласында жүрген аға буын мен кіші буынбыз. Болашақта жаңа медиа ықпалының арта түсері сөзсіз. Жаңа медиада дайын тұрған сәтті жобаның ешқандай үлгісі жоқ. Дәстүрлі медиада болған проблемалар жаңа медиада да көрініс тауып отыр. 5-10 жылдан кейін ол одан сайын еселене түсуі мүмкін. Жаңа медиа - дәстүрлі медианы айқындап, оның ерекшелігін одан сайын жақсырақ көрсете алатын, қосымша күш беретін функционалдық мүмкіндіктер. Біз қаласақ та, қаламасақ та қарапайым бағдарламалау тілдерін, ағылшын тілін, технологияны меңгеруіміз керек. Алдымызда жаңа аудитория келе жатыр. Олардың талабына жауап беру керек. Әзірге 5-10 жылдай уақыт бар. Одан кейін әлдеқайда қиын болып кетеді», - деді Асхат Еркімбай.
Кейіпкерлер қайда кеткен?
«The Open Asia» порталының өкілі, медиа маман Назгүл Қожабекова қазақ журналистерінің тым абстрактілі нәрселерді жазуға деген әуестігін атап көрсетті. Оның пікірінше, белгілі тақырыптар шеңберінен шықпау, «қазағым, қайда барасың?», «қазақ қор болып жүр», «қазақтың тілі», «қазақ қызының тәрбиесі» сияқты тақырыптарды ғана қаузай беру - көп ретте қазақ журналистикасына тән. Оның үстіне, материалда адам, яғни кейіпкер жоқ. Дөңгелек үстелге қатысушылардың айтуынша, риторикалық сұрақты қойып отыра беру де - қазақ журналистикасының мәселесі. Тақырыпқа жан - жақты келу, зерттеу, нақтылық жетіспей жатады. Журналист Жұлдыз Әбділдә «Газеттерде әншілер туралы жаза беруді тоқтату керек» - деді. «Газет беттерінен әншілер кетсе, рейтинг тіптен құрдымға кетеді, газетім өтпей қалады» - деп бір ағамыз бірден уайымын білдірді. Онысы енді рас. Әншілер туралы оқып, көріп, кімнің қандай көйлек киіп, қандай көлікпен жүргеніне аузымызды ашып отыратын күйге жеткесін амал жоқ, жағдай осы... «Әр редактор өз журналисіне талап қою керек. Өз өнімін жасауға ұмтылсын. Ең қарапайым интервью жанрын алайықшы. Осы күндері сұхбатты да ватсап арқылы алатын журналистер бар. Сол адамның өзіне барып, сұхбат алып, сұхбат дайындау қалып бара жатыр», - деді Жұлдыз.
Ұрлық түбі – сайттар үшін қорлық па?
Ұрлық – бір сайттардың түбіне жетіп, екінші біреулеріне «табысқа жетудің даңғыл жолын» ашып беріп отыр. Онлайн медиада өзгенің дайын өніміне сұқтанып, сұраусыз қағып кетіп, біреудің материалдарын ұялмай қызармай ұрлап алып, көшіріп басып отыратындар көбейіп келеді. Сілтеме жасамайды, мақала, жаңалық, фото және видео авторының атын көрсетпейді. Бұл - адами тұрғыдан арсыздық әрі кәсіби этиканың жоқтығы. «Жиендік жасап», гүрлеп жүрген сайттар көп. Ербол Азанбек «контент ұрлығының журналистиканың дамуына теріс ықпалы зор» - дейді. Сапасыз контент, әлгіндей «нашар» қылықтар, бір сөзбен айтқанда қазақ журналистикасының имиджі – жарнаманың келуіне кедергі. «Жарнама жоқ» деп жылаймыз сосын... Расында да, қазір контент жасаушылар көп. Интернет – жазам, түсірем, контент істеймін дейтіндерге жақсы алаң болып алған. Бірақ...контент - кез - келгеннің қолжаулығы болып бара жатыр. Бұл да дағдарыстың бір түрі. «Хабар» агенттігінің арнайы бағдарламалар бөлімінің өкілі, блоггер Өркен Кенжебек журналистің орта жасына алаңдаушылық білдірді. «Көбіне кәсіби журналистер атағы шыққан соң, басқа салаларға, баспасөз қызметтеріне кетіп қалып жатады. Бұл – жақсы тенденция емес. Мұнан басқа оқырманымыз бен көрерменіміздің кім екендігін нақты білмейміз. Экранға телмірген қария ма, бала ма? Сондықтан көп ретте электронды БАҚ не болса, соны салып отырады. Аудиторияға бағытталу, нақты оқырманды табу, өз аудиторияңыздың шегін анықтау – маңызды», - деді ол. Қарағандылық медиа маман Гүлім Оразбаева да аудиторияны зерттеп алудың маңызын атады. Оған қоса, салалық журналистиканы дамыту керектігін тілге тиек етті. Әрине, басқа да медиа мамандары сөз алды, өз пікірін білдірді.
Дөңгелек үстелге қатысушылар қарар да қабылдады. Онда:
- Растығы анықталмаған, түбі шикі ақпаратты нақтылығына көз жеткізбей тұрып жарияламау; - Интернет ресурстарындағы немесе әлеуметтік желілердегі жекелеген авторлардың өз ойларын ақпараттық өзек ретінде алып, оның жеке рұқсатынсыз мақала түрінде жарияламау; - Жұртшылық алдында жауапкершілікті сезіну, контенттің өзектілігі мен қажеттілігіне, сапасына мән беру сияқты мәселелер қаралған.
P.S. Әрине, қағаз газеттердің әп сәтте онлайнға көше қоюы, жаңа медиа талаптарына жауап беруі оңай шаруа емес. Әлде де болса, дәстүрлі басылым иелерінде психологиялық барьер байқалады. Яғни жаңа медиаға тосырқап қарап отыр. Оған қоса жаңа технологияларды меңгеру үшін де жағдай керек. Әсіресе, аудандардағы кейбір әріптестерге оңай соқпасы анық. Баяғы кассеталы диктофонды, ескі кірпіш телефонды ысырып, мультимедиялық журналистиканың маманы болып шыға келу керек. Оны барлық журналистің жағдайы көтере ме? Қайдам...Ал басшылықтың көзқарасы қандай болмақ? Бұл да бір мәселе және бөлек тақырып... Ал негізі... мұндай диалогтар өте керек. Ізденіске жетелейтін, мотивация беретін диалог...
Алтынгүл Меңдіхан "Лада.kz" Суретті түсірген Ақсындар Табылды